Алғыр жастардың алуан түрлі кәсібі

Бүгінде ел ішінде мемлекеттің қолдауы нәтижесінде кәсібін бастап, ойға алған мақсатына жетіп отырғандар қарасы баршылық. Әсіресе, ісін дөңгелентіп, өзі ғана емес, айналасына да пайдасын тигізіп жүрген жастарды көргенде еріксіз сүйсінесің.  Қойнауы құт, табиғаты жанға жайлы Жаңақорған ауданына ұйымдастырылған баспасөз туры барысында осыған көзіміз жеткендей. 

Жалпы, ауданда биылғы жылдың 1 тамызына дейін тір­келген шағын және орта кә­сіпкерлік субъекті саны 4126 болса, оның 252-сі заңды тұлға, 1645-і шаруа қожалығы, ал жеке кәсіпкерлер үлесі 2229-ды құрайды. Оның ішінде жас кәсіпкер саны 701.

«Еңбек» нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дар­ламасының ІІ бағыты «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 120 адам оқуын бітіріп, жобаларын қорғап, тиісті сертификаттарын алған. Ал «Бизнес кеңесші» жобасына биыл 90 адамды оқыту жоспарланып, бүгінде барлығы сертификат иеленіп отыр.

Аталған бағдарлама бойын­ша биыл 120 жоба 30,2 млн теңгенің грантын жеңіп алған. Ал «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы 109,1 млн теңгенің 25 жобасына несие алынды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 122,9 млн теңге болатын 7 жоба несиемен қаржыландырылған.

Агроаймақ –

ауыл

несібесі

Көктемі ерте шығатын ау­данның халқы да еңбекқор. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қар­ның тіленбей» демекші, ала жаздай жер тырбанған тұр­ғын­дардың тілеуіне орай  Та­биғат Ана да жомарттық таны­тып жатады. Несібесін жер­ден іздеген жандарға аудан бас­шы­лығы да қолайлы жағдай ту­ғызуда. Агроаймақтар ашып, егін егуге тілек білдірген жұмыссыздарға, әсіресе жастарға сол жерлерден қажетінше беріп отыр. Ондағы мақсат – жұмыссыздықты болдырмау, жастарды еңбекке үй­рету, кәсіпке баулу.

Шалқия кентінің тұрғыны Наурыз Тұрлыбек – осы агро­аймақта егін егіп, кәсібін бас­тағандардың бірі. Жалпы аума­ғы 49 гектарды құрайтын егіс ал­қабында 19 адам еңбек ете­ді. Наурыздың өзіне 10 гектары тиесілі. Ол кәсібін осыдан үш жыл бұрын бастаған. Аталған бағдарлама арқылы биыл 250 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған.

– Жас мамандарды жұмыс­пен қамту бойынша осы агро­аймақтан жер алып, үш жыл­дан бері егін егумен айналысып отырмын. 10 гектар жерге қау­ын, қарбыз, асқабақ, картоп, жоңышқа ектім. Бағдар­лама бойынша 250 мың теңге қайта­рымсыз грант алдым.  Көктемгі картопты сатып болдық және 30 тоннаға жуық  қауынның «Жұлдыз» сортын да сатылымға шығардық. Бұл да болса мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек, жастарға деген қолдау деп ойлаймын, – дейді Н.Тұрлыбек.

Наурыздың сөзін агроаймақ бригадирі, еңбек ардагері Феруза Төлепбаева жалғастырды.

– Агроаймақтың мақсаты – жастарды еңбекке үйрету.  Наурыз секілді жастарымыз еңбек етіп, егіншіліктің қыр-сырын үйренсе, осылардың еккен өнімі аудан халқын қамтамасыз етіп жатса деген ойымыз бар. Биыл бұл жерге тары да, қызылша да, ноқат та егілді. Әкімдік өзі жер беріп, оны қоршап жағдай жасап отырғанда неге еңбек етпеске?! Наурыз баламның ала жаздайғы бейнетін көріп жүр­мін. «Бейнетіне қарай зейнеті» деген емес пе, өзіне де жетіп, онан қалды, сатып  ақша тауып отыр, – деді ол.

Келер жылы аудан әкімді­гінен тағы да 50 гектар тың жер сұрап отырғандарын білдік. Өйт­­кені үш жылдан асқан жер құнарынан айырылып, арамшөп басып кетеді екен. Ондай жерге егілген егіннің өнімі де мардымсыз болатын көрінеді.  

Біз Феруза апамен әңгіме­лесіп тұрғанымызда егістігін ара­лап кеткен Наурыз екі қауы­нын құшақтай келді. Сап-сары қауын көздің жауын алып, еріксіз тамсандырады. Дала жел. Егіс басының топырағы ас­панға көтерілген, айнала ап­пақ шаң. Соған қарамастан, пә­ле­гінен жаңа үзілген қауынға жапа-тармағай бас салдық. Шір­­кін, үзіп жегенге не жетсін?!

Жалпы, биыл аудандағы  бар­­лық агроаймақ бойынша 326 гектар жер қоршалып, 259 гек­тарына ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Қалғаны ты­ңайған жер ре­тінде келесі жылы егін егуге қал­дырылған. 97 азамат жұмыс­пен қамтылып, бұл азаматтар­ды кә­сіпкер ретінде тіркеу жұ­мыс­тары жүргізілуде екен.

Епті

жігіт

Елдос

Онан соң  кент орталы­ғын­дағы автоательеге ат басын бұрдық. Ателье иесі Елдос Кен­шінбаев есімді жас жігіт екен.  Қолының еп-себі бар ол биылғы ақпан айынан бастап көптен көкейінде жүрген кәсібін ашты. Елдостың мақсатының  жүзеге асуына бизнесті қолдау мен дамытуға арналған бағдарлама мүмкіндік берді.  Атап айтқанда, былтыр ол  «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы бой­ынша 870 мың теңге қайта­рымсыз несие алды. Сөйтіп «нар тәуекел» деп кәсібін бастап кетті. Сонан бері де алты-жеті айдың жүзі өтіпті.  Тіршілігі өз ырғағымен жүріп жатыр. Бұл жерде ол автокөліктердің орындықтарын  сұранысқа сай жаңартып береді. Әзірге тапсырыс кент ішінен түсуде. Модель­ер-конструктор мамандығын мең­герген ол ашылғалы бері 5-6 тапсырыс алып, орындаған. Елдос өз өнімдерін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайтынын да жеткізді.

– Материалдарды Шымкент, Түркістан, Алматы қалаларынан аламын. Көбіне велюр, эко тері қолданамын. Бір тапсырысты 2-3 күнде бітіремін. Мамандығым осы болғандықтан, өзім пішіп, өзім тігемін. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуді ойлаймын. Автокөліктерді ағашпен қап­тауды, сонымен аэрографиканы, яғни, автокөліктерге сурет салу ісін де қолға алсам деген мақсатым бар, – деді ол.

Ал біз талабы таудай Елдосқа сәттілік тілеп қоштастық.

Лего

кірпіш –

құрылыс

көркі

Кәсіпкер Әсем Шәуенованың  лего кірпіш цехы 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Біз барғанда Әсем болмағандықтан, өндіріс басқарушысы Медет Абдуллаевпен сөйлестік. Ал­ға­шында брусчатка шығарса, былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грантына легокірпіш шығаратын құрылғы сатып алған. Сонан бері легокірпіш, қабырғалық блок  өндіру жолға қойылған.

– Біздің өнімдерімізге сұра­ныс жоғары, соған сәйкес тапсырыс та баршылық. Әсіресе, Жаңақорған, Шиелі кенттерінен көптеп түседі. Айына 3-4 мың шаршы метр брусчатка, 8-9 мың легокірпіш шығарамыз. Брусчатканың 1 шаршы метрі 1900-ден сатылса, легокірпіштің бір данасы 100, қабырғалық блоктың бір данасы 300 теңгеден сатылады. Цехта 15 шақты адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейту жоспарымызда бар,– дейді ол.

Тілшілер мінген көлік  Жа­йылма ауылына бет бұрды. Қар­бызымен аты мәлім ауылда кәсіпкерлік те қанат жайған.  Мұндағы алғашқы нысанымыз – ағаш цехы болды.

Ағаштан

түйін

түйген

Цех иесі Дінмұхаммет Дүй­сен­баев – былтыр «Jas Project» жобасына қатыс­қандар­дың бірі. Ол жоба арқылы 1 млн теңге қайтарымсыз несие жеңіп алып, өз кәсібін бастаған.

– «Jas Project» арқылы 1 млн теңге ұтып алдым. Ол бойынша ауыл тұрғындарына  заманауи техниканы пайдалануды үйрету үйірмесін аштық. Жоба аясында 62 адамды қамтыдық. Олардың көбі мүмкіндігі шектеулі жандар болды. 6 ай заманауи техниканы пайдалана отырып, ағаштан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауды үйреттік. Мысалы, орындықтар, үстелдер, шағын шкафтар. Ауылдың ма­кетін жа­садық. Жоба барысында жұ­мысты үш адам болып жүр­гіздік. Қазір бір өзім. Болашақта кәсібімді кеңейтсем деймін, – деді ол.

Ешкі сүті –

дертке

дауа

Өткен жылы «Jas Project» жобасы аясында 1 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібін бастағандардың бірі – Наргиза Рахмет. Ол қаржысына  Зааненский ешкісін сатып алып, ешкі сүтін өндірумен айналысуда.  Жоба барысында ол ауылдағы жүрек ауруы, қант диа­бетімен ауыратындарға, көзі на­шар көретіндер мен жүкті және емізулі баласы бар әйел­дерге тегін ешкі сүтін таратқан.  Басында 5 ешкі алған, қазір он­ға жуықтаған.  Ешкі ерекше кү­тімді қажет етпейді, күніне 2 литрге жуық сүт береді. Нар­гизаның анасы ешкі сүтінен қа­тық ұйытып, айран пісіп, құрт, май өндіріп отырғанын айтты.

Жайылма ауылы әкімі ап­па­ратының шаруашылық жө­нін­дегі бас маманы Икрам Әзиз­ұлының айтуынша, тұрғындарға кәсіпкерлікпен, ауыл шаруа­шы­лығымен айналысуда әкім­діктен көмек көрсетіліп, ке­ңестер беріліп, түсіндірме жұмыс­тары жүргізіледі. Былтыр кәсіп­кер­лікті дамыту қарқыны бойынша  Жайылма ауылы «Үздік ауыл» номинациясын иеленген. 1502 тұрғын бар, оның ішінде белсенді халық саны – 800.  Ауылда  былтыр несие алған азаматтар саны 38-ге жеткен, ал «Jas Project» жобасы бойынша 3 азамат қайтарымсыз грант жеңіп алған. Жалпы ауылда  кәсіпкерлер саны 72 болса, 34 шаруа қожалығы бар.

Осылайша облыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасы ұйымдастырған баспасөз ту­ры барысында Жаңақорған ауда­нындағы кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысып қайттық.

Жаңақорған ауданы.

ҚОҒАМ 07 қыркүйек 2019 г. 730 0