« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Ұлы жолдың бойындағы Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылында 300-ден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауыл әкімдігінің әдіскері Дәулет Әбдиевтің айтуынша, мұндағы екі шаруашылық халықтың негізгі жұмыс көзіне айналған. Егін шаруашылығы жолға қойылған. Ақтөбеде тұрғындарға қажетті басқа кәсіп түрлері де дамып келеді.
– Жыл басынан бері ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы 55 млн 545 мың теңге көлемінде несие алды. Оның ішінде 5 адам қой шаруашылығын дамытуға, үш азамат жылқы малын көбейту мақсатында қаржы сұраған. Сонымен қатар, бір азамат ауылдан автокөлік жөндеу орталығын ашты. Бір азамат жүк тасымалын қолға алды. Қайтарымсыз грантқа ауылдың үш тұрғыны қол жеткізді, – дейді Д.Әбдиев.
Бұрын-соңды жұртшылық көлігін өзі жөндеп, болмаса қалаға сабылатын. Ал қазір от алмаған «темір тұлпарды» сүйретіп Бауыржан Аяповқа апарады. Жасынан жаңашылдыққа құмар жанның көлік жөндеу орталығы да ерекше. Автоматты ашылатын есіктің өзі елге таңсық дүние көрінген. «Қазір мұндай да болады екен ғой» деп Бауыржанның батыл қадамына тәнті болып жүр. Көлігінен ақау шыққанның үйіне барып жөндеп, өзі табан тоздыратын еді. Енді арнайы орталығы бар.
– Осы кәсіпті бастағаныма жеті жылдан асыпты. Бастапқыда жолдастарымның машинасын жөндеп, қарап беруден басталды. Бертін келе хоббиіме айналды. Неге осы жұмысты қолға алмасқа деген ой келді. Жоспар құрып, жобаға қатысуға бел будым. Нәтижесінде «Микрокредит Қызылорда» қаржы ұйымынан 2 миллион теңге көлемінде қаражат алып, жұмысымды бастадым, – дейді ауылдағы тұңғыш шеберхананың иесі.
Барды ұқсатып, тірлікті әлдеқашан бастап кеткен Бауыржанның қолы жүріп тұр. Жан-жаққа мойын бұруға шамасы жоқ. Кәсіпкерліктің қиын жол екенін айтқан ол дер кезінде шешім қабылдап, мемлекеттік бағдарламаға қатысқанын айтты.
– Несиеге қажетті заттарымды алдым. Алдағы уақытта осы кәсібімді үлкейту жоспарда бар. Оның қасына көлік жуу, желімдеу орталығы секілді орындар ашқым келеді. Себебі, жөндеу орталығы тұрған жерде осы қызметтер де көрсетілу керек. Көлік жөндеудің бағасы да қолжетімді. Таныстар, естіген-көргендер, бұрыннан келетіндер де тұрақты тұтынушым. Әне, ана жердегі машина бүгін бітуі керек. Содан соң мына қызыл машина. Қораның артында тағы біреуі тұр, – дейді Б.Аяпов.
Расымен, ауланың іші көлікке толы. Тұрғындар да дән риза. Қалтаға қонымды бағада сапалы қызметін ұсынатын жерлестерінің жетістігі үшін ақтөбеліктер қуанышты.
Бұдан бөлек ауыл тұрғыны Айдана Жүнісова «Адина» атты сән салонын ашты. Мұның өзі – тың идеяның қанатқақты жобаға айналып, өрге басқан кәсіп болатынының дәлелі. Салонда қызметтің барлық түрі бар. Мәселен, шаш сәндеу, бояу, қию, бет әрлеудің барлық түрі, сондай-ақ тырнақ сәндеу де бар. Ал бұл қызметтің бәрін кәсіпкердің өзі-ақ атқарады.
– Ауылда қол қусырып отырмай, кәсіп ашайын деп ойладым. Жақындарымның қолдауының арқасында осындай жетістікке жеттім. Сән салондарынан тәжірибелі мамандардан көп үйрендім. Әдепкіде тұтынушыларды үйден қабылдап жүрдім. Уақыт өте жоба әзірлеп, 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несиені ұтып алдым, – дейді А.Жүнісова.
Ауладағы қосалқы үйден шаштараз ашып, кәсібін жолға қойған оның ынта-ықыласы биік мақсаттарға жол сілтегендей. Екі баланың анасы кәсіпке де, үй шаруасына да уақыт табады. Үлкендер жағы бала бағуға жәрдемші.
– Кәсіппен айналысу кез келгеннің қолынан келеді. Бастысы – ниет. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өзін-өзі қамтуға кеңес беремін. Нарықтық қоғам «алма піс, аузыма түс» деп жатуды көтермейді. Бұл – мен армандаған ойдың бірінші сатысы. Ендігі мақсат – осы кәсіпті одан әрі кеңейту. Сосын ауыл жастарын жұмыспен қамту, – дейді жас кәсіпкер.
Дәулет ҚЫРДАН.
Қармақшы ауданы.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |