Мәдениет – барша ізгіліктің мәйегі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова журналистермен брифинг өткізді. Брифингте басқарма басшысы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді саралап айтып, мына жайлардан хабардар етті.
Облыс көлеміндегі мәдениет үйлері мен клубтарда 7289 мәдени шара, облыстық филармонияда 147 концерт ұйымдастырылып, облыстық театрда 138 спектакль қойылған. Бұл – әрине, халық пен мәдениет қыз­меткерлерінің арақатынасындағы жо­ғары деңгей деп айтуға тұрарлық жайт.
 
Жастар жылына және Әйтеке бидің 375 жылдығына арналған «Жас­тар жырлайды» атты республи­калық ақындар айтысы, халықара­лық деңгейде «Сыр өңірінің түр­кі халықтарының тарихы мен мә­­де­ниетіндегі алар орны» атты ғы­лыми-теориялық конференция, екінші рет өткізілген «Парасатты поэ­зия» жыр фестивалі, халықаралық балдық би турнирі және «Аға ұр­пақ өнері жастарға аманат» атты сурет­шілер симпозиумы –  биылғы жылдың ауқымды мәдени шаралары.  
Ақын, драматург Әбділда Тәжі­баев­тың 110 жылдығына арналған «Жұл­дыз шашқан жырлар» атты поэзия кеші, Н.Гоголь атындағы Қа­рағанды облыстық әмбебап ғы­лы­ми кітапханасымен бірлесіп «Әб­діл­да Тәжібаевтың ақындық әлемі» тақырыбында онлайн-конференция – жал­пы жұршылықтың кітап оқуға қай­та ден қоя бастағанының бір белгісі.  
«Жаһандық әлемдегі заманауи қа­зақстандық мәдениет» жобасы аясында облыстық филармонияның ка­­мералық оркестрі түркітілдес ел­дердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен классикалық камералық оркестрлер фестивалінде, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі сәуір айында Ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сарайында жоғары деңгейде өнер көрсетті» де­ді басқарма басшысы.
Сонымен бірге М.Әбуова Қазақ­стан­ның Өзбекстандағы жылын өт­кізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылдың 13-19 тамызы күндері Өзбекстан Республикасында Қызылорда облысының өнер күндері өткізілгені жөнінде де әсерлі ақпарат айтып өтті.
 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала қа­лашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұл журналистерге таныс жағдай – Қышқала, Жанкент, Сығанақ қалашықтарында пресс-турлар  ұйымдастырылғаны мә­лім. Қышқала қалашығынан тұрғын үйдің сегіз қырлы ішкі бөлмелерінің толық жоспары, қыш күйдірген үлкен пеш аршылса, Жанкент қалашығынан орта ғасырда тұтынған заттардың фрагменттері мен сол ғасырда тұтын­ған иіс су құтысының табылуы өтке­німізді тани түсуге үлкен олжа болып қосылған жәдігерлер қатарын толықтырды.    
Басқарма басшысы «Жыр мұра» жобасы жөнінде кеңірек қозғады.  Бұл жобаның негізгі мақсаты – «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағыты бойынша халық арасында ұмытылып бара жатқан  жыр-термелерді, мақам-саздарды, күй­­лерді қайта жаңғыртып, келешек ұр­паққа табыстау, Қорқыт мұра­ларын жан-жақты насихаттау, облыс мәдениет ұйымдарында қобыз үйірмелерін ашу, жыр әлеміне жас жаңа есімдерді шығару. «Ел іші – өнер кеніші», біз жаңа бұлақтардың көзін ашуымыз керек» – деді М.Әбуова.
Осы тұрғыда 7 аудан мен Қызыл­орда қаласын қамтитын «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция және аудандардағы жыр мектептері мен үйірме мүшелеріне об­лысымызға белгілі жыршы-жы­раулардың қатысуымен шеберлік дә­рістер ұйымдастырылған. Жоба қо­ры­тындысы бойынша қараша айында бұрын-соңды сахнаға шықпаған жас талант жыршы-термешілердің гала концерті өткізілмек.
Сонымен бірге басқарма басшысы алдағы жоспарларды ортаға салып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Дүйсенбек Аяшұлы
ҚОҒАМ 01 қыркүйек 2019 г. 1 017 0