« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сыр өңірінің көрікті жеріне орын тепкен Шиелі ауданының жылдан жылға көркейе түскенін мұнда табаны тиген әрбір азамат алғашқы сәттен бастап сезер еді. Ел Тәуелсіздігі, мемлекеттің дамуы барысында бұрындары күтімсіз қалған көшелері күрделі жөндеуден өткізіліп, асфальт төселінсе, түнгі самаладай жарық елді мекендердің мерейін асыра түскендей. Жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтары да мұндағы қозғалысты ыңғайластырған. Жаңадан сәулетті қаншама ғимараттар бой көтерді. Халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік деңгейдің көтерілгенінен хабар береді. Тұрғындар да осы сән-салтанатты сақтау жолында әр аптада ұйымшылдықпен сенбілікке шығып, тазалыққа ұқыптылықпен аталысып келеді. Осы үрдіс соңғы кездері бұрынғыдан да қарқын алып, Шиелі тіптен шырайлана түсті десек, асыра айтқандық емес.
«Береке басы – бірлік!», «Ырыс алды – ынтымақ» дейді қазақ. Сөз қадірін зейінімен зерделейтін халқымыз «Көп жұмылса, тау тұрар» дейді тағы да. Міне, өркениет көшіне өз сән-салтанатымен ілескен алып Қазақстанның басты табысының бірі – елдегі ауызбіршілік болса, осы талап тұрғысынан Астанадан алыстағы Шиелі де көріне білді. Бұл атқарушы билік пен халық қалаулыларының басы қосылатын мәслихат депутаттарының, аталы сөз айтатын ардагерлеріміздің, бата бере білетін ақсақалдарымыздың «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара» білетіндігінің көрінісі.
Аймақтағы ең іргелі аудан Шиелі ауданының әкімі лауазымына бекітілгеніне үшінші айға айналып бара жатқан Қайратбек Сәрсенбаевты жергілікті жұрт жылы қарсы алды. Басшы да өзінің атқарушы билік құрамындағы мол тәжірибесін Елбасы бағдарламасының тиянақты орындалуы, елдің ынтымағы, мемлекеттің өркендеуі жолына нық қадаммен, үлкен сеніммен жалғастыра түсті.
– Шиелі – бұрыннан да көркем жер. Табиғаты да жақсы, жасыл желек пен бау-бақшасы да мол. Мұның бәрі еңбекке бейім аға ұрпақтың өнегесі мен үлгісі. Сол үрдіс үнемі сақталуы тиіс. Жуырда аудан орталығы мен елді мекендерді аралап көргенімізде көзге қораш кейбір кемшіліктер байқалып қалды. Мұны қалпына келтіргеніміз жөн. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, сырт көз қашанда сыншы. Елге келген қонақтардың, өтіп бара жатқан жолаушылардың біз жөнінде жақсы әсерде болуы өзімізге де мәртебе. Сондықтан да әрбір мекеме, кәсіпорын басшысы өз айналасындағы жағдайларға сергек қарап, тұрғындарға мәселені дұрыс түсіндіре білгені, қажет жағдайда мүмкіншілігіне орай жәрдем беруден де тартынбағаны жөн. Тазалық пен реттілік жүйелі жұмыс кепілі, – деп орынды ескертті.
Еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел бірлігін жарастыру саясатының діңгегі міне осындай алыс ауылдардан бастау алуы расында құба-құп шаруа. «Бұл – бірлік пен келісім, күшті саяси ерік-жігер және стратегиялық даму басымдықтарын айқын түсінушілік», – дейді мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде. Жаңа қоғам қалыптастырып жатқан елде болашаққа серпінді серпіліс туғызуға ұмтылу еліміздегі әрбір азаматтың, қоғам мүшесінің міндеті. Мынау «атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған уақыт көші кешегі марғаулықты көтермейді. Осы орайда шиеліліктердің уақыт тынысын дәл сезе білгендігіне сүйсініс білдіргеніміз жөн.
Аудан көлемінде үстіміздегі жылы сегіз әлеуметтік нысан құрлысын жүргізу жоспарланса, оның 5 нысанының құрлыс жұмысы толық аяқталып, 1 нысанға қайта жаңғырту мен қосымша құрылысы жүргізіледі. Ал екі нысанның құрылысы өтпелі. Сондай-ақ, 5 ауыз су, әкімшілік ғимарат, 1 инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілу үстінде.
Мемлекет басшысының қадағалауы бойынша жер-жерлерде әлеуметтік нысандардың көптеп салынып, пайдалануға беріліп келе жатқандығы белгілі. Бұл жақсы жағдай Шиелі ауданында жалғасын тауып келе жатқандығы көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Мәселен, аудан орталығында салынып жатқан 1200 орындық мектеп ғимаратының сметалық жоба құны 1 млрд. 617 млн. теңге тұрса, оны жүргізуші мердігер тамыз айына толықтай аяқтауға сөз беріп отыр. Алғашқы кезеңде үзілісі көбірек болған құрылыстың қарқын алуына әрине аудан әкімшілігінің араласуы өз жемісін берді деген сөз. Сол секілді Бестам ауылында да 300 орындық жаңа мектеп жуырда пайдалануға беріліп қалады деп күтілуде. Бұған Бидайкөлдегі селолық дәрігерлік амбулаторияның тұрғызылуын қосыңыз.
Бәйгеқұм ауылында бұрынғы ескі клуб үйінің апатты жағдайы жұртшылықты алаңдатушы еді. Енді ол 150 орындық болып жаңадан бой көтереді. Бұл жағымды жаңалық Қодаманов аулына да жұғысты болып, онда да жаңа клуб үйінің құрылысы басталды. Ал Балаби ауылында 900 орындық мектеп, Майлытоғайда 150 орындық мектеп құрылыстары мамыр айынан басталып та кетті.
Кофтунов атындағы орыс- қазақ мектебі ғимаратын қайта жаңғырту және қосымша құрылыс салу жұмысы қызу жүргізіліп, тұрғындардың ризашылығын туғызды. Ол үшін облыстық бюджеттен 308 млн. теңге бөлінді.
Нарықтық қатынас заманында әуелі қаржы жағдайы сөз етілетіндігіне сай нақты кезеңге аудандық бюджет кірісі болжамдалған 3 млрд. 730 млн. теңгенің орнына 3 млрд. 786 млн. теңгеге немесе 101,5 пайызға, оның ішінде өз кірісі 760 млн. теңге болып 107 пайызға орындалды.
Есепті мерзім ішінде жергілікті бюджет шығысы 3 млрд. 696 млн. теңгеге игерілді.
Бұрыннан ауыл шаруашылығы қалыптасқан ауданның өнеркәсіп өндірісі және кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері аймағымызда алдыңғы орындарда екендігінен жалпы жамағат хабардар. Сөзіміз жалаң болмас үшін цифрларды сөйлетіп көрсек, ол былайша тарқатылар еді. Аудан көлеміндегі кәсіпорындар 2014 жылдың 5 айында 9 млрд. 998 млн. теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексімен 104,3 пайызды құрады. Мұның алдағы уақытта жоғарылай түсу мүмкіндігі бар.
2014 жылдың 1 маусымына ауданда шағын кәсіпкерліктің 3685 субъектісі тіркелген. Жыл басынан жұмыспен қамтылған адамдар саны – 6318. Өткен жылдың осы кезеңіне кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелуі бойынша 11 пайызға, жұмыспен қамтылған адамдар саны 4,9 пайызға өсіп отыр.
Есепті кезеңге бөлшек сауда айналымы 1 млрд. 789 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108,7 пайызды құрады. Оның ішінде базарларда 825 млн. теңгенің сауда айналымы болды.
Ауыл шаруашылығы саласы жөнінде айтар болсақ, үстіміздегі жылғы есепті мерзімде ірі қара – 40 985, қой-ешкі – 83 538, түйе – 1 157, жылқы – 9 491, құс – 15 677 басты құрады.
Осы уақытқа тірілей салмақта 1578,7 тонна ет (1935 тн), 6137,3 тонна сүт (7307 тн), 277,5 мың дана (650 дана) жұмыртқа өндірілген. Нәтижесінде, салыстырмалы бағамен есептегенде 1088 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Бұл есепті кезеңге шаққанда 101,6 пайызды құрады.
Шиелі ауданы жоғарыдағы тәуір көрсеткіштерімен қатар инвестиция, құрылыс, көлік салалары бойынша да жақсы нәтижеге ие. Есепті мерзімде негізгі қорға 3 млрд. 50 млн. теңге инвестициялық қаржы салынды немесе өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 93,4 пайызды құрады.
Білім саласы бойынша биылғы жетістіктері де облыста алдыңғы қатарда ҰБТ-ға қатысқан 583 түлек орташа 75,1 балл жинады. 19 оқушы ерекше үлгідегі «Алтын белгі» үміткері болса, тест қорытындысы бойынша 9 оқушы өз білімін дәлелдеп, 3 оқушы «Үздік аттестатқа» ұсынылды. Алдағы күндерде мемлекеттік грант иегерлері де белгілі болып қалады. Соның нәтижесі бойынша шежірелі ауданның мектеп түлектері мол мүмкіндікке ие болады деген сенім зор.
Индустрияландыру картасы шеңберінде ауданда 2014 жылдың 1 маусымына аймақтық үйлестіру кеңесімен 4 жоба мақұлданды. Олар жобалық құны 612 млн. теңгені құрайтын «Мия Шиелі» ЖШС-ның мия өсімдігі тамырын өңдеу зауыты ағымдағы жылдың қаңтар айында аймақтық үйлестіру кеңесінің оң қорытындысын алынып, картаға енгізілді. Жаңа жұмыс орындары 50. Қазіргі таңға жер телімі алынып, құрылыс жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Жеке кәсіпкер Бөкенбаева Үміттің жобалық құны 3,6 млн. теңгенің кіші балық өсіру тәлімбағы (питомнигі) жобалары аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып мақұлданды. Жаңа жұмыс орны – 4. Қазіргі таңға жер телімі құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ, «Шиелі тас» ЖШС-ның жобалық құны 602 млн. теңгені құрайтын силикат кірпіштерін өндіру зауыты жобасы аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып мақұлданды. Жаңа жұмыс орындары – 59. Қазіргі таңға жер телімі құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар «Шиелі сапаржайы» ЖШС-ның жобалық құны 400 млн. теңгелік халықаралық туристік сапаржай құрылысы. Жаңа жұмыс орны – 32. Қазіргі таңда жер телімі құжаттары дайындалу үстінде.
Сонымен бірге өңірлік Индустрияландыру картасына ұсыну үшін «Тұлпар 2000» ЖШС-ның жобалық құны 354 млн. теңгелік асфальт-бетон зауыты құрылысының сметасы дайындалуда. Ондағы ашылатын жаңа жұмыс орны 53 болады деп жоспарланып отыр.
Әрине, аталмыш шаруалардың өз дәрежесінде орындалуы атқарушы биліктің пәрмені мен қабілет-қарымына байланысты. Ал оны өрістетуге аудан әкімі бастаған атқарушы биліктің мүмкіндігі жеткілікті екендігіне сенім бар.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |