Қағаз қалта қоқысқа айналмайды

 Білесіз бе, пластик қалбыр мен полиэтиленді қалталар қолданысқа енгелі Жер шарының тұрғындары 8 миллиард тонна қоқыс шығарған. Бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді. Экологтардың дабыл қағуының да басты себебі сол.

Пластикалық қоқыс мәсе­лесімен көптеген елдер, әсіресе Батыс елдері күресіп келеді. Жалпы, 60-қа жуық мем­лекет полиэтиленді пакетке ішінара және толық тыйым салды, тағы біршамасы қалдықтарды қайта өңдеуге жіберіп, екінші рет пайдаға асыруда. Бұл салада Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Словения, Австрия және т.б. мемлекеттер табысқа қол жеткізген.

Асқар Жылқаев – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің 4-курс студенті. Болашақ биологтың басты мақ­саты – қоқыссыз қала қа­лып­тастыру. Тазалыққа құмар, ысы­рапшылдықты сүймейтін боз­бала өзі туып-өскен аймақ пен қала тазалығына үлес қосу ниетімен жарқын жобаның бірін қолға алған.

– Менің жүзеге асырғалы отырған жобам «Нан өнімдеріне арналған жарнамалық экопакеттер» деп аталады. Экологиялық аймақта тұратынымызды ескерсек, бұл өте қажет нәрсе.  Экопакет сыртына кәсіпкер өз жарнамасын ұсынады, ол пакеттер қала дүкендеріне тегін беріледі. Олар да мұны тұтынушы халыққа тегін ұсынады. Бұл – бір. Екіншіден, бұл пакеттер жарнамалық міндетін атқарып қана қоймай, қоқыс көлемінің артпауына үлес қосады. Өйт­кені, қағаз – тез жойылатын қалдық. Қо­­қысты қалдықсыз өңдеу сынды жоба­лармен көп­теген бизнес жобаларға қа­тыс­қанмын. Егер қолға алған жұмы­сым халық көңілінен шығып, қала таза­лы­ғы­на пайдам тисе, ел дамуына сәл де бол­са үлес қостым деп білемін, – дейді ол.

Асқардың айтуынша, 2014 жылы құрылған «Asia Genetic Group» ЖШС еліміздің 24 қаласында франшиза негізінде жұмыс жасап келеді. Респуб­лика бойынша мыңға жуық дүкен экопакеттермен жұмыс жасауда. Ал біздің кейіпкер – құқықтың Қызылорда өңірі бойынша иесі.

– Бұл пакет 56 блоктан тұ­рады, яғни, 56 кәсіпкердің жарнамасы осы пакетте көрсетіледі деген сөз. Кәсіпкерлер де осы арқылы өз жұмыстарына жарнама жасап, қосымша табыс таба алады. Мысалы, бір отбасында кем дегенде үш не бес адам тұрады деп есептесек, күніге 10 мыңнан өнімі сатылса, әр тираждан сіздің жарнамаңызды тәулігіне 30 000-нан 50 000-ға  дейін адам көреді деген сөз, – дейді жоба үйлестірушісі.

Айта кету керек, экопакеттің құрамы таза және адам денсаулығына кері әсері жоқ. Тіпті, пакет сыртындағы бояу арнайы технология бойынша химиялық қоспасыз жазылады.  Ал, Асқар бүгінде қаладағы сауда дүкендері және жеке бизнес өкілдерімен келісім-шартқа отырып, халыққа насихат жұмыстарын бастап кеткен.

Ержан ҚОЖАСОВ.

ҚОҒАМ 17 тамыз 2019 г. 1 585 0