« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бірде екі қыздың әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Ойлары бір жерден шығып отыр. Бастарын шұлғып, бірінің сөзін бірі қолдап, өздерінше ойларының дұрыстығына сенімдері мол. Иә, бұлар мамандық таңдауда ата-анасының пікіріне құлақ асып және қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың тізімін жасап отыр еді. Сөздеріне қарасам, екеуі де оқушы үшін үлкен сынақ саналатын белестен жақсы нәтиже көрсеткен. Мемлекеттік оқу грантын жеңіп алуға деген мүмкіндіктері де бар екен. Алайда мені таңғалдырғаны, осынша уақытқа дейін қандай маман иесі атануды ойламағаны болды. Жүйелі ойы жоқ, саналары сан жақта.
Бірі айтады «менің отбасымның басым бөлігі заңгер мамандығын таңдаған, енді анам да сол бағытты таңда дейді. Мен де заңгер болатын шығармын, отбасылық дәстүрді жалғап» деп екіншісіне күлім қағып тұр. Ал, екіншісі болса «мен қаржы саласын таңдаймын. Себебі елдердің басым бөлігі сол саланы игеріп жатыр ғой. Көштен қалып жатқан жоқ секілді» деді де кезекті келіп жеткен қоғамдық көлікке қарай аяңдады.
Міне, содан ойға қалдым. Санама ең алдымен оралғаны өрімдей екі қыздың өз таңдауы жоқ па деген сұрақ. Олар үшін мамандықтың еш қызығы болмағаны ма? Өмір бойы азық ететін дүниесін әу баста ойламағаны болып тұр ғой.
Он бір жыл білім нәрімен сусындап, осы уақытқа дейін жиған-тергендерін, көрген-білгендерін саралаудың орнына өзгенің ырқына жығылғаны несі?
Иә, мен де жас болдым. Мектепті бітіргеннен кейін тілші болатыныма және ол үшін қолдан келетін барлық шаруаны жүзеге асыруға тырыстым. Отбасымның қарсылығына қарамастан, алған бетімнен қайтқаным жоқ. Табандап тұрып алып, осы мамандыққа құжат тапсырдым. Әрине, ол жерде не ата-анам, не өзгелердің ықпалы болмады. Бұл тек менің ойым ғана болды. Себебі өз өзіме сенімім мол еді. Осы мамандыққа тоқтап үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Енді, міне, балалық шақтан армандаған мамандығыма қол жеткізіп, еңбек етудемін. Бұған да шүкіршілік етемін.
Қазақ әдебиетінің тарланы Ж.Аймауытов "мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе” деген сөзі әрбір жастың санасына орнығуы қажет. Рас, жас жеткіншек өз қалауымен таңдаған мамандығының ғана нағыз шебері атана алады.
Жалпы, мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап ететін іс болып табылады. Оған селсоқ қарауға болмайды. Расында қазіргі кезде жастар мамандықтың мансабына да қызығады. Мамандық таңдауда селсоқтық танытып, аяғында опық жейтін жандар қаншама. Білдей жоғары оқу орынын тәмамдап, қолына дипломын алып болған соң оның пайдасын көрмей, ақыры апамның баяғы сары сандығының ішіне сүңгиді. Мұндай жайттар қазіргі кезде жиілеп барады. Бұдан шығатын нәтиже еңбекке қабілетті жастардың жұмыссыздар санын арттыруына ықпал етуі.
Бүгінгі таңда мемлекет жастардың тегін білім алуына, жұмысқа орналастыруға көптеген мүмкіндіктер жасап қойған. Мұның бәрі де жастардың сапалы білім алып, саналы қызмет етуіне бағытталған . Елімізде білікті кадрларға деген сұраныстың артуы жыл санап ұлғайып келеді. Осындай мүмкіндіктер барда жастар аянып қалмауы тиіс.
Жалпы, мамандықтың оңайы жоқ. Әр мамандықтың өзіне тән қиыншылығы мен қызығы бар екені белгілі. Қытай елінің атақты философы Конфуций "Жаның қалайтын істі тап, сол кезде ешқашан жұмыс істемейтін боласыз” деп тегін айтпаса керек.
Өз ісін сүйіспеншілікпен жасайтын жандар жұмыста болатын ауыртпашылық пен қиыншылықтарды жеңе біліп, одан әрі қызығушылықтары арта түседі екен. Бірақ іске жарамды қолында дипломы бар жұмыссыз жүрген жастардың әрекеті санаға сыймайтыны жасырын емес.
Мұндағы айтайын дегенім, әрбір жас өзінің болашағына бейжай қарамауы тиіс. Осы тұста қазақтың «Өмірде жар, дос, мамандық таңдауда қателеспе» деген қанатты сөзін айтқым келеді. Әсіресе, жастардың мамандық таңдауда ойын әбден таразылап, қолынан келетін істің тізгінін ұстағаны абзал шығар деп ойлаймын. Себебі еліміздің келешегін жастармен байланыстырамыз емес пе?!
Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |