Өңірімізде бала құқығы қаншалықты қорғалып жүр?

Ата-ана күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, бала тәрбиесін естен шығарып алып жатады. Баланың материалдық қажеттілігін қалай өтесем деп жүргенде оларға көңіл бөліп, көзқарасымен санасуды кейінге ысыра береді. Бала көзқарасын құрметтеу дегеніміз не? Қоғамдағы балалардың құқығы қаншалықты қорғалып жүр? Осы және өзге де мәселелер «Соттарда азаматтық істерді қарау барысындағы балалармен жұмыс істеу ерекшеліктері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында ұйымдастырылған шарада сот процесі кезінде балалардың ойын құрметтеу және тыңдау, бала құқығын қорғау мәселелері сөз болды. Шараға «Бітім» медиация орталығы» ҚБ директоры Ләззат Бақтыбаева, ювенальды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Ақмарал Жанысбекова, қалалық білім бөлімі жанындағы қамқорлық және қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның жетекші маманы Гүлмира Ақжігіт, психолог, «Bilim foundation» ҚҚ-ның ұлттық мастер-тренері Нұржамал Раханова, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Әсел Ысқақова қатысты.
Облыста ғана емес, елімізде балалардың маргинал санатына қосылып кетпеудің алдын алатын институты жоқтың қасы. Тұрмысы төмен, әлеуметтік тұрақсыз отбасылармен жұмыс жасап жатқан қоғамда әлеуметтік орган жоқ. Баланың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқығын қорғап, оның көзқарасын құрметтеуді бірінші орынға қоятын болсақ, осындай орталықтар санын көбейтуіміз қажет.
Қалалық білім бөлімі жанындағы қамқорлық және қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның жетекші маманы Гүлмира Ақжігіттің айтуынша, бұған дейін Қызылордада ЮНИСЕФ қаржыландыратын «Сыр ұландары» қоғамдық бірлестігі болған. Аталған ұйым бала құқығын қорғап, ісін сотқа дейін жеткізбей шешуге көмегін тигізді. Онда психологтар кәмелетке толмаған балалармен жан-жақты жұмыс жасаған. Бірақ қазір оның жұмысы тоқтап тұр.
Есесіне қала мектептерінен медиация кабинеттері ашылып жатыр. Бұл туралы басқосуда «Бітім» медиация орталығы» ҚБ директоры Ләззат Бақтыбаева мәлімдеді.
«Қазірде Қызылорда қаласында медиация қызметін дамыту жөнінде әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Мақсат – қаладағы 54 мектептен медиация кабинеттерінің ашылуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жасөспірімдер, ата-аналар, мұғалімдер арасындағы дауларды медиациялық технологияны қолдану арқылы сотқа жеткізбей бітімге келу. Бүгінде 30 психолог оқытылып, 10 мектепте медиация кабинеттері ашылды. Қыркүйек айынан бастап кәсіби медиаторлар тегін кеңес береді. Осы арқылы бала құқығын қорғап, құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал ететін боламыз», – деді ол.
1989 жылы Балалар құқығы туралы конвенция қабылданды. Конвенция негізінде 2002 жылы Қазақстанда «Балалар құқығы туралы» заң қабылданды. Міне, осы құжаттар баланы озбырлықтан, оның абыройын төмендетуден, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайды. Біздің өмірдегі кейбір келеңсіз жағдайлардың көбі осы заң талаптарын білмеуімізден туындап жатады. Осы мақсатта еліміздегі мектептердің барлығына жеке мектеп инспекторын берді. Олар немен айнасылып жатыр?
«Қазіргі таңда 54 мектептің 45-не мектеп инспекторлары бекітіліп жатыр. Мектеп мұғалімдерімен бірігіп маргинал топтағы балалардың тізімі жасақталып, анықталуда. Өкініштісі, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыс деңгейі жыл санап артып келеді. Балалардың қатысуымен ауыр емес, орташа немесе ауыр қылмыстар жасалуда. Инспекторлар мектептегі жұмысын ата-аналардан бастап жатыр. Себебі тәрбие отбасынан басталатыны анық», - дейді ювенальды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Ақмарал Жанысбекова.
Бірақ «Бітім» медиация орталығы» ҚБ директоры Ләззат Бақтыбаева бала тәрбиесінде барлық жүкті ата-анаға артып қою дұрыс емесін айтады. Бала мектепке дейін балабақшада тәрбиеленеді. Балабақшада түрлі отбасынан шыққан балалар өзге балалардың болмыс-бітіміне тәрбиесіне әсер етпей қоймайды.
«Жауапкершілікті жаппай ата-анаға міндеттеп қоюдың өзі дұрыс емес. Себебі баланы үш орта тәрбиелейді. Олар – білім алған ортасы, өскен ортасы және араласатын ортасы. Ол орта 6 жасқа дейін, балабақшада қалыптасады. Бала бойына тәрбиені 6-7 жасқа дейін сіңіріп үлгеруіміз керек. Демек, балалар тәрбиесінің бастауы балабақшадан басталады. Әр үйдің еркелерімен түрлі шаңырақта тәрбиеленіп жатқан балаларда түрлі мінез бен болмыс болады. Сондай түрлі қасиеттерді балалар балабақшадан-ақ сіңіріп, оны әрі қарай мектепте жалғастырады. Біз мән бере бермейтін, біздің еркелікке балап жүрген бұзақылықтарды балабақшадан сіңіріп мектепте қайталағысы келеді. Демек, балабақшаның бала тәрбиесінде алатын орны зор», - дейді Ләззат Бақтыбаева.
Жиын соңында сала мамандары мектептердегі инспекторлардың кабинетін кеңейту, бала құқығын қорғайтын, заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы мемлекет тарапынан жабдықталған әлеуметтік орталық  құру сияқты ұсыныстарын жеткізді.

Фариза ОМАРОВА
ҚОҒАМ 28 тамыз 2019 г. 717 0