АУЫЛДЫ ГҮЛДЕНДІРГЕН «АБАЙ-ДӘУЛЕТ»

Қызылордаға жақын маңда орналасқан Сырдария ауданының «Бесарық» аулы бүгінде әлеуеті зор, ауыл шаруашылығы жан-жақты жанданған, берекесі мен мерекесі жарасқан «түгін тартсаң май шыққан» жерге айналып отыр. Туған жерінің туын жоғары ұстап, ауылға өркениет әкелген, табысын тайқазанда тасытқан ағайынды Мұрат, Марат, Дәулет Сәрсенбаевтардың еңбегі екенін ел жақсы біледі. 

Ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар ғана туған жерді төсін түлете білсе керек-ті.  

Ағайынды Сәрсенбаевтар – міне, дәл осы талаптан табылған азаматтар.

Алғаусыз жүректен айтылған сөз

Ел дәулетін еселеген «Абай-Дәулеттің» басшысымен әңгіме­лес­кенімізде біз жас азаматтың үлкен ой қозғаған сөздерін естіп, риза болдық.

Сол ризалық пейіліміздің белгісіндей болған кездесуіміздегі менің бірсарынды сұрақтарымды түрлендіріп жіберген оның жауабын ғана қағазға түсірдім.

***

... Азаматты өсіретін – елдің тілегі, халықтың батасы.

Ауыл адамдарымен әркез араласып, жақын жүргенді жаным қалайды. Қайтыс болған кісілердің отбасына көңіл айту, қуаныштарына ортақтасу – қарапайым адамдық парыз. Мұндай нәрселерді айналып өтуге болмайды. Пайдасын алып, келесі күзге дейін ауылға төбесін көрсетпей кететін кәсіпкерлер де кездеседі. Инвестор көңілінен шықпаса  жер егесінің келісім-шартты бұзуға құқы бар. Сондықтан жеке кәсіпкер кімнің арқасында табысқа жетіп жүргенін естен шығармауы керек.

 Елімізде тәжірибесін пайдаланып, жақсы істерін жадымызға тұтатын шаруашылықтар көп. Табысын тасытып, тасын өрге домалатып отырған Алматы облысындағы кәсіпкер-меценат Бауыржан Оспановтың аулынан үйренерлік іс жетеді. Қазақ­станның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы табыс көлемін жыл санап арттырып, республикадағы бай шаруашылықтардың алдыңғы сапына шықты.

Бір таңғаларлығы, «Родина» аулы тұрғындарының есігінің алды 6-ақ сотық жер екен. Олар осы тулақтай жерден түйеге теңдейтін бақша, жеміс өнімдерін алып отыр. Бұл – енді біздің жұртпен салыстырғанда нағыз үлгі тұтарлық іс. Бізде  пайдаланам деген адамға жер жетеді. Бірақ артып дақыл, төгіп жеміс алып отырған кім бар?

Ойдан ой туды, алдағы уақытта серіктестік есебінен аулымыздың ақсақалдарын осындай табысты ауылдарға апаруды жоспарладық. Жақсыны көрсін, елге келіп, жерлестерімізді тиімді еңбекке үндесін. «Қарты бардың қазынасы бар» деген, біздің мың ауыз айтқанымыздан ақсақалдардың бір ауыз сөзі берекелі.

Бұл – «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Мұрат Сәрсенбаевтың айтқаны.

Бағыты айқын, бағдары анық

«Абай-Даулет» ЖШС көпсалалы ауыл шаруашылығы компаниясы клас­терлік экономика бағытын ұстанып келеді. Компанияның негізгі бағыты – Сыр жерінде бұрын­нан қалыптасқан күріш өндірісі болғанымен, ол шаруашылықты әр­тарап­тандырған серпінді серіктестік.

Егін, мал шаруашылығы, бал арасы, бақша шаруашылығы, т.б. қатар жолға қойылған.

Таза ауыз су скважинасы бұрғы­ла­нып халықтың пайдалануына берілді. Жобаның жалпы құны 300 млн теңгені құрады. Алдағы уақытта таби­ғи жайылым қолға алынып, тері, жүн өңдейтін цех ашу жоспары бар екен.

Еуропа мен Ресей арасындағы санкцияға байланысты Ресей Еуропаға газ бермейтін болғанын білеміз. Газға мұқтаж елдердің бірі Польша мемлекеті осы тығырықтан шығар жол іздеп, қолда бар өнімнен отын жасап шығара бастаған. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, көптеген зауыттар халыққа қолжетімді бағада тұрғын үйлер мен мекемелерге «гранула отын» жағатын пештерді өзіндік құнынан арзандатып жасап берген. Польша отын мәселесін осылай шешіпті.

Осындай нәрселерді ескере отырып, «Абай-Дәулет» ЖШС алдағы уақытта күріш сабанынан гранула түріндегі отын жасауды жоспарлап отыр. Қызуы жағынан көмірден кем болмайтын күріш сабанынан жасалған гранула түріндегі отын жасауды қолға алар болса, біріншіден, ауылдарда жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Екіншіден, қымбат бағамен келетін көмірдің орнын арзан өніммен алмастыруға болады. Үшіншіден, сексеуіл, жыңғыл және басқа да ағаштарды бей-берекет пайдалану азайып, қоршаған ортаның сақталуына септігі тимек. Төртіншіден, топырақтың құнарлығы бұзылмай, ауа да ластанбайды.

Бұрын жарамсыз зат саналатын күріш сабаны осылайша пайдаға асатын болады. Бұл – қалдықсыз жұмыс істеу тәсілінің жолы.

Қалдықсыз жұмыс қалтаға табыс түсіреді

«Абай-Дәулет» ЖШС Қызылорда қаласындағы 10 жыл бойы қараусыз қалған зауытты күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосты.  Алғашында 7-8 адам жұмыс жасайтын зауыт жұмысшыларының саны бүгінде 80-ге жеткен.

Жұмыс бар жерде, жарамсыз қалдықтың шығатыны белгілі. Қазіргі уақытта күріш егетін мекемелер егіс алқабында қалған масақ пен күріш сабанын өртеп жібереді, басқа жолын қарастырмайды. Бірақ, оның үлкен зияны бар, ең бастысы, топырақ құрамындағы органикалық минералдар жоғалады.

Ал, біз айтып отырған бұл зауыттың жұмыс үдерісі қалдықсыз жұмыс істеуге негізделген. Күріш салысы зауытқа түскеннен бастап бірінші қауызынан тазартылып, содан кейін ақтауға алынады. Ақталған күріштің өзі бірнеше електен өткізіліп, майдалары бөлек екшеледі. Одан әрі дайын болған өнім жуылып, кептіріліп барып қапталады. 

 Ал, күріш қауызы қайда кетеді? Ол өңделмеген күйінде жарамсыз болып табылады. Қара жерге тастаса шірімейді, қауыз күйінде оны мал жей алмайды. Сондықтан серіктестік басшылары күріш қауызын кәдеге асырудың жолдарын іздеп, шет елдік тәжірибелерді зерттеді.

Австралия мен Жаңа Зеландияда күріш қалдықтары қосылған құрама жемнің жоғары бағаланатынын білді. Мұндай жем жеген мал ағза ауруларына ұшырамайды екен. Бұрын арпа, сұлы, бидай және басқа да дақылдар қосылған жем малға ауырлық қылып, көтере алмай, малдың өлім-жітіміне жол берілген кездер де ұшырасқан. Ал, күріш құрама жемін пайдаланғалы мал шығыны 70-80 процентке дейін азайыпты.

Жемге қосу үшін күріш қауызын қатты қысыммен майдалау керек. Кәсіпорын шетелден осындай жұмысты атқаратын арнайы аппарат алдыртып, бұрын пайдаланылмай келген күріш қауызын пайдаға асырып отыр.

Міне, қалдықсыз жұмыс істеу дегеніміз – осы.

 

Балаға жұмсалған қаржы – бақыт қорына салған ақша

Қызылорда қаласындағы «Зияткер» мектебінің ағылшын және физика, математика пән мұғалімдері ауыл мектебіне аптасына үш мәрте келіп, сабақ өткізеді. 

Сондай-ақ, «Бесарық» ауылынан таэквондо дайындық секциясы жұмыс істейді. Ауыл балалары арасынан бірнеше дүркін Қазақстаның және халықаралық турнирлердің чемпиондары шықты. Ауылға білім деңгейі жоғары, жасөспірімдермен жұмыс жасай алатын, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрген жаттықтырушылар шақырылды.

Ауылда бір ғана дзюдо күресімен 60-тан аса жасөспірім айналысады. Балаларды осы ауылда туып-өскен Қанат пен Еркебұлан есімді кәнігі мамандар жаттықтырады. Олар бұл жұмысы үшін тұрақты жалақы алады, спорт жарыстарына бару мәселесі де серіктестік тарапынан шешілген. Бұл спорт түрінен де Азия чемпио­ны шықты, 40-қа жуық жас спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғады. 

 

Субұрқақ сәні мен әжелер әні 

 

Баяғыда жұрттың қаладан көретін фонтандары қазір ауыл ортасында тұр. Көкке шапшып, ауаның тозаңын тазалайтын бұл затты «субұрқақ» деп жүрміз. Субұрқақ – ауыл сәні, көңіл көзінің қуанышы, қолдан жайқалтқан гүлдерді шомылдырып тұрғандай сұлу көрініске кезігесіз.

«Абай-Дәулет» ауылды көркей­тудің барлық шарасын жасады. 7 гектар жер қоршалып, 5 гектарына тамшылатып суғару тәсілімен алма сұрыптары орналастырылды. Жерге түскен жеміс бейнетпен шығады емес пе, ауа райының салқындығынан көктемде сол алманың жарысынан көбі көктемей, тағы 2 мың түп отырғызылды.

Қызылордадағы «Ана бақыты» аллеясының көшірмесін ауылға әкеліп жасап қойды. Жаздың күні ауыл қариялары әңгімелесіп, балалар асыр салып ойнау үшін осы көрікті жерге келеді. 

Сонадайдан сұлуланып көрінетін мәдениет үйінің өзі қандай?!

«Бесарықтық» әжелер ансамблінің ғажап әуенін тамашалайсыз ба, олардың ағылшын тілінде ән салғанын естігенде таңданбай кетпейсіз, қош келдіңіз!  

 

Жылқы жусап,

қой өрген

Бұл ауыл қазақтың атакәсібін қайта қолға алып, төрт түлік өргізіп, өнімін өзінен артылдырып отыр.

Кеңес үкіметі кезінде Бесарық  48 мың бас қой өсірген сов­хоз еді. Бүкіл ауылды жұмыспен қамти отырып, малдық азықты шаруашылықтың өзі егетін. Еңбек емген азаматтарымыз барда «ол күн қайда» деп отыруымыз қисынсыз. Оның үстіне үкіметіміз ауыл шаруашылығын қолдап, көмек қолын созып отыр емес пе? 

2016 жылы «Абай-Дәулет» Қазығұрттан 700 бас аналық, 700 бас тұсақ, 700 бас ұрғашы қозы және 20 бас қошқар алдырды. Сол қойды өсірген серіктестік еңбеккерлері 5 мың 500 басқа жеткізді.  

Сонымен бірге серіктестік 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешен салды.

Түйенің сүті өте дәмді әрі дертке шипа, шұбат десе тілімізден сөл шұбатылатыны бар. «Бесарықта» бұл жұмыс та жолға қойыл­ған. Бүгінгі таңда шаруа­шылықта 59 бас аруана бар, оның 40-ы сауында тұр. Түйеге соншалық күтімнің қажеті не, майлық-сулығы бір дегендей төзімді жан­уар ғой деп қарауға болмайды. Олай ойласаңыз жануардың ізіне түсіп, жоқ іздеп кетесіз.  Сондықтан жем-суына, жайылымына қатты мән беріледі. Жұрт шұбатын 500-600 теңгеден  үй мен қораның арасынан алып кетеді.  

Жусаған жылқыны санамай-ақ қоялық, сабадағы биенің сүті мен местегі қымызды көрсеңіз, біраз жайға көз жеткізесіз.

 

Не ексең,

соны орасың

Бесарық биыл 586 гектар жерге «янтарь» күріш сұрпын егіп, орақ маусымын аяқтап келеді. «Ауа райы жақсы болып тұрса, орташа өнімді 80 центнерге де жеткіземіз» дейді Марат Сәрсенбаевтың өзі.

Ал, күрішші Нағашыбай Әбдібеков болса, биыл әр гектардан 86,3 центнерден өнім жинап, 20 гектар жерден 172,6 тонна ақ маржан алды. «Келер жылы Жақаевқа жетпесем де, жақындап қалам» деп Нәкең көңіл тоқтығын жасыра алмайды. Несі бар, «құлдай қимылдап, бидей ішетін» мұндай маңдай тердің адамдары ағат айтпайды. Мырзан Кішкенбаев, Бейбіт Белгібаев секілді диқандар да сондай  еңбеккерлер. «Абай-дәулеттіктердің» егіс алқабында еңбектен бақ тапқан жандар көп.

Өткен жылы егіске қажетті 1 «МаcDon» жаткасы, 1 «Claas Lexion», 1 «john Beere» комбайны және 2 «КамАЗ» жүк көлігі тіркемесімен алынған болатын. Мұндай су жаңа техникалар жан-жақты, өз ісінің жанашырына сеніп тапсырылады. Сондай бесаспап механизатордың бірі – Әлімжан Өтепов, ол көктемде трактормен тұқым сепсе, жазда пресс басып, күзде комбайнға ауысады. 

Былтыр серіктестік қауынның «мырзашөл» атты сұрпынан 20 гектар егіп, 700 тоннадай өнім түсірген, биыл еңбекші жұртқа 50 гектар жер ашып беріп, қауын мен картоп егіп алуына барынша жағдай тудырды. 

Жоңышқа шөбі бойынша да жоғары өнім алынды. 700 гектар жер 3 рет орылды. 

Көркейген ауыл, көрсетілген көмек

«Абай-Дәулет» бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін басты орынға қойған. Ауыл аллеясын абаттандыру жұ­мыстарына 9 млн теңгедей қаржы жұмсалды.

Мәдениет үйіне көмек беру жұ­мыс­­тарына 2 млн 590 мың теңге бөлінді.

Әкімшілік ғимаратын әсемдеп, көше бойындағы көрнекіліктерді орналастыруға  6 млн теңгеге жуық ақша шықты.

Балабақша ғимараты жөнделіп, 2 млн теңгеден астам қаржыға балаларға ұлттық киім алынды. Сондай-ақ, олардың жазғы демалыс лагерінде тынығуына жағдай жасалды.

Бұларға қоса Сырдария, Қармақ­шы аудандарында көркейту-көгал­дан­дыру ісін қолға алып, тұрғын­дардың тұрмыс жағдайына баса көңіл бөлді.

***

Біз осы мақаланы баспаға да­йындап жатқан сәтте Қызылорда қаласында «Абай-Дәулет» ЖШС-ның жаңа күріш ақтау зауыты ашылды. 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын әлеуетті зауыт күріш жармасы нарығының ұлғаюына зор үлес қосатын болады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ҚОҒАМ 05 қазан 2019 г. 1 575 0