« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда қаласындағы қайраткер тұлғаларға ертеректе орнатылған ескерткіштердің орындары ауыстырылып, көпшілік құптарлық жұмыстар жасалынып жатыр. Нақтырақ айтсақ, Ғани Мұратбаев ескерткіші мен Темірбек Жүргеновтің мүсіні өздерінің есімдерімен аталатын стадион алдына және №136-мектеп ауласына, Ыбырай Жақаев Еңбек аллеясына орнатылды. Осындай жұмыстардан хабардар болғандықтан, өзім көріп жүрген Зейнолла Шүкіровтің кеуде-мүсіні де орнын табатын шығар деген ойда болғанмын. Сөйтсем, «Тірлікте де кеудесін бастырмаған, Өлген соң да одан әрі биіктейтініне» (өз сөзі) сенген ақынның кеуде-мүсінінің адам аярлық жай-күйі өзгеріссіз қалғалы тұр екен. Арзанқол материалдан жасалған мүсінге алюминий ұнтағынан жағылған бояуы қабыршақтанған. Тұрған жерін (орнын деп айтуға аузым бармай отыр) көрсеңіз, адам ұяларлық. Бұрынғы АТП-1 мекемесі кеңсесінің алды. Осы кеңсе қазір қонақ үй деуге келмейтін, бірақ Тараздан, тағы басқа жақтан Қызылордаға гүл егуге немесе басқа да жұмыстар істеуге келгендердің уақытша тұрағына айналған. Мүсіннің айналасында әртүрлі жүк машиналары, шашылған қосалқы бөлшектер, әр жерде түнемелік ұйықтаған кісілердің төсек орындары, құрылған масахана, қоқыс қалдықтары, яғни көңіліңді құлазытар көріністер.
Жабыла жамандап жүрген Кеңес кезеңінде ардақталып, құрметтелген, мүгедектігінен екі аяғымен жер басып жүруге шамасы келмесе де, «Ташкентті тамашалаған, Омбының дәмін татқан, Көкшетаудың көркіне сүйсінген, Аягөзді аралаған, аяулы Алматыға сан мәрте сағынып барып қайтқан» (Бұл тіркестер жазушы Адам Мекебаев құрастырған 1988 жылы шыққан «Арал толқындары» атты Зейнолла Шүкіровтің кітабына Мұзафар Әлімбаевтің «Ғазиз жүрек» деп атаған алғы сөзінен алынған) құрыш қазаққа деген құрметіміз әлемнің алдыңғы елу елін еңсеріп, отыздыққа қадам басқан биік мақсатты кезімізде неге осыншалық құлдырады?! Аталған мүсіннің жанына қара граниттен тақта қойылған екен. Тақтада: «Қазақстан Республикасы, Зейнолла Шүкіров, 2003 жыл (орнатылған жылы болуы керек) мемлекет қорғауында» деп жазылыпты. Маған қатты әсер етіп, толқытқаны және таңырқатқаны осы – «мемлекет қорғауында» деген сөз. Жеке бір кәсіпкер болса, шаруасының шамасы келмей қалған ғой дер едік. Мемлекеттің ескерткіштерге қарап, қадағалап тұратын құзырлы мекемесі, оның жалақы алып отырған бірнеше адамы бар емес пе? Солар қайда қарап жүр екен?
Зейнолла Шүкіров жайлы жазылған естеліктер мен шығармаларына талдау жасаған зерттеу еңбектердің көзіме түскенін құр жібермей оқитыным бар. Зәкеңнің міндет артар інілері көп болған. Сол інілері ақынды барамын деген жеріне арқалап алып барып жүрген. Мойнына мініп келе жатып, екі өкшесімен кеудесінен түйгіштегенін де көтерген. Не деген кеңдік? Ұрпақ алмасты, қадірін білетіндер де азайды делік. Қала басшылығының, оған бағынышты мәдениет басқармасының көздеріне түспей, назарларынан қалай тыс қалып жүргеніне таңым бар. Автобазаның ауласын, кеңсесін иеленіп отырған кәсіпкер сауап үшін кеуде-мүсінді жылына бір рет бояуын жаңартып, айналасын абаттандырып, қамқорлық жасап тұрса, «Бір жұлдыз болып жанам мен, Бір жұлдыз болып қалам мен» деген ақынға құрметі өзінің кәсібіне бақ-береке болып дарыған болар еді ғой.
«Еліме тірлігімде сүйікті едім, Сүйгіздім, мен өзім де сүйіп көрдім... Жаманың мен емеспін көз жұмдым деп, Қойнында тыныш жатар суық жердің» дегенінде, ақын өзінен кейінгі ұрпақтың ескерімсіздікке бой алдыратынын мегзеді ме екен?!
«Мен өлгенмен, отты көзін көк жаппас, Мен өлгенмен, кеудем бірақ тек жатпас, Бұл дүниеден ала кеткен жылуын, Қайта берер – Жер жүрегін мұздатпас» деп жырлаған Зәкеңнің топырағы торқа болғай!
Қайран, Зәке! Жырларыңмен таныс, қанында поэзияның ұшқыны бар азаматтар әлі де баршылық. Күйбең тірліктен қолы босамай жүргендердің жүректерінің суығаны болмаса.
Осы пікірді жазғандағы мақсатым – біріншіден, бұрынғы АТП-1 кеңсесінің алдында тұрған кеуде - мүсін алынып, жаңадан қола мүсін жасалуы тиіс. Екіншіден, жаңа орны Зейнолла Шүкіров көшесіндегі облыстық ардагерлер кеңесі мен жұмылдыру дайындығы және дағдарыс жағдайындағы... деп аталатын мекеменің ауласына сұранып тұрғандай. Сонда менің Зейнолламның ескерткіші қазіргідей жүдеу күйден, айналасы гүлмен көмкерілген, көпшілікке ұялмай көрсете алатын тұғырда, «Сыр сұлуы» әнін шырқайтындай көтеріңкі көңіл сыйлаған болар еді деген ойдамын.
Сәпен Аңсатов,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |