« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кәсіподақтар күні мерекесіне орай «Кәсіподақтар жаңғыру жолында» тақырыбында ІІІ облыстық кәсіподақтар форумы өтті. Форумда осы саланың негізгі міндеті – жұмыскерлердің әлеуметтік мүддесін қорғау және ілгерілету бағытындағы әріптестік аясын кеңейту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тәжірибе алмаса отырып, тың бастамаларды қолдау мәселелері сөз болды. Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, мұнай-газ кешені қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподағы төрағасы С.Қалиев қатысты.
Форумда сөз алған облыс әкімінің орынбасары жиынға қатысушыларды төл мерекесімен құттықтап, бүгінгідей төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде еңбек нарығын тиімді пайдалану, уақыт талабына сай жұмыскерлердің әлеуметтік мүддесін қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің тұрақтылығын нығайтуға және өсіп-өркендеуіне бағытталған басымдықтарды атап айтты. Бұл орайда мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға, үкіметтік емес ұйымдарға ортақ міндеттер жүктеді. Онда еліміз үшін ең басты құндылық – қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыруға айрықша мән беру қажеттігі айтылды. Бұл бағытта кәсіподақтар саласының да алдында тұрған міндет ауқымды, – деді Н.Байқадамов.
Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподағы төрағасы С.Қалиев бүгінгі таңда 120 жылдық тарихы бар Қазақстан мұнайы саласы жұмыскерлердің заңды құқығын қорғау мен әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруда көп жылдан бері қалыптасқан тәжірибесі бар екенін айтты. Мұнай өндірісінің әлеуеті жағынан алдыңғы қатарлы елдер санатында болсақ та соңғы жылдары бұл салада жұмыс көлемі азайып, жұмыскерлердің әлеуметтік мүддесін қорғауда біршама мәселелер туындап отырғанын жасырмады. Жалпы қазақстандық қоғамдағы кәсіодақтың деңгейі қандай, бүгінгі еңбек нарығында бәсекеге төтеп бере аламыз ба деген сауалдар төңірегінде ойын ортаға салды. С.Қалиев кәсіподақтармен әділ әрі ашық қарым-қатынас орнату арқылы әрбір жұмыскердің өз құқығын батыл қорғай білуі қажеттігін айтты.
Аймақтың медицина саласына айрықша еңбегі сіңген қоғам қайраткері Тұрғанбай Маханов қазіргі қоғамда жаңа жұмыс түрлері пайда болып, сұраныс пен бәсекелестіктің арта түскенін, еңбек адамдарының құқығы мен жауапкершілігін қалыптастырып, әлеуметтік мәселелерін шешуде жаңаша міндеттер туындап отырғанын атап өтті. Осы орайда кәсіподақтардың жұмысына да тың бастамалар қажеттігін айтып, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін қалыптастыруда жан-жақты жұмыс жасауға шақырды.
Форум жұмысын облыстағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сермағамбетов жүргізді. Жиын мазмұнына сәйкес өз ойын білдірген Серік Сағитжанұлы облыс әкімдігі мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өзара әріптестік байланысы арқылы жоспарлы, жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын атап өтті. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі әлеуметтік әріптестермен еңбек саласын жаңғырту жөніндегі ортақ жауапкершілік аясында уақыт талабына сай жаңа жағдайларға бейімделе отырып, жұмыскерлерге лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қолға алынатынан хабардар етті.
Форум қорытындысында «Тұрақты қоғам – тұрақты ел» қағидасын басшылыққа алып, қоғамның әл-ауқатының артуына бірлесе жұмыс жасауға шақырған қатысушылардың Үндеуі қабылданды.
Жиынның соңы салтанатты шараға ұласып, Қазақстан республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері», «кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» «Қазақстан мұнайына – 120 жыл» төсбелгілері, сондай-ақ, «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттары», салалық кәсіподақ ұйымдарының марапаттаулары табыс етілді.
Айта кетейік, Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қазіргі таңда 11 салалық кәсіподақтарда 1035 бастауыш кәсіподақ ұйымдарын, онда 96080 кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отыр.
Ғазиза ӘБІЛДА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |