« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгінде теледидарды қосып қалсаң, болды түрлі жағдайлардың куәсі боласың. «Атып кетіпті», «зорлапты», «тонап кетіпті» деп толассыз айтып жатады. Құлағымыз да, етіміз де үйреніп кетті. Үйренгеніміз соншалық, тіпті, қанды оқиғалардың бірі деп бейжай қарайтын дәрежеге жеттік. Барлығы жан-жақты дамыған заман мен технологияның жеті атасын меңгерген қоғамда ешнәрсе ешкімге тансық емес. Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, әлпештеп өсірген ұлың мен қызың бірі намысын жоғалтып, бірі арын сатып күнелтуде. Жетесіз, қайырсыз ұл әкесі мен шешесін жәутеңдетіп қарттар үйіне жіберуде. Тіпті, ата-анасын өлтіріп, көміп тастап жатқандар қаншама? Балаларымыз неге мұншалықты қатыгез болды екен? Тәрбиенің әлсіздігі ме, әлде алпауыт қоғамның әсері ме? Әркім әртүрлі пайымдайтын болар. Менің мақсатым – өз ойымды жеткізу.
Ақшаның құлы болып жүрген заманда адамдардың құлқыны да ашылып, болмысы да өзгеріп барады. Лас дүниеге былғанып, рухани құлдырай бастады. Тіл мен дінге, әдебиет пен мәдениетке деген немқұрайлық белең алып кетті. Рухани құндылықтан айырылған, һәм жұрдай болған елдің рухының мықты болмасы анық...
Бұл күндері адам да, қоғам да өзгерді. Жанашырлық, қайырымдылық деген қасиет қалмады. Көшеден құлап жатқан біреуді көрсек, артымызға қайырылып та қарамаймыз. Мүмкін денсаулығының әсерінен құлап жатқан шығар? Көзіміздің қиығымен қарап «сорлы өлгенше ішкені несі, обалы жоқ» деп кете береміз. Қатыгездік пен өзімшілдік, өзге үшін бас ауыртпау пиғылдары қанымызға сіңіп бара жатыр. Ақша үшін кез келген нәрсеге, тіпті, адамның жанын алуға дейін баратын болдық. Қу құлқынның құлы болғанымыз сол ар-намыс секілді құнды қасиеттерімізді жоғалтты.
Қазір кішкентай бүлдіршіндерге зорлық жасайтын педофилдердің қатары да көбейді. Анасын өлтіріп, жертөлеге көміп тастаған қанішердің сюжетін жаңалықтар күн сайын көрсетуде. Ащы судың құлы болып, өзін ғана емес, өзгенің өміріне балта шауып жатқандар қаншама? Тере берсең, шындықтың тереңіне бата бересің. Мұндай жантүршігерлік оқиғалар өкінішке орай, қоғамымызда азаймай тұр. Осының бәрі дерлік тәрбиенің дұрыс берілмеуі, әлсіздігінен болар. Себебі, күні бойы жұмыста жүретін ата-ана баласының немен айналысатынын, не нәрсеге қызығушылығы бар екеніне аса мән бермейді. Кешке келгенде аман-есен алдыңда құлдырап жүргенін көріп ентігін басады. Әрине, қай ата-ана болса да, баласының жақсы азамат болып өскенін қалайтыны анық. Алайда, қарбаласқан күйбең тірлік кейде балаға қарауға мүмкіндік бермей жатады. Сондықтан да болар, көпшілік жұрт балабақшаның берген тәрбиесіне иек артады. Салмақтап қарайтын болсақ, балабақша оқып үйренуге, көпшілікпен араласуға жақсы шығар. Бірақ ол жерде берілген тәрбие балаға аздық ететінін естен шығармауымыз керек.
Баланы үнемі мейірімге бөлеп, саналы етіп тәрбиелеу ата-ананың парызы. Тәрбиенің негізгі мәйегі сүйіспеншілік пен мейірімділікте екенін ескерсек, баланың арқасынан қағып, басынан сипап, жіберген қателігі үшін бірден жазаламай, оны түзеуге тырыссақ, бала үшін одан артық жақсы әсер жоқ. Өйткені, үлкендердің маңдайынан сүйіп иіскеуі, құшағына алып тербетуі балаға оң әсерін тигізеді. Мұндай іс-әрекеттің астында сөзбен жеткізе алмайтын қаншама сезім бар. Зерттеушілердің айтуынша, мейірімге бөленбеген, үлкендердің жан жылуын сезінбеген бала түрлі психологиялық ауруларға ұшырайды екен. Сондықтан өмірде әрбір бала мейірімге бөленіп өсуге қақылы. Осы ретте, баланы ұрып, қорқытып тәрбиелеймін деген жаңсақ ойдан аулақ болған да дұрыс шығар. Бұл жақсы тәрбие болмайды, керісінше, сол баланың қатігез болуына немесе қорқақ болуына ықпал етеді. Мынадай алпауыт заманда осы секілді бала тәрбиесінде кемшін түсіп жатқан тұсымыз көп. Мұның салдары бір ғана емес, барша адамға, қоғамға тиюде. Яғни, балаларымыздың қатыгез, безбүйрек болып өсуі осы тәрбие берудегі осалдығымыздан туындап отырған жайт.
М.ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |