« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қарт Қаратаудың бөктеріндегі Бірлік ауылы қысы-жазы судың жағдайына алаңдаулы. Ерте көктемде қарғын судан қауіптенсе, жаз кезінде аяқ су тапшылығы естен шықпайды. Биыл ерте көктемде нөсер жауынның көл-көсір суы ауыл шетін бірер рет шайып өтсе, одан кейін қардың қарғыны да тұрғындарды әбігерге салды.
Қазір жаз ортасы. Ауылдағы аяқ судың жағдайы қалай екен? Соны білмекке ауыл әкімшілігіне ертелетіп келгенбіз. Кеңсе алдындағы екі-үш жігіт бір жаққа жиналғандай қауырт отыр екен. Жөн сұраса келе, іздегеніміз алдымыздан шыққандай қуанып қалдық. Олар су мұраптары – Божбанбай Тілесов, Арап Жаздықбаев және олардың әріптесі Рүстембай Ыдырысов болып шықты. Ауылдың тау беткейіндегі су жинайтын тоған «Көлтоғанға» бет алмақшы көрінеді. Көлік жүргізушілері Нұрғазы Елеусізов деген жігіт ағасы. Ол да ауылдағы су мұрабының бірі.
Ауылдағы алты жүз үйді алты көшеге бөліп, оларға кезегімен аяқ су беріп отыру осы жігіттерге сеніп тапсырылған. Оларды ауыл тұрғындары өздері қалап, орталарынан сайлап алған. Әдетте мұндай жауапты жұмысқа әділетті, турашыл, елгезек жандар таңдалады.
«Көлтоған» ауылдан 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан. Оны баяғыда ауыл адамдары өздері тұрғызған көрінеді. Өзектің алдын қолмен тоғандап, қыстағы – қар, көктемгі жаңбыр суын жинап, осы ылғалды жаз бойы үнемдеп пайдалану үшін осылайша әрекет еткен. Биыл ылғал көп түсті, сондықтан бұл тоғанда нақты кезеңде 4 мың текше метр су жиналып тұр. Ауыл тұрғындарының аулаларын суару үшін осылай есептеп, үнемдеп пайдаланса, тамыз айының ортасына дейін жетуі керек. Бұл жағдай ауыл адамдарын қанағаттандырады. Яғни, есік алдына көкөніс, бақша егіп, оның өнімін жинап алуға да, бау-бақшасының жайқалып өсуіне де жетеді деген сөз.
– Су көлемін сәл көбейту керек, бүгін ең шеттегі екі көшеге су береміз, – дейді Рүстембай тоғанның қақпағын көтеріп жатқан Божбанбайға қарап. Бұл кісіңіз де әбден бесаспап болған секілді, бұранданы бірер ғана жоғары жылжытты. Су құбырынан сарылдаған су төмен қарай жөңкіп барады. Өйткені, су жиналған жер ауыл үстінен 9 метр биіктікте орын тепкен.
Тоған басында тағы бір кереметке кезіктік, осындағы су жататын 50 гектардай жерді ауыл тұрғыны Ысқақ Мүліков деген азамат немересі екеуі өз күштерімен қоршап, ондағы тал-теректерді мал аузынан аман сақтап отыр. Мына баурайда жайқалып жатқан бау-бақша сол кісінің шарапатты жұмысының белгісі. Кезінде механизатор болған 73 жастағы Секең расында нағыз сауапты істі қолға алған екен, қызыр қарап, нұр жаусын!
– Мына төбе Шәзінда Қарақожаевтың шаруашылық жұмысын бақылап тұратын жері еді, – дейді сөзге араласқан Нұрғазы жылы жымиып. – Отыз жасында кеңшар директоры қызметі сеніп тапсырылған Шәкең бір уақыттарда Жоғарғы кеңестің депутаты да болды, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін де атқарды. Ер жасы елуге келгенінде осы шаруашылықтың басшылығына келіп, оны озаттардың қатарына іліктіргені де жұртшылықтың есінде. Сол кезде мына төменгі жазықта 1500 гектардай шабындық түгел қоршалып, өскен шөбін мал таптамайтын. Алпыс мыңға тарта қойдың шөбі осы аймақтан дайындалып, қыстан жүдемей аман шығып жүретін-ді.
Нұрғазының бір ауыз сөзіне осындай көп мағына сыйғызып тұрғанын кешегі шаруашылық жұмыстарының арасында өскен біз бірден бажайладық. Иә, Бірлік ауылы биылғы жазды жайбарақат қарсы алыпты. Өйткені, тоған суының жаз бойы тұтынуға жетеріне сенімді. Дегенде, оны үнемдей білу керек. Әрине, оны лайықты атқаратын жоғарыда өзіміз кезіккен білікті су мұраптары екендігіне сөз жоқ.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |