« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Расында, рахметтің құны қанша дегеннің өзі қызық сұрақ. Өйткені нақты құны жоқ, саналық сыйластықтың сипаты секілді. Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік заманда рахметтің берекесі бар еді. Бір ауыз жылы сөз арқылы ықыласқа ықылас қоятын. Ал қазір құны қайтқандай, құты қашқандай. Ризашылықтың жеңіл түрі, не белгісі іспетті. Неліктен бұлай?
Бүгінгі уақыттың болмысы мүлдем басқа, сатулы, пұлдық пиғылға дендеп кеткен сияқтымыз. Сүт сатпаған қазақ су сатуды да үйренді. Нарыққа бейімделу тек ақшамен өлшенетін сана мәдениетін қалыптастырды. Қандай жолмен болсын, тамақ тоқ, тәуір тіршілік кешсе сол тәубеге айналды.
Сәл ғана шегініс жасайық. Алдымен, елде жекешелендіру жүрді, жер бөлістік. Дүние бөлісі басталды. Жұдырықтай жұмылып, айрандай ұйыған ағайын бір демде өзгеріп салды. Бұрын туған-туысқа шара-шара сары майды дымсыз сыйлай салатын едік, енді ақы сұрайтын ағайынға айналдық. Бір кездері өзбекке күлгенбіз. Баласы әкесіне қарызға ақша береді екен деп. Қазір өзімізге-өзіміз таңданбайтын болдық.
Бабалар өтті бағалы. Бір рахметтің қуатымен айшылық жерге ақысыз жеткен. Бейтаныс ортаға да еркін сіңіп, құдайы қонақ болды, құрмет арттырды. Бірақ мұнысына ешкім көк тиын төлеген емес. Мұны ұлттық дархан пейілдің ұлағатына жатқызамыз. Осындай озық орнымызды, пақырдан бақыр тиын тілемей, қанағат тұтқан халық екенімізді талай ұлт тамсана айтты. Орыстар қазақ демократиясы сонау Абай заманында басталған деді: «Қазақтар үйдің есігіне құлып ілмейді, бір-біріне жамандық ойламайды, бейтаныс ашқұрсақ адам үйге еркін кіріп аштығын, шөлін басты, бөгде затқа тиіспеді» деп суреттеді сонда. Бұл сана тазалығы, жомарттығы, жат әдетке жуымаған жайсаңдығы жарқын уақыт еді. Осындай заманды басып озып, құлқын дейтін қоғамға келдік. Қазір бай-манапты парасат иесіне балап жүрміз. Шын мәнінде, парасаттылық жүректе!
Бала күнімде бір қисса естігенмін. Сол еске түсіп отыр. Үш дос қажылыққа жиналып, ұзақ уақыт дайындалған екен. Ертең жолға шығамыз дегенде үшеудің бірі көршісінің ризашылығын алмақ болады. Көршінің үйіне кірсе отана шеттей бала-шағаға тамақ таба алмай қысылып отыр екен. Мына жағдай жайдары көңілін су сепкендей басты. Сөйтті де қажылық сапардан бас тартты. Сапарлас екі досына: – Көршім аш отырып, менің Меккеге жол тартқаным жараспайды, онан да жиған-тергенімді сол отбасыға берейін,- дейді.
Ал, қасындағы екі кісі қажылыққа кетіп, тиісті міндеттерін орындайды. Ең қызығы сол, қажылық парызды өтегендер қатарында әлгі ауылда қалған досының да аты аталады. Сауап жасаған адамға тәңірдің рахымы мол түсетінін білген ел кемтар-кембағалға жақсылық жасауды парыз санапты. Рахмет естуге құштарлық артыпты.
Ойды ой қозғап кетті. Тағы бір тағылымды оқиға ойға оралды. Бір жолаушы келе жатып, кенет бір сандыққа кезігеді. Қызығып кеп ашып қалғанда ішінен үлкен жылан шыға келеді. Ғайыптан тіл біткен жылан: «Мен сені жұтамын» деп айбат көрсетеді. – Асықпа, – дейді жолаушы,- анау көрінген топ адамнан ақыл сұрайық, солар не айтар екен? Бәлкім, солардың әділ сөзінен кейін жұтсаң, үлгересің.
– Жарайды. Дегенің болсын.
Алайда әлгі отыз адам жолаушыға тіпті жақындаған да жоқ. Байқамаған болды да өте шықты. Жолаушы үнсіз қалды. Құдайдың қарасқаны ма, артынан тағы бес кісі келе жатты. Енді осы топқа үміт артты. Бұлар да қайырылмады.
Біткен жерім осы шығар деп дегбірсізденген жолаушы артына көз жіберіп еді, бір кісінің төбесі шалынды. Ақырғы үміт деп соны күтті.
Ол ақсақ екен, аяңдап қасына келді. Құр келмеді, бірден жыланға бағыттап сөз бастады.
– Уа жылан, үлкендігінді көріп тұрмын. Бірақ осындай үлкен жылан кішкентай сандыққа қалай сыйғанына қайранмын, – дейді сонда.
– Сен сенбей тұрсаң-ау, онда көргейсің, – деп жылан сандыққа кірген бойда ол аузын тарс жабады. Осылай бейтаныс жолаушыны өлімнен құрқарады.
Сандық тауып алған жолаушы дінге мойын бұрмаған кісі екен. Отыз адам – оның отыз күн оразасын, бес адам – бес уақыт намазын білдірсе керек. Олардың қайырылмаған себебі, әлгі жолаушы ораза да ұстамаған, намаз да оқымаған. Өмірінде бір рет ғана жарты нанды садақа қылған екен. Ақсақ кісі сол жарты нанның несібесі, ажалдан араша болып тұрған. Қазақтың «Садақаны сауыңда бер» дегені осы екен ғой.
Жалпы, Рамазан айы Аллаhтың рахметін шашқан ай саналады. Соған сай хадисте: «Рамадан айының басы – рахмет, ортасы – мағрипат, аяғы – күнәдан тазару» делінген. «Алғашқы он күнде – Аллаhтың рахымы түседі, ортадағы он күнде – Аллаh жарылқайды, соңғы он күнде – Аллаh құлдарды азат етеді», – дейді. Шындықтың шырыны осы. Алланың өзі де рас, сөзі де рас.
Ескі көздер «Бір алғыс мың қарғыстың бетін қайтарады» деп жататын. Тәйірі, қарғыс алмай, алғыс алғанға не жетсін?! Көмекті пұлдамай, жүректен тек жылы сөз, рахмет деген риясыз көңіл ақтарылса деймін. Асылы, рахметтің құны қанша тұрады екен, осы?
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |