Борыш жүктемесін азайту: Консультацияны қайдан алуға болады?

2019 жылғы 5 қыркүйектен бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанында жұмыс істейтін «111» cаll-орталығының қызметкерлері тәулік бойғы режімде қазақстандықтарға борыш жүктемесін азайту мәселелері бойынша 58,5 мыңнан астам консультация берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«111» cаll-орталығына қоңыраулар еліміздің барлық өңірлерінен келіп түсуде. Күніне орта есеппен 10 мыңға жуық қоңыраулар қабылданады, олардың 5 мыңға жуығы борыш жүктемесін азайтуға арналған. «111» желісіне жүктеменің көбеюіне байланысты, осы акцияның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, call-орталық басшылығы қосымша ресурстарды тарта бастады. Соңғы күндері желіде 50-ден 60-қа дейін оператор жұмыс істеуде», – деді «111» cаll-орталығының жетекшісі Аяш Макенова.

Call-орталығы қызметкерлерінің айтуынша, азаматтар борыш жүктемесін азайту бойынша бағдарламаға қатысушылардың тізімінде олардың болмауына, кредиттің жалпы сомасынан есептен шығару сомасын нақтылауға қатысты сұрақтар жиі қойылады.

«Әдетте, бірінші кезекте біздің орталықтың мамандары жүгінген адамның мәртебесін тексереді. Оның нәтижесі бойынша тізімде жоқ азаматтарға мәліметтерді цифрлау жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз, содан кейін мәліметтер тізімге енгізіледі және одан әрі жұмыс істеу үшін министрлікке беріледі», – деп түсіндірді Мәкенова.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес, банктерде және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық кредиттері бар 5 санаттағы азаматтар үшін мемлекет негізгі қарызды және есептелген сыйақыны жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейін біржолғы төлеммен өтейді. Қарызы 300 мың теңгеден асатындарға 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігі өтеледі. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Бүгінгі күні борыш жүктемесінің азаюына үміткер азаматтар өздерінің мәртебесін келесідей тексере алады:

- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ҚР Еңбекмині) ресми интернет-ресурсы бойынша, ол үшін ЖСН енгізіп, сұрау жіберу қажет;

- Электрондық үкімет порталының басты бетінде орналасқан «борыш жүктемесін азайту бағдарламасына қатысу үшін мәртебені тексеру» электрондық сервисінің көмегімен, ол үшін ЭЦҚ қажет болады.

Консултацияны «111» және «1411» call-орталықтарында; халыққа қызмет көрсету орталықтарында; облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларында; «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ және оның филиалдарында; облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік департаменттерінде алуға болады.

ҚОҒАМ 18 қыркүйек 2019 г. 733 0