« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында жастарға мол мүмкіндіктің қарастырылуы – заңдылық. Ал, биылғы іс-шаралар келесі жылы жаңа буынды волонтерлік жұмысқа тартуға ұласады. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында 2020 жыл «Волонтер жылы» болатынын жеткізді.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жастар жылының» игілігін, ең алдымен, жастардың өздері көруі қажеттігін, баспана оларға қолжетімді болуын тапсырған еді.
– Міне, Үкіметтің бастамалары, ең алдымен, осы міндеттерді назарға алуы тиіс. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек. Ең басты міндет, «дайын асқа тік қасық» дегендей, жастарға бақытты өмірді жасап беру емес, оларға өз бақыттарын өздері тауып, мақсаттарына жетуге жағдай жасау өте маңызды, – деген еді.
Иә, дәл қазіргідей кезең – жалғанның қызығына елтіп, жалығатын емес, әрбір қазақ жасының желпініп, жеңді түріп қойып тірлік қылатын мезеті. Бүгінде Сыр елінде «болам» деген жасқа бағыт беретін бастамалар, еңбекқор жанға жөн сілтеп, жарқырауына мүмкіндік беретін жобалар бар.
Облыста Байқоңыр қаласы жастарын қоса есептегенде 14 пен 28 жас аралығындағы 177 мыңға жуық жас тұрады. Жастар арасындағы басты мәселе барлық өңірдегі секілді – жұмыссыздық. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 5,1 проценттен 4,2 процентке төмендеген.
Жастарды қолдау, олармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу қашанда маңызды. Бүгінгі буынның ертеңгі болашақты қалыптастыратыны да айқын. Сондықтан, Сыр елі «білекке емес, білімге сенетін» жаһандану заманында жастардың елдің ғана емес, шетелдің айтулы оқу орындарында оқуына мүмкіндік жасады.
2013 жылдан бастап аймақта сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан, көпбалалы отбасынан шыққан балалардың жоғары оқу орындарында білім алуы үшін облыс әкімінің 100 гранты тағайындалып келеді. Өткен жылдан бастап грант саны 200-ге артты. Осы кезге дейін 878 мектеп түлегі облыс әкімінің грантына ие болса, қазір оның 400-ден астамы диплом алған.
Сондай-ақ, Қызылорда – көрші елдің қаржысы есебінен беделді ЖОО-да жүздеген түлек оқытуды ұйымдастырған бірден-бір облыс. Иә, 2014 жылдан бастап мектеп түлектері үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. Осы кезге дейін аймақтың 500-ден аса мектеп бітірушісі Ресей Үкіметі бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі маңдайалды инженерлік жоғары оқу орындарында білім алуға аттанған. Былтыр алғашқы түлектер елге оралса, биылғы жылмен қосқанда 181 жас маман диплом алып, 40-тан астамы туған жерде қызмет етуде. Ал, 90-ы Ресей Федерациясында білімін жалғастыру мақсатында магистратураға түскен.
Аймақта тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттерге көмек көрсету ісі де жолға қойылған. Айталық, облыс әкімінің қолдауымен соңғы 10 жыл көлемінде күндізгі бөлімде білім алатын 3533 студентке қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге мүмкіндік қарастырылса, қазірдің өзінде 3500-ге жуық студентке жеңілдік берілген.
Еңбек кімнің де болсын мерейін өсіріп, еңсесін биіктетеді. Былтырдан бастап облыста екі мәрте Социолистік Еңбек Ері, күрішші, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаевтың жолымен жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері өткізіліп келеді. Өткен жылы жастар 3 күннен егін алқаптарында жұмыс істесе, биыл күрішке орақ түскен кезеңнен бастап 7 күндік еңбек лагері басталған.
Биыл сырбойылық жаңа буынға Жастар жылының ең басты тартуы – Сырдарияның сол жағалауынан зәулім ғимараттың ашылуы болды. Есігінен кірген бетте еңсеңді көтеріп, ерекше дизайнмен таңғалдыратын орталық жастардың 24 сағат бойы алаңсыз жұмыс істеуіне арналған. Ең бастысы бұл – жастарды біріктіретін, батыл бастамалары мен тың идеяларын талқыға салатын орын. Атап айтсақ, орталықта IT-park, антикафе, кітапхана, коворкинг, фитнес-орталық, жастарға әдістемелік қызмет көрсету бөлмесі, 330 адамға арналған копфункционалды зал, 50 орындық конференц залында соңғы үлгідегі техниканың игілігін көруге болады.
Сондай-ақ, «Жастар жылы» аясында Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарындағы жастар ресурстық орталығы қайта жаңғыртудан өткізілсе, Қызылорда қаласындағы орталық арнайы ғимаратқа ауысты. Ал, Байқоңыр қаласында жастар орталығын ашу үшін жаңа ғимарат беріліп, жаңарту үшін қаржы бөлінген.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақовтың айтуынша, «Жастар жылын» Қызылорда облысында жүзеге асыруға бағытталған арнайы іс-шара жоспары бекітілген.
– Өңірлік кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес және жоспардан тыс қазірге дейін түркітілдес елдері жастарының қатысуымен халықаралық фестиваль, халықаралық деңгейдегі тренерлерді тарта отырып IT эшелон жобасы, 100 жасты қамтыған республикалық лагерь өткізілді. Облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен жайдарман ойыншыларының республикалық әзіл кеші, ашық аспан астындағы жастар кеші, облыстық ауыл жастарының слеті де жаңа буынның бір мақсатқа бірігіп, белсенді болуына жол ашты. Сондай-ақ, 3 рет көшпелі негізде аудандарда облыс әкімдігі жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмысы ұйымдастырылды. Ал, аудандарда жастарды жұмыспен қамту мақсатында Жастар еңбек бригадасы, жастардың мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алуы үшін кепілдік жарналарын өтеуге бағытталған арнайы қамқоршылық қор жұмысы, жастар арасында еріктілікті кеңінен насихаттау, еріктілік қызметтің әлеуетін арттыру мақсатында тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй салып беруді ұйымдастыратын еріктілер тобы жобасы жұмысын бастады. Облыс жастарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Kyzylorda Business Hub» жаңа жобалары қолданысқа енді, – деді Қ.Жанұзақов.
Сондай-ақ, басқарма басшысы жыл соңына дейін шығыс жұлдызы атанған Ғ.Мұратбаев атындағы республикалық деңгейдегі жастар сыйлығы, талантты, дарынды жастарға арналған облыс әкімінің сыйлығын табыстау, жастарға арналған облыстық форум ұйымдастыру жоспарланғанын жеткізді. Республикалық жастар театрларының фестивалін, жастар шығармашылық ұжымының спектаклдік қойылымын жасақтау, «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагерінің екінші легін, облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің қорытынды отырысын өткізу де алдағы күндердің еншісінде.
Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші. Байқадыңыз ба, жастарға арналған іс-шаралар жоспары айтуға оңай болғанымен, сан саладағы жас буынның тілегін тап басып, мақсатына жол ашу жүгі салмақты. Бүгінде жігерлі жасқа жол ашық. Бірақ, ең басты дүние – жастардың өздеріне деген сенімі мен өзгеріске ынталы болуы.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |