«Қазақ тілі» қоғамының төрағасын қабылдады

Бұған дейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған болатын. Қабылдауды биыл ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғанына және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 30 жыл толуына орай облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Сәдуақас Аңсат та болды.
Төраға жыл аяғында Қоғамның құрылтайы өтетінінен де хабардар ете отырып, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының атқарып жатқан жұмыстары мен мемлекеттік тілдің өз құзіретінде жұмыс жасауына кедергі келтіретін мәселелерді де әкімнің назарына жеткізді.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде...»,- деп мемлекет тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бетбұрыс жасаған Президент Қ.Тоқаев өзінің мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келді деп есептеймін», – деп өз ұстанымын білдіргені белгілі. Облыс әкімі бұл орайда қазақтың қалың ортасы болып саналатын Қызылорда өңірі белсенділік жасауы керек екенін және Сыр елінің жаңалығы мен жақсы істерінің жаршысы болып жүрген республикалық «Тіл сақшысы» газетін қолдауға тапсырма берілетінін де айтты.
ҚОҒАМ 11 қазан 2019 г. 756 0