КЕҢЕСІП ШЕШІЛГЕН ІС НӘТИЖЕЛІ

Жүктің шекара асуы жылдам, кедергісіз және артық шығынсыз жүзеге асырылуы мақсатында кедендік амалдар мен әдістер ұдайы жаңарып отырады. Осындай жаңа ережелер Консультативтік кеңестің мәжілістерінде талқыланады.

Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаменті жанынан құрылған кеңес 10 жылдан аса жұмыс жасап келеді. Кеңестің тұрақты құрамында өңірдегі бизнес өкілдерімен қатар, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері де бар. Мысалы, кәсіпкерлердің облыстық «Кәсіпкер» ассоциациясы Кеңеске жеке тұлғалардың сұрақтарын белсенді ұсынып отырады және аумақтық басқосуларға да ынтамен қатысады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы орта және шағын кәсіпкерлердің нақты жобалары мен тауарлары бойынша мәселелерді жиі талқылауға шығарады.

Қазақстанның Кеден одағына мүше болуы кезеңінен бастап, салық органдарымен бірлескен кездесулер жиіледі. Кеден және салық әкімшілігін жетілдіру – екі жақты бірдей түсіндіруді талап етеді. Сондықтан, сыртқы экономикалық қызметпен шұғылданушы тұлғалар салық депар­таментінің лауазымды тұлғаларын да кеңестің мәжілісінде тыңдай алатын мүмкіндік алды.

Консультативтік кеңес осындай мүдделі тұлғаларды әр тоқсанның соңғы онкүндігінде жоспарлы отырысына жинайды. Биылғы жыл басталғалы екі мәжіліс өткізіп, бірнеше өзекті мәселелерді талқылап үлгердік.

2014 жылдың 1 қазанынан бастап күшіне енетін Кеден одағының кеден территориясына теміржол көлігімен әкелінетін тауарлар туралы міндетті алдын ала ақпараттандыру тақырыбы тыңдалды. Тауарлар өткізу пунктіне келіп жеткенге дейін оған қолданылатын кедендік бақылау түрін таңдауға мүмкіндік беретін алдын ала ақпараттандыру әдісі өткізу пункттерінің жүкті жылдам өткізу қабылетін, түптеп келгенде, Кеден одағына мүше мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кеден өкілдері мен уақытша сақтау орындарының иелері Кеңеске шақырылып отырады. «Тауарларға арналған декларацияда көрсетілген мәліметтерге өзгерістер мен қосымшалар енгізудің тәртібі туралы» Еуразия экономикалық комиссиясының 2013 жылғы 10 желтоқсандағы №289 шешімі бойынша біздің өңірімізге келіп түсетін тауарлардың негізгі тасқынын кедендік тазартудан өткізетін «Қызылорда-Кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекетінде тауар декларациясын толтыру барысында мәліметті орналастырудағы жаңа талаптар инфографика көмегімен түсіндірілді.

Мамырда өткен VII Астана экономикалық форумы және II Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция туралы Консультативтік кеңес мәжілісінде алдын ала хабарлама жасалуы арқасында жергілікті бизнес өкілдері G-Global сайтында интерактивті, ашық және бұқаралық пікірталастарға қатысу мүмкіндігін алды.

Үстіміздегі жылдың 29 мамырынан бастап Қазақстан Ресеймен және Беларусьпен Еуразиялық экономикалық одақ құрып, өзінің дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің өлкемізде де үлкен жобалар, жаңа қарқынды өзгерістер болады деп күтілуде. Бизнес әлемі бәсекелес жағдайға көтеріліп дамыған сайын, бизнеске көрсетілетін қызмет деңгейі де сапалы және халықаралық шарттарға сай болуы тиіс. Кезекті кеңесте кеден органдары көрсететін мемлекеттік қызметтердің стандарттары бойынша кедендік амалдар қатарынан тізбеге енгізілген қызмет түрлері таныстырылды. Бұл стандарттар өркениеті жоғары елдерге ортақ шарттар сүзгісінен өтуде. Олардың қатарында департамент тарапынан көрсетілетін: тауарларды жіктеу бойынша алдын ала шешім қабылдау, кеден баждарының артық немесе қате төленгенін анықтау, тауарларды кедендік тазарту және шығару, кедендік баждар бойынша өсімпұлдарды салыстырып тексеру сияқты қызмет түрлерінің шектеулі мерзімі, тәртібі бар. Барынша жеңілдетілген әдістер мен жүйелер қолданысынан соң, біздің департаменттің қызмет аумағында да тауардың экспортқа шығуы мен импорт амалымен ресімделуі барынша қысқа уақытта жүзеге асырылатын болады.

Кеден қызметі тек кеденшінің әрекетімен ғана шектелмейді, бұл сан-салалы қызмет. Бизнес өкілдерінің тарапынан белсенділік, екі жақты тиімді ұсыныс пен әрекет қана бізді ортақ нәтижеге жеткізе алады. Заңнамалық жаңалықтарды таныстырып, түйткілді мәселелерді дер шағында талқылайтын Консуль­тативтік кеңес – кеден мен бизнестің мәміле алаңы және ынтымақтастыққа жол салып келеді.

Нұрлан Отаров,

Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы.


ҚОҒАМ 19 шілде 2014 г. 782 0