Ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген біртұтас халықтың байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, Ата заңын қабылданғанына биыл 24 жыл толды. Еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам құрып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алған елдің ең басты мерекелерінің бірі – Конституция күні. Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты – сол елдің Ата заңы. Ол қабылданған күнді жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде атап өту Конституцияға деген құрметтен туындаған.
«Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Бұл – Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы. Ата Заңда мемлекет үшін адам капиталының қаншалықты маңызды екені нақты әрі анық көрсетілген. Осы арқылы Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің қатарында тұруға моральдік құқық алды.
Тарихи шешім қабылдаған сол күннен бері еліміздің құқықтық өмірінде жасампаз жаңа дәуір басталған еді. Содан бері Ата Заң тәуелсіздіктің тірегіне, дамудың қайнар бастауына айналды. Мемлекет пен қоғамдағы барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуын жеделдетті. Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарына Конституция негіз болып келеді. Ата Заңды қабылдаудың маңызы туралы Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» деп жазды.
Ата Заңды қабылдаудың маңызы туралы Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» деп жазды.
Конституция деген сөздің өзі «құрылым» дегенді білдіреді, яғни бүтін бір елдің бір идеяға, бір ту астына бірігіп, мемлекет құруы. Дала демократиясы өркендеген қазақ жерінде Алтын орда дәуірінде Шыңғысханның «Ясасы», Қазақ хандығы тұсында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» салтанат құрды. Әділет туралы айтқанда ауызға алдымен ілінетін «Қара қылды қақ жару», «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешу», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сияқты мәтелдеріміз «Қасым ханның қасқа жолындағы» заң тармақтарынан алынған. Қасым хан көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына негізделген тәртіп орнатты.
«Есім ханның ескі жолы» жерге, малға байланысты ережелерді, мүліктік қатынастарды, ұрлық, кісі өлтіру, қасақана жарақат келтірудің жазаларын, әйелдердің қоғамдағы жағдайын, әскери міндеттілік, дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қарады. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» аты айтып тұрғандай, жеті заңнан құралды. Жер дауы, отбасы-неке, әскери, сот, қылмыстық істер, құн, жесір дауы заңдарында осы жағдайларға қатысты мәселелер осы жарғымен реттелді.
Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда 1924 жылы, кейін 1937 және 1978 жылдары Конституция қабылданды. Тәуелсіздік алған соң 1993 жылғы 28 қаңтарда алғашқы Ата Заң өмірге келді. Дегенмен, ол кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, кей тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сай болмады. Қазіргі қолданыстағы Ата Заң – әлемдегі ең жас, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі. Бұл жөнінде Елбасы «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» деген болатын.
Біздің Конституциямыз бүкілхалықтық талқылаудан кейін қабылданғандығымен де құнды. Елдің ең негізгі құжатын көпшілік пікірін ескере отырып қабылдау тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет іске асты. Оны талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан. Жұртшылықтан түскен 31 мыңнан астам ұсыныстың мыңнан астамы Конституция жобасына енгізілген. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 проценті қатысты. Олардың 89,14 проценті жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.
Соңғы жылдары Конституцияға өзгерістер енгізіліп, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Мемлекетіміз президенттік-парламенттік басқару тұрпатына көшті. Енді елімізде партиялық сайлау жүйесі енгізіліп, Парламент Мәжілісінің сайлауы жаңа сайлау ережелері бойынша жүзеге асырылды. Бас құжатта адам құқықтары мен бостандықтары жоғары бағаланғандықтан, бұл принцип салалық заңнамаларда да көрініс табуда.
Кеңес дәуірінде заң бұзған адамды бұзақы ретінде көру стереотипі қалыптасқан еді. Қазір керісінше, кінәсіздік презумпциясы басшылыққа алынады. Өйткені Конституцияда тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары тайға таңба басқандай белгіленген. Мемлекеттің азаматтығын алған адамның азаматтық құқықтарына қоса, тиісті міндеттері де белгіленеді. Конституция бойынша біздің елдің азаматы орта білім алуға, заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеуге, Отан қорғауға міндетті.
Еліміз бен Тәуелсіздіктің тірегі – Конституцияны қатаң ұстану, құрметтеу, қорғау, барлық талаптарын сақтау әрбірімізге міндет әрі парыз. Бұл жайында Елбасы «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ» деп атап көрсеткен.
Тәуелсіз мемлекеттің дамуына даңғыл болған, бетке алған бағдарына жарық түсірген Ата Заң демократиялық, құқықтық мемлекет құру жолында мығым заңдық негіз болып келеді.
Гүлжазира Жалғасова