Кеше Қазалы ауданындағы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
«Білім. Бағыт. Болашақ!» тақырыбындағы конференцияға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев төрағалық етті. Алқалы жиынға облыстық білім басқармасы мен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда облысы филиалының өкілдері, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен ардагер ұстаздар, ата-аналар кеңесінің төрағалары, білім беру ұйымдарының басшылары және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін дәстүрлі кеңесте аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндерттерді атап көрсетсе, облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығ
ының директоры Сырым Асқаров аймағымыздың білім беру саласы бойынша алда тұрған міндеттер, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда облысы филиалының аға менеджері Қызжібек Абдраманова «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттырудың тиімділігі» туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ бұл күні республикалық тамыз кеңесінің делегаты, №16 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Эльмира Жексембиева мен жас маман, №103 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жанат Ержігітова сөз сөйлеп, ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Дәстүрлі тамыз кеңесін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қорытындылап, білім саласына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы жетістікке жеткен бірқатар ұстаздарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі мен облыстық білім басқармасының «Құрмет
грамотасымен», облыс және аудан әкімінің «Алғыс» хаттарымен марапаттады.
Сондай-ақ, Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Қазына Сахитжан «Ы.Алтынсарин» медаліне, С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің директоры Ләззат Ізбасқан ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды.
Тамыз кеңесі аясында аудан басшысы «STEAM» – білім берудің Қазақстанда дамуы» тақырыбында инновациялық білім беру ұйымдары мен оқушылар үйі, балабақшалар ұйымдастырған техникалық шығармашылық көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, Мұрат Нәлхожаұлы «Балалардың инженерлік командасы» техникалық шығармашылық көрмесі, «Латын әліпбиі – рухани жаңғыру негізі» тақырыбында мұғалімдердің шығармашылық жұмыстары, мектеп оқушыларының әлеуметтік ғылыми жобасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында №16 мектеп-лицейдің «Қыш бұйымдарының шеберлік» үйірмесінің жобалық кеңсе жұмыстарымен де танысты.