Асатудың астарында құрмет жатыр

 Қазақтың ұмытыла бастаған, бірақ ара-тұра қолданысқа еніп, өзгелер үшін таңсық болған дәстүрлер бар. Солардың бірі – «Асату». Бала күнімізде ауыл ақсақалдарының ет асатып жатқанын жиі көріп өскендіктен бе, біз үшін бұл дәстүр таңсық емес. Алайда қызылды-жасылды өмірдің толқынына ілесе жүріп,  кейбір дүниелер көмбе астында қалып жатыр. Ендеше осы «Асату» дәстүрі жөнінде аз-кем айта отырсақ.
Халқымыз ежелден бері асты жоғары бағалап, оны қастерлей білгені белгілі. «Сары бала мен қара қазанның қамы үшін» деген сөз тіркестің әлі күнге өміршеңдігін жоймай келе жатқаны соған дәлел болса керек. Ал, осы келген қонағы мен ауыл-аймаққа ас тартуға қатысты түрлі дәстүрдің астарында үлкенге құрмет білдіріп, сыйластықпен қарағанын білесіз бе?! «Ерулік беру», «дәмнен ауыз тию», «қазан шегелеу» сияқты салттарға аса мән берген жасампаз жұрттың асату дәстүрі де сол бір сыйластықтың шеңберімен сабақтасып жатыр. Мысалы, ақсақалдар кішілерге табақтағы еттің сыбағалы мүшесінен дәм таттыру арқылы өзінің ілтипатын білдірген. Міне, мұны қазақ асату дейді. Ел үлкендері өзінің көңілі қалаған жанды шақыртып алып, осы дәстүр арқылы ерекше ықыласын білдірсе, келіндеріне арнайы ыдысқа салып берген. Үлкенге деген шексіз құрмет пен алғыстың белгісі ретінде әулет келіндері ас ұсынған жанға арнайылап иіліп сәлем салатын болған. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, біз сөз еткен  асату дәстүрі XV-XVII ғасырлардан бастау алған екен.
Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірлерде бұл дәстүрдің әлі күнге дейін сақталғаны белгілі. Басқасын айтпағанда, өзіміз де талай үлкендердің алдынан аузымызды толтырып шықтық. Елдегі көпті көрген көнекөз қариялардың бұл дәстүр жөніндегі пікірін де тыңдаған едік.  
– Қазақ халқында үйге келген адам қонақ саналып, дәмнен ауыз тиюге тиіс. Өзімізде әлі күнге солай. Бұл қанымызға сіңіп кеткен тәрбиенің негізі болса керек. Қашанда сырттан келген жанның сыбағалы асын беруге ұмтыламыз. Бұл әдет сонау заманнан бері келе жатыр. Ал асату дәстүріне келетін болсақ, мұның да біз үшін үлкен маңызы бар деп ойлаймын. Кезінде жасы кішілер мен ақсақалдар бір-біріне құрмет білдірген болса, соның бірден-бір белгісі осы – асату дәстүрі. Ақсақалдар жастарға табақтағы еттің бір бөлігін беріп, өз қолымен дәм ауыз тигізген. Жасы кішкентайлар асатудан ешқашан бас тартпаған. Оны кішінің үлкенге деген құрметсіздігі деп бағалаған, – дейді көненің көзін көрген Ізбан атамыз.
Бұл дәстүрдің келіндерге де қатысы бар екендігін жоғарыда айтып өткенбіз. Яғни елге келін болып түскендерге де асату дәстүрі өткізілген. Ол да сәлем салуға ұқсас. Бірақ ерекшелігі, абысындардың бірі оған еттің бір бөлігін беріп, «сенің сыбағаң» деп батасын берген. Артынша жас келін сол сыбағалы асты берген адамға сәлем салған. Уақ малда болатын «ұлтабар» деген мүшесін келінге ниет етіп асату осы дәстүрдің ерекшеліктерінің бірі. Кейбіреулер асату салтынан соң «абысын асын» өткізген. Ауылдың келіншектері осылай жиналып, бір-бірін қонаққа шақырған. Біз айтып жеткізген дәстүр қазіргі таңда қаз-қалпында сақталмаған болуы мүмкін. Бірақ әжеміздің келіндеріне «ұлтабарды» ұсынып, оған келіндері үлкен ізеттілікпен сәлем салып жатқанын жиі көріп өстік.
XIX ғасырдың соңына дейін Қазақстанның шығыс өңірлерінде келген қонаққа етті үш түйірден қатарласа асату дәстүрі болғанын естігеніміз бар. Бұл жөнінде «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты кітабынан да көзіміз шалды. Бұл дәстүр бойынша қонақ үш түйір етті бірден асай алмаса, араларында реніш туындап қалуы мүмкін екен. Асатуға берген әлгі ет үш түйірден көп болса немесе оны асау барысында қонақ қақалып қалса, оған айыппұл төленетін болған. Ал оның құны жүз жылқыдай болған екен. Соған қарап-ақ қазақ танымында бұл дәстүрдің салмағы зор екенін анық аңғаруға болады.
Асату салтын бабалар салып кеткен жолмен зерделейтін болсақ, С.Мұқановтың «Халық мұрасы» тарихи-этнографиялық шолуын мысалға келтіруге болатын сияқты. Онда автор естеліктерін, халық аңыздарын, шежірелерін, төңкеріске дейінгі қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысын, салт-дәстүрлерін жазған. Сол қазыналы кітапта:
«Келіп менің бата алып, көп жасағым,
Өз қолынан Сәбеңнің ет асадым» деп келетін өлең жолдары кездеседі. Демек бабалар салған ізбен жүріп, қазақы қалпымызды бұзбаймыз десек, дастарқан басында біз сөз еткен «асату» дәстүрін де жиі жаңғыртып тұрғанымыз жөн болар.

Алтынбек Қарасайұлы
ҚОҒАМ 26 қыркүйек 2019 г. 1 565 0