Күз және қыс айларында ауа райының салқындауына байланысты вирусты жұқпалы аурулар да бой көтеретіні белгілі. Әсіресе, жедел респираторлы-вирусты инфекция мен тұмау өршиді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген. Бұл орайда профилактиканың ең тиімді әдісі – ауруға қарсы екпе салдыру. Жылдағы дәстүрге сәйкес биыл да 1 қазанда республика, оның ішінде біздің өңірімізде де аурудың алдын алу мақсатында егу науқаны басталады.
Жыл сайын ЖРВИ, тұмау және олардың асқынуларына эпидемиологиялық қадағалау әдетте 1 қазан-1 желтоқсан аралығындағы эпидемия алдындағы кезеңде және 1 желтоқсан-30 сәуір аралығында жүргізіледі.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, биылғы 8 айда өңірде жедел респираторлы-вирусты инфекциясының 10881 жағдайы есепке алынып, 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 1400,27-ні құрады.
Соңғы жылдары эпидмаусымда жедел респираторлы-вирусты инфекцияның ауыр ағымдағы 104 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексеріліп, нәтижесінде 34 сынамада тұмау емес вирустар анықталды. Оның ішінде басым көпшілігі немесе 41,1 проценті (14 жағдай) аденовирустар үлесінде, 23,5 проценті (8 жағдай) риновирус, 8,8 проценті парагрипп (3), 17,6%-і (6) РСВ және 5,8 проценті бокавирус (2) пен 2,9 проценті (1) короновирустың үлесінде болды.
Бөлінген қаражат көлемі 69,7 млн теңгені құрады (80000 доза вакцина). Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген егілуге тиісті контингент бірінші кезекте медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан көп ауыратын балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Сәбилер үйі балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушылары, жүктіліктің екінші немесе үшінші кезеңіндегі жүкті әйелдер, жүрек-қантамыр жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар азаматтар егіледі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тұмауға қарсы егу жұмыстары 1 қазаннан бастап жергілікті емханаларда жүргізіледі. Екпелерді жүргізуге Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы пайдаланылады. Вакциналық препараттың құрамына қосылған «Полиоксидоний» иммуномодуляторының арқасында иммунофармакологиялық әсері күшейе түскен. Иммундық статустың түзілуі арқасында ағзаның басқа жұқпаларға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі бар. Ол – ерекше емес профилактика. Ерекше емес профилактика организмнің өзінің қорғаныш күштерін нығайтуға бағытталған және вакцинациялаумен бір уақытта жүргізуге болады. Ерекше емес профилактика ретінде иммундық түзетуші препараттар (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар, (оксолин, антивир және басқалары), поливитаминдер қолданылады.
Профилактика әдістерінің бірі – науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу. Адам көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну қажет. Адам көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ науқасқа күтім жасаған кезінде науқас адам да, дені сау адам да бетперде киюі керек. Науқас үйде болғанда оны оқшаулап, бөлменің ауасын жиі ауыстырып, ылғалды жинау жүргізу керек.
Иммунитетті көтеретін профилактиканың қолжетімді әдістерін де пайдалану туралы ұмытпаңыз (пияз, сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптер, қарақат, итмұрын қайнатпаларын көп ішу, құрамында С витамині бар ашытқан қырыққабат, цитрус өнімдері сияқты өнімдерді қолдану, сондай-ақ белокқа бай өнімдерді қолдану).
Тұмау асқынса қауіпті, ең жиі кездесетін асқыну – пневмония. Өлім жағдайының 7-42 проценті осы дерттің үлесінде. Басқа да жиі кездесетін асқынулар – бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит аурулары. Тұмау ауруы 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы аурумен ауыратын науқастар және қарттар арасында ауыр өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, тиісті емін алу қажет.
Айнұр БАТТАЛОВА.