« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Домбыра – киелі. Ол кез келген адамға қона бермейді. Мұны менің кейіпкерім, айтулы мәдениет қайраткері, дәулескер күйші Әлімжан Нағызханұлы Әбсадықов кішкентайынан сезініп өсті. Қызылорда – ән мен күйдің, жалпы қасиетті өнердің ордасы. Халық арасында осы жерді “Сыр елі – жыр елі” деп те атап жатады. Меніңше, онда ұлттық аспабымыз домбыраны қадір тұтпайтын кісі жоқ. Қызылорда қаласында дүниеге келген бауырларымыздың арасында Әлімжанның орны бөлек. Ол ғұмыр кешіп жатқан шаһарда ғана емес, елімізге де кеңінен танымал азамат.
Домбыраға
құштарлық
Әлекеңді Солтүстік өңірде жатқан Қостанай облысының қалың жұртшылығы да ерекше құрмет тұтады. Өйткені бұл жақта ұзақ мекен етпесе де жарқын таланты, көркем мінезі, шығармашылыққа шын берілген қырларымен жақсы ізін қалдырды. Оның шерткен күйін сағынған жергілікті жұртшылық әлі күнге дейін «Шіркін! Күйші дегеніңіз Әлімжандай-ақ болса ғой! Ол қолына домбырасын ұстағанда қос шанаққа тіл бітіп, сайрай жөнелгендей болады! Жиналған қауым концерт аяқталғанша сілтідей ұйып тыңдап, ерекше әсерінен көпке дейін арыла алмайтын» деседі. Мұндай құрмет пен ілтипатқа дархан дарын иесі, табиғи қабілетімен, шырайлы кескін-келбетімен, еңбекқорлығымен ие болғандығына дау жоқ.
Өмір бір орында тұрмайды. Қарап отырсақ, кез келген адамның жүрегіне жол табатын иманды да адамгершілігі мол азамат үстіміздегі жылы 3 қарашада 50-ге толғалы отыр. Алайда оның түр-сипатына қарап, бұл жасты, сірә, бере қоймайсың. Ол қазақтың кәдімгі қарапайым ғана отбасында дүниеге келді. Облыс орталығында туған бала кішкентайынан өнерге құштарлық танытты. Мұны өз кәсібінің майталманы, яғни қатардағы жүргізуші болып істеген әкесі Нағызхан бірден байқады. Анасы Інжу апамыз да ұлының радиодан беріліп жатқан күйді ерекше ықыласпен тыңдайтынын айқын сезді. Сондықтан болар, балаларының бойындағы қабілетін ұштау керек екендігін терең сезінді. Шешесі ұзақ жылдар бойы он саусағынан өнер тамған тігінші болды.
Осы жазғы демалыста туған жерім Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданына жолым түсті. Қызылорда шаһарына арнайы аялдап, өзім көптен бері ерекше қадір тұтатын інімнің шаңырағына ат басын тіредім. Оның ардақты анасымен сәлемдесіп, инабатты келініміздің қолынан дәм таттым. Өздері жеке үйде тұрады екен. Балалары да үйдің сәнін кіргізіп, ұлттық құндылықтарымызға айрықша ден қоятындықтарын көрсетіп-ақ тастады. Үлкен кісілер әр отбасының берекесі ғой. Інжу апамыз бізге өзінің әулеттерінің тыныс-тіршілігі, сүйікті ұлының өнерге деген ынтызарлығы жайлы сыр шертті. Отағасы Нағызхан мен жанұяның ұйытқысы Інжу апамыз екеуі жарты ғасырдан астам бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Алты балаға тағылымды тәрбие берді. Әлімжан – перзенттерінің үшіншісі.
Өнердің де тұқым қуалайтыны жалпыға белгілі ғой. Шаңырақ иесі жұмыстан қолы босаған кезде қолына қазақтың қара домбырасын алып, күмбірлете күй шертетін. Мұндай кісілер өз ортасында өте сыйлы болады емес пе? Араласатын кісілер той-томалақ, басқа да қуанышты сәттерде оған қолқа салып, ұлтымыздың ежелден келе жатқан ойлы әрі қиялыңды қияндарға шарықтататын күйлерді тартқызатын еді. Сыйлы азамат та бұлданып жатпайтын. Бойындағы өнерін жасырмай, әрдайым көпшіліктің алғысына бөленетін-ді. Міне, соның бәрін зерек Әлімжан кішкентай болса да көңіліне тоқып, санасына сіңіре берді. Ол аз десеңіз, үйге жиі келіп тұратын жақын туыс ағасы Мұрат та ән-күй десе, ішкен асын жерге қоятын. Соған да еліктеп, өскенде мен де осындай қалың жұртшылықтың шынайы ықыласына бөленетін шығармашылық адамы болсам деп армандайтын. Қазірге дейін сол бір балалық балғын және бозбала шақтарды ерекше сағынышпен еске алады. Өзі ең алғаш «Ақбұлақ» деп аталатын әнді гитарамен қосыла шырқағаны күні кешегідей жадында.
Қайран әке, өз баласына деген махаббаты мен қамқорлығын аямады. Ұлының бойындағы көпшілікте кездесе бермейтін қарым-қабілетті көзімен көре білген соң бұған домбыра сатып алып берді. Сол кездегі қуанышын тілмен айтып жеткізе алмас. Нағашылары да жиендерінің таудай талабын қолдамаса, қарсылық білдірген жоқ. Әбдәли есімді анасы жағынан туыс болып келетін, руханиятқа жаны жақын азамат жанашырлық танытып, домбыра сыйлаған-ды.
Сонымен, Әлімжан Нағызханұлы 2-сыныптан бастап домбыра тартып, жұрттың назарына түсе бастады. Арада бір жыл өткен соң ол облыс орталығындағы музыкалық мектептің табалдырығын аттады. Сол уақытта осы білім ордасына мәдениет саласының білгірі, аймаққа есімі жете таныс Есен Көшербаев жетекшілік ететін. Ол да мұның талпынысы мен музыкаға деген құштарлығын айқын сезіп, қолдан келген қамқорлықтың бәрін жасады. Дарынды шәкірт домбырашылық мамандыққа деген талпынысын қаладағы өнер мектебінде одан әрі жалғастырды. Зырылдап өтіп жатқан уақыт емес пе? 1984 жылы аталған білім ордасын ойдағыдай тәмамдады. Өнерге біршама төселіп, оңы мен солын жақсы танып қалған еді. Сондықтан да болар, Қызылорда қаласындағы музыкалық училищеге студент болып қабылданды. Домбыра класында шеберлігін шыңдады. Ұстаздан да жолы болды. Өз кәсібінің шебері Айтберген Жаңбыршиев баланың қабілетін барынша дамыту мақсатында тиянақты жұмыс істеді. Тәлімгер мен шәкірт терең ұғысып, мұның домбыра саласындағы алғашқы талпыныстары жемісін бере бастады.
Алматыда топ
жарды
Бұл 1987 жыл еді. Кешегі музыка мектебі табалдырығын аттағандағы инабатты бала бір оқу орнының мақтанышына айнала бастады. Алматы шаһарындағы Чайковский атындағы атақты оқу ордасында ұйымдастырылған колледжаралық жас орындаушылар байқауында жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Алғашқы лауреаттық атақ пен көпшілік алдында тапсырылған арнайы диплом Сыр бойынан барған қағілез де дарынды бозбаланы қанаттандырып, өзіне деген сенімін барынша арттырды.
Бұрынғы астанадан үлкен қуанышпен мәртебесі өсіп келгенде жергілікті ағайындар мен ұстаздары оны құшақ жая қарсы алды. Тәлімгерлері жетістіктеріне және еңбекқорлығына қарап, егер шындап іздене берсе, болашақта ел намысын қорғайтын дарынды күйші атанарына шүбә келтірмеді. Арада бір жыл өткен соң үй ішінің келісімін алған Әлімжан уақытты созбай, көрікті қала Алматыға келді. Ол кезде өзі секілді ұлтымыздың таланттылары осындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға құжаттарын тапсыратын. Әрине, студент атану оңай емес. Атақты оқу орнына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана алынатын. Қызылордалық талапкердің бағы жанды. Барлық шығармашылық емтихандарды тиісті деңгейде тапсырды. Әрқашанда дидарынан жылы шуақ төгіліп тұратын, үлкен мен кішіні сыйлай білетін ол жоғары оқу орнына бірден сіңісіп кетті. Есімі күллі қазақ жұртына аса танымал, көптеген шәкірттердің ұлағатты ұстазы, өнерде өзінің өшпес ізін қалдырған даңқты профессор Мәлғаждар Әубәкіров тәлімгерлік етті. Сыр бойында жүрген кезінде-ақ талайлардың таңдайын қақтырған өнерлі бозбала консерваторияда да шеберлігін көрсетті. Оқу орнының жанындағы «Мұрагер» деп аталатын ансамбльде қызмет етті. Өнер ұжымының құрамында болғанда белгілі өнер қайраткерлері Абдулхамит Райымбергенов пен Досмұхамед Тұяқбаевтардың басшылығымен әлемді шарлады.
Сөйтіп, бұрын өздеріне бейтаныс Түркия, Германия, Италия, Америка секілді өркениетті мемлекеттерде болып, қазақ өнерін басқаларға паш етті. Олар да кешегі Францияны асқақ даусымен тәнті еткен абыз атамыз Әміре Қашаубаевтың елінен келген дарынды жігіттер мен қыздардың салған әндері мен күмбірлете шерткен күйлеріне риза болып, қайта-қайта қол соқты. Сондай-ақ ол Алматы шаһарындағы Құрманғазы атындағы Айтқали Жайымов басқаратын халық аспаптары оркестрінде де дәулескер күйші ретінде баршаға танылып қалған-ды. Мұның бәрі де оның өз кәсібіне деген шексіз ынтызарлығын, өнерді өмірім деп түсінетін тағы бір азаматтың қалыптасып келе жатқанының нақты дәлелі-тін. Сол жылдары өзіне дәріс берген ұстаздары да, бірге оқыған курстас, яғни қазіргі айнымас достары да өзін ерекше қадірледі.
Ұстаз шыңы –
сенімді ақтаған
шәкірті
Қостанай – киелі өңір. Бұл жерден қазақ өнерінің негізін қалаған тұлғалар шыққан. Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин секілді көрнекті қайраткерлермен қатар, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов сияқты қайталанбас ардақтыларымыздың есімі иісі қазаққа мәлім.
Осы астығымен атағы алысқа әйгілі Қостанай өңіріне сол жылдары Кенжебек Үкіұлы басшы болып тағайындалды. Мәдениет саласына аяулы қазақ қызы Римма Ғайсенова жетекшілік етті. Сол кісілердің тікелей қамқорлығымен Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жанынан қазақ ансамблі құрылды. 1993 жылы көктем айында осынау өнер ордасының сол кездегі басшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Рыдченко Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға арнайы келіп, ұлтымыздың бір топ талантты жігіттері мен қыздарын қызметке шақырды. Владимир Васильевич түлектермен кездесті. Ең бастысы, жастарға өңірде қазақ өнерін көтеру керектігін және барлығы да баспанамен қамтамасыз етілетінін айтты.
Консерватория түлектері ақылдаса келе, киелі Қостанай жеріне табан тіреді. Көп өтпей, «Ақжелең» ансамблі дүниеге келді. Кейіпкерімізге үлкен сенім артылып, осы өнер ұжымының жетекшісі болып тағайындалды. Әрине, олардың келуі облыс мәдениетіндегі елеулі оқиға болды. Ата-бабамыздан келе жатқан киелі өнерге сусап отырған бауырларымыздың алғашқы күннен бастап жан дүниелері рухани жағынан байып, оларға шынайы алғысын білдірді. Ансамбльдің құрамындағы жастар да өздерінің біліктіліктерін танытты. Ресейдің астанасы Мәскеуде ұйымдастырылған халықаралық байқаудың лауреаты атанды. Тіпті, сол үлкен шаһарда өткізілген Наурыз тойына да қатысты. Өнер сахнасында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева және «А-Студио» тобымен өнер көрсетіп, көршілес орыс халқын тәнті етті.
Әлімжан Әбсадықов талантты жастардан құралған ансамбльдің білікті басшысы, табиғи талантты күйші болуымен қатар, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің музыка факультетінде және облыс орталығындағы музыкалық мектепте талапкерлерге домбырадан дәріс берді. Қаншама шәкірттері түлеп ұшты. Олардың бәрі де Сыр өңірінде туып-өскен ұстаздарын әрдайым ерекше мақтанышпен айтып жүреді. Кейін олардың бірқатары кезінде бұл басқарған «Ақжелең» ансамбліне қызметке алынды. Қабілетімен дараланған шәкірттерінің бірі – Сапар Молдабеков. Ол қазір облыстық филармониядағы белгілі өнер иесі. Сазгерлік қабілетімен де есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс.
Ата-ана ұл мен қыз үшін әрқашан да ардақты емес пе? Уақыт өте Әлімжан Нағызханұлы әке-шешесіне қамқорлық жасап, өзінің перзенттік парызын орындау мақсатында туған жері Қызылордаға оралды. Әрине, кетерінде оны қостанайлық талғампаз қауым, әріптестері әрі бауыр басып кеткен шәкірттері қимай шығарып салды. Бұған да оңай болған жоқ. Алайда кіндік қаны тамған өңірге келген соң шығармашылық жұмысқа білек сыбана кірісті.
Содан бері облыс орталығындағы музыкалық колледждің халық аспаптары бөлімінің меңгерушілігін атқарып келеді. Шәкірттері де ұстазының арқасында талай халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, жүлдегер атанды. Лауреаттық дипломдарға ие болды. Өнер иесі өңірде өте қадірлі. Бұл күндері облыстық филармонияның жанындағы Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінде концертмейстер де болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда Әлекеңсіз қалада бірде-бір мәдени шаралар өтпейді десек, асыра айтпаған болармыз. Осы аймақтағы барлық байқаулардың, өнер және шығармашылық кештердің бел ортасында жүреді. Оның қажырлы жұмысы, тың ізденістері лайықты бағаланды. Кеудесіне тағылып, күнмен шағылысқан «Ерен еңбегі үшін» медалі және лауреаттық төсбелгілері – осы сөзіміздің нақты дәлелі.
Ой-өрісі кең, біліктілігі жоғары маманның бос уақыты жоқ. Еліміздегі республикалық байқаулар мен олимпиадаларға әділқазылар алқасының мүшесі ретінде жиі шақырылады. Оның тәлімін алған жігіттер мен қыздар қазіргі таңда еліміздегі «Отырар сазы», Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрлері мен елордамыз Нұр-Сұлтандағы филармонияда қызмет атқарады. Бұл да көп жайдан сыр шертіп тұрған жоқ па?
Қызылорда – небір мықты күйшілердің Отаны. Олардың бәрінің бірдей атын атап, түсін түстеп шығу да мүмкін емес. Талғампаз қауымға Шалмырза, Әлшекей, Досжан және басқалардың есімін аса бір құрметпен атасақ орынды болар.
Ынтымағы жарасқан Әбсадықовтар әулетін бәрі де үлгі тұтады. Жары Айгүл шаһардағы №9 орта мектепте білікті ұстаз. Төрт перзентіне уақыт талабына сай тәрбие мен білім беріп келеді.
Сөз соңында Әлімжан бауырымызды мерейтойымен құттықтай отырып, оған әрдайым өнер биігінде жұлдызың тек қана биікте жарқырай берсін деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз!
Оразалы Жақсанов.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |