Темірден түйін түйген

Жас та болса өзінің еңбекқорлығымен елге танылып жүрген азаматтардың бірі Амандық Әлиевтің есімі Жосалы кенті тұрғындарына, әсіресе, көлік тізгіндегендерге етене таныс. Жастайынан темір-терсекке жақын болып өскен Амандық Алпамысұлы өсе келе мектептегі білімін тәмамдаған соң, Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Елге оралады да токарьлық мамандықты игеруде заманында атағы КСРО-ға танымал болған әйгілі Жосалы механикалық зауытына жұмысқа қабылданады.  
Сол жылдары аудандағы кә­сіпорындар мен мекемелер­де көптеген жұмысшылар қыс­қартуға ұшырап, жұмыссыз қалды. Сондай жағдай зауытта да орын алды. Зауыт өнім беруін азайтуының салда­ры­­нан жұмысшыларын да қыс­­қартты. Айлық мөлшері азай­­ды. Бі­рақ, осындай қиын жағ­­дай­ды басынан өткерген жұ­­­мыс­­шы­­лар бәріне шыдап, ел­мен бірге еңбек етті, өмір сүрді. Олар­­дың қатарында өзі­­нің еңбек­қорлығымен, жа­у­­ап­­кер­шілі­гімен ұжымда бе­­дел­­ге ие болған Амандық Ал­па­мыс­ұлы да бар еді.
Сол жылдары аудан тұрғын­дарына «Автобаза» атауымен танымал болған кәсіпорынға токарь мамандығымен қызмет­ке орналасқан ол еңбек тә­жі­рибесінің арқасында көлік жүргізушілер ортасында да абы­ройлы болды.
Амандық еңбек еткен «Автобаза» жұмысын тоқтатқан соң, ол бірнеше мекемеде то­карь болды.
Өз ісінің шебері бүгінде «Октябрь топтық су құбыры» мекемесінде еңбек етіп келеді.Күндіз жұмыста ұжым бас­шылығы міндеттеген жоспарды мінсіз орындаса, кешке өзінің жеке токарьлық шеберханасында ауыл-аймақ тұрғындарына қызмет көрсетеді. Одан қал­ды Амандық дәнекерлеу ісі мен ағаш ұстасы кәсібін де меңгерген. Темірден түйін түй­ген кәнігі шебер тұтынушылар берген тапсырыстарды сапалы әрі уақытылы орындайды.
Біз барғанда есік алдында жартылай дайын дарбазаны дә­некерлеп жатқанының үстінен түстік. Ұстаны әңгімеге тартып, күнделікті ты­ныс-тір­шілігі туралы сұхбат алып отыр­ғанымызда қолына автокөліктің болтын ұстаған орта жастағы ер адам кірді. Амандық-сау­лықтан соң, автокөлігі көшеде бұзылып, бұзылған кө­ліктің болтының жарамсыз болып қалғанын айтып, жаңадан жонып беруін өтінді. Істеп жатқан жұмысын дереу тоқтатып, тапсырысын орындауға шеберханасына кір­­­ді. Төрде тұрған станокты қосты. Арада бес-он минут өткен соң қолына манағыдай болт­тың су жаңасын ұстап шығып, тұтынушыға ұстатты. Ал, өз кезегінде жұмысының тез әрі сапалы біткеніне қуанған жолаушы Амандыққа алғысын айтып жатты.
– Міне, менің тірлігім осы. Көбіне келетіндер – көлік жүргізушілері. Олар жаңағы жо­лаушы сияқты болт, гайка, втулка сияқты жарамсыз болып қалған бұйымдарды жаңартып әке­теді. Араларында еңбегімді баға­лайтындар да бар. Кейбірі кө­бірек береді, кейде ақшалары болмай қалатындар да кез­деседі. Оларға түсіністікпен қараймын. Осының арқасында болар, дос­тарым да көп, ағайын-ту­ыс, көрші-көлеммен татумыз. Көршілердің күнделікті тұр­мысқа қажетті құралдарын да жөндеп беру менің міндетім, – дейді шебер.

Н.ӘБІЛАХАТҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.
ҚОҒАМ 31 тамыз 2019 г. 586 0