« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
(портрет-профиль)
Қырғызстанға барған сапарымда Бішкек қаласының іргесіндегі «Ата-Бейіт» пантеон-кешенінде әкесі Төреқұл бастаған алаш арыстарының қасында жатқан Шыңғыс Айтматовтың қабіріне тағзым етіп, құран бағыштадық. Символдық мазмұны зор зілтастың қабырғасына «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болып өмір сүру. Шыңғыс Айтматов» деп жазылыпты. Жасампаз жазушының барлық кітаптарын оқып шыққам, бірақ санаңды селт еткізіп, сілкіндіріп жіберетін, заматында ойға батырып, оңашада өз жүрегіңе үңілдіретін мына сөйлемді кездестірмеппін. Ұлының қай сөзін теріп үлгересің, мүмкін, әлде бір кездесуде айтып, қалың оқырманын айран-асыр етті ме екен? Қалай десек те, қанатты тіркестің қат-қабат астарында адамның шынайы өмір сүру пәлсапасы жатыр. Шынында да, күн сайын бесіктен дарыған ана сүтінің, ата күшінің қасиетін сақтап, пендәуи пиғылға арандамай, адами болмысыңа кіршік түсірмей өмір сүру мүмкін бе екен? Әй, қайдам... Қалай ақталсақ та, әйтеуір бір кем дүниеңнің шеті көрініп тұрады. Ақиретте сұралатын «біліп істеген, білмей істеген қателіктерің» сол ма екен?
Адамзат Айтматовының ханды да, қараны да тәубеге келтіретін ғажайып сөзін түйсігіме түйіп алып, еріксіз, «күн сайын адам болып өмір сүрген» жандардың бейнелерін көз алдыма елестеткім келгенде, неге екенін білмеймін, қазіргі замандастарыммен қатар, сонау елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдарда қазақтың қамын жеп, қиын кезеңдердің күрмеуін қиып, еліміздің толысып-толықсып өркендеуіне білім-білігін, күш-қайратын қосқан әкелеріміз бен ағаларымыздың тұтас тұлғалары тұра қалғаны. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «ағы не, қызылы не, жігіттер, ебін тауып елге қызмет етейік» ұстанымы санасын сәулелендірген олар коммунист болып та, болмай да, партияның талаптарын талқысыз орындай жүріп те, шын мәнінде ұлттың ұядай ұйысып, ұшпаққа шығуына барынша мүдделі болды және сол жолда жанқиярлықпен еңбек етті. Олар жайлы естеліктер мен көзкөргендер солай дейді...
Сыр бойының тарихында есімдері ойып жазылған Исатай Әбдікәрімов, Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Ахметжан Жанпейісов, Нәлқожа Ергешбаев, Ерназар Сексенбаев, Ұзақ Еспанов, Алдаберген Бисенов, Сейілбек Шаухаманов... қайсыбірін айтып тауысайын сияқты қайраткерлердің қатарында майдангер, қаржы саласының санаткері Қажыман Асанұлының жұлдызы жарқырап тұрғанын екінің бірі білер ме екен? Он бес жылдан бері осы кісінің өмір жолы мен қызметін, қала берді адами бітімін зерттеп, зерделеп жүрген біз кейіпкердің өз дәуірінде, қысқа ғұмырында туған жерінің жарқын болашағы үшін жанкешті еңбек еткенімен қатар, бүгінгі ұрпаққа үлгі, үрдіс болар азаматтық келбетін танып-білдік.
Қажыман Асанұлы 1924 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданындағы «Қоғалыкөл» ауылында дүниеге келген. Әкесі Асан Бесарық бойындағы елдің тұтқасын ұстаған, айналасына қайырымды, қарапайым тірлігін қанағат еткен көзі ашық жан екен. Тілегіне берген шығар, тоқсан үш жасында қайтыс болған. Бірақ ауылдастары әлі күнге дейін «жүз жасаған» деп айтып жүреді.
Балалық шағы аштық жылдарының нәубетіне шарпылған Қажыман қылтасы қылтылдап, бұғанасы былқылдап, үлкендермен бірге колхоздың шаруасына жегіліп, көктемде соқаның солқылдақ тертесіне торғайдай қонып алып, жер жыртады, күзде қанар қапты арқасына асып, сары аңыздан масақ тереді. Тумысынан «төбесі тесік», ілім-білімге ынтызар ол сөйтіп жүріп бастауыш сыныпты, одан кейін орта мектепті үздік бітіреді. Қаршадайынан оң-солын танып, тірліктің тауқыметін тар қолтықтан кешкесін бе, ерте есейіп, еңсесін биік ұстайды.
1942 жылы жауынгердің жаукиімін жамылып, майданға аттанады. Атқыштар полкінде қызмет етіп, Еуропаны керзі етікпен кешіп өтіп, Берлинге дейін барады. Орыс тіліне жетік, жазу-сызуға ұқыпты, тапсырманы тиянақты орындайтын жауынгерге көзі түскен әскери басшылық оны соғыс аяқталғаннан кейін де штабта қалдырды. 1950 жылы елге оралған Қажыман аға құдай қосқан қосағы Зағипа Әбдірахманқызымен табысып, шаңырақ көтеріп, ауданның түбіне жетпейтін тіршілігіне кірді де кетті. Мектепте алған орнықты білімі, есеп-қисапқа ерен жүйріктігі әжетке жарады, туған ауылында есепші қызметін атқарды. Арнаулы кәсіби білім беретін техникумды тәмамдады. Еңбектен қол үзбей жүріп, 1952 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсті. 1953 жылы отының алды, суының тұнығындай алғашқы перзенті Фатима жарық дүние есігін ашып, базарлы үйдің бәсі асқақтай берді. Ол кезде есеп мамандары жетісе бермейтін, соғыстан оралғандары жаралы, қауырт іске қауқары келмейді. Сондықтан бейнеттің батпандай салмағы Қажыман сияқты жастардың иығына түсті. Жылдар бедерінде тәжірибе жинақтай келе басшылық қызметтерге ұсынылды. Алдымен мемлекеттік банктің Қармақшы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі болып он жыл еңбек еткен соң, 1964 жылы туған ауданына оралып, өмірінің соңына дейін банк бөлімшесін басқарды.
Ұзаса да ай, жылдар...
көш-көліктер,
Ұзамайтын жандарды ескеріп көр.
Мәңгіліктің өзімен тілдестірер,
Ол жайында айтылған естеліктер.
Естеліктер...самалдай іңірде ескен,
Шығара да алмайсың
бірін де естен.
Қажекеңдей жалғанда жан бар
ма екен,
Адам болып күн сайын
ғұмыр кешкен.
Ес-елес... Жад жаңғырығы... Кезеңдер көшіп, жылдар жылыстап, ғасырлар мыңжылдық мұздақтардай ери бастағанда қолжазбалардың да өшетінін, жоғалатынын, әдепкі тарихи дәйектердің де қалпынан айнып, мазмұны өзгеретінін білеміз. Бірақ санадағы суреттерді сарғайтпай, бүгінге, ертеңге ұзататын ұлы ұғым бар: – ол – уақыттың өзі өлердей қорқатын адамзат жады. Одан артық төреші, одан қатал тергеуші болуы мүмкін емес!
Батырсың ба, ақынсың ба арқалы,
Тәніңді Алла топыраққа тартады.
Жарық күнге ораласың бір күні,
Ақыл-естің ашылғанда порталы.
Сол бір шақта...рухыңды өрлетіп,
Көкірегін сағынышқа кернетіп,
Табытта емес,
Жомарт, жайсаң жаныңды
Тұрады елің жүрегінде тербетіп.
Әдетте, біз Отанға өлшеусіз еңбек сіңіріп, заманында зиятты үлгі қалдырған, әрбір іс-қимылын замандастары әлі күнге дейін жыр ғып айтып жүретін тұлғалар туралы қағаз бетін қаралағанымызда кейіпкердің қызметін, өсу жолдарын, мадақ-марапаттарын қазып жазып, оның жеке жан-дүниесі, қоғамдық-әлеуметтік көңіл-күй кернеуі, мінез-мәдениеті, рухани талғам-танымы жайлы терең толғай бермейміз. Сондықтан Қажыман Асанұлының ғұмырнамалық портретін жасарда Қызылордадағы, Тереңөзектегі, Алматыдағы үзеңгілестерін іздеп тауып, әңгіме-дүкен құрған едік. Соның бірегейі – жүректің қалауымен Сыр бойына келіп, ұзақ жылдар Мемлекеттік банктің облыстық бөлімін басқарған, кейін республикалық банкте басшылық қызмет атқарған, бүгінде тоқсанның төбесіне ту қадаған Қалыбек Ахметжанов ақсақал.
– Менің түбім – алматылық. Бірақ ғұмырымның ең бір аяулы шақтары Сыр өңірінде өтті. Сондықтан оттан да ыстық өлкенің мен үшін орны бөлек, – дейді Қалекең. – Оның үстіне қызылордалықтар да менің азды-көпті еңбегімді ұмытқан жоқ. Кешегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев балам омырауыма «Қызылорда облысының құрметті азаматы» белгісін тақты. Сонда, тірі болғанда Қажыман да осы атақты алатын еді ғой деп ойладым. Өйткені, ол кісіні менен терең білетін жандар көп емес шығар. Ол кезде Қажекең Қармақшы аудандық банкінің бастығы еді. Өзінің адами мәдениеттілігімен, байсалды мінезімен, үйіріп тұратын жайсаң қалпымен көзіме оттай басылды. Қызметке жаңа келіп жатқан кезім ғой, осындай іскер жігіттерге арқа сүйеу керек деп шештім. Сенімім алдаған жоқ, бірге жұмыс істеген ондаған жылдар өрісінде өзімді де, өзгені де, оны да танып, қоян-қолтық араластық. Ой, жарықтық-ай, ұтырлы, ұтымды ұйымдастырғыш қабілетінен бір танған емес. Қарамағындағыларға қатаң талап қойғанымен, іс барысында ызбайланып, ызғарын шашып, болмашыға күйіп-піспейтін. Байыппен ойлап, лайықпен шешетін түйінді. Сыпайылығы мен сабырлылығына, сымбаттылығы мен сүйкімділігіне шідеріңе сүрініп жығылғандайсың. Жігіттің сұлтаны ғой! Кейін Тереңөзекке ауысқан шағында жаңа істердің бастамашысы болды. Мен ол кезде облыс орталығында банк қызметкерлеріне арнап көпқабатты тұрғын үй салдыру қамында жүргенмін. Қажекең Тереңөзекте жаңа жобалы банк ғимаратын салу жөнінде ұсыныс жасады. Ол кезде облыс түгіл, республиканың орталық банкі Мәскеудің құзіретіне қарайтын. Аса күрделі шаруаны қолға алған ол күні-түні тыным таппай, Алматыға, Мәскеуге шапқылап, ақыры өз мақсатын орындап тынды. Нәтижесінде облыс аудандарында бірінші болып әсем де әрлі банк ғимараты бой көтерді. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» деген рас екен, бұдан кейін Қармақшыда, Жалағашта, Қазалыда, ақырында барлық ауданда банк кеңселері салынды. Олар бүгінге дейін халыққа қызмет етіп жатыр.
Жақсының аты өлмейді, оты өшпейді. Қажекең өмірден ертерек кетсе де осы уақытқа дейін оның отбасымен ағайындай араласып тұрдық. Зағипа жеңгеміз қандай еді, майға піскен нандай еді ғой, шіркін. Азаматы алыс сапарға аттанғанда жасымай, жабырқамай, әулет тағдырын мойнына артып, іші елжіреп тұрса да, ұл-қыздарын қатаңдау тәрбиелеп, жеткізді, өткелдерден өткізді. Ағамның отбасының тіршілігіне қадар-қауметімнің келгенінше қол ұшын беріп тұрғанымды көңілге медеу тұтамын. Тұңғыш қызы Фатиманың мезгілсіздеу көз жұмғаны жеңгеме қатты тиді-ау деймін, ұзамай қайтыс болды. Бірақ «орнында бар оңалар» деген, Қажыман аға ұрпағының өсіп-өніп, өрлеп, төрлеп, биіктерге шыққанын, ата-анасы сияқты, халқына, егемен елімізге адал қызмет етіп жүргендерін көріп, мерейленіп, марқайып отырамын.
Жалпы, қайраткердің қалыптасуына, толысып-толуына, ақыл-ой, мақсат-мүдде, күш-жігерін еркін жұмсауына, азаматтық ажарын айқындауға өзі тіршілік кешкен қоғамдық қатынастар, есте қалар оқиғалар тізбегі, айшықты мезеттер және замандастарының қоғамдастық-бағыттастық бірлігі орасан әсер етеді десек, Қажыман Асановтың ортасы осал емес. Ауыл шаруашылығы саласының аса білгірі, талантты басшы, адалдық пен әділдікті ту еткен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев, кейін де бірнеше ауданның тізгінін ұстаған, ұлағаты мол, ұстанымы берік аудандық атқару комитетінің төрағасы Елеу Көшербаев, ірі мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов, Сейілбек Шаухаманов, Сәмит Далдабаев, қыздардан шыққан қайраткерлер Дина Айсина, Алмагүл Божанова, тағысын-тағылар Сыр бойының шежіресінде шуақ шашып тұратын есімдер. Қонысбек Төрешұлы оны «тазалықтың тұлпарын ерттеп мінген тұяқтым» деп төбесіне көтереді екен.
Сәмит ағам айтады: «Сол кездегі Қажекеңнің атқарған жұмыстарын, шаруаға, мәселеге қатысты пайым-пікірлерін ой елегінен өткізіп отырсам, нағыз бүгінгі заманға керек іскер адам еді-ау деймін. Кімге де болса қиын кезде қамқорлық көмегін, ізгі шарапатын тигізуді өзіне парыз санады. Банк саласы түгіл, облыстағы үлкен басшылардың алдында сөзі өтімді еді. Тереңөзекте қызметкерлеріне бірінші болып пәтер алып берген де сол кісі. Ауданның қай басшысы да оның пікірімен қатты санасатын».
Оның да себебі бар. Қажыман Асанұлы аймақта, мүмкін республикада шығар, аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланған бірден-бір банк басшысы. Жалпы, банк жүйесі томаға-тұйық, сырт көзді сұғындырмайтын, есеп-қисаптан басқаға мойын бұра бермейтін бөлекше құрылым. Қызметкерлері де солай, бірлі-жарымы болмаса, қабақтарынан қар жауып, тіл мен жағына сүйенбей, істерін үнсіз атқара береді. Аудан ішіндегі шағын мемлекет сияқты, кәсібінен басқаға басы ауырмайды. Ал бірақ Қажекеңнің қарымы бөлек, бюро мүшесі болған соң, аумақтағы халық шаруашылығының сан-саласына барынша араласып, келелі мәселелерді шешуге атсалысуды, түйін-түйткілдерді тарқатуды, әлеуметтік - экономикалық үдерістерге үлес қосуды парызым деп санайды. «Қызылорда облысының құрметті азаматы», ауданның сол кездегі «азғантай» басшыларының бірі Дина тәтем Айсина әлі күнге дейін таңғалып отырады. «Партия жұмысын бастан кешкен адам біледі. Айтылды – бітті, орындау керек! Қаржы саласына байланысты жағдайлар туындаса, дереу банк бастығымен ақылдасамыз. Кейде орайы келіп тұрған істің өзіне тосқауылдар қойылады. Дауласа алмаймыз, ойы ұшқыр ағамыз ыңғайын тауып, ретке келтіргенде, «уһ» деп демімізді аламыз».
Бір қызығы – ауданның бас банкирі шыбынның ызыңы да естілмейтін кабинетінде ұзақты күн қадалып отырмайды. Науқандық жұмыстар кезінде – көктемгі мал төлдету маусымында Қарақұм, Қызылқұм қойнауындағы малшыларды аралап, аудандық партия комитетінің арнайы уәкілі ретінде іс барысын зерделеп, сараптайды, шопандардың кем-құтықтарын түгендейді, елдің көшіп-қону жағдайын реттейді. Шаруашылықтың күші жетпей жатқан мәселелер киліксе, құзыретті орындармен хабарласып, тігісін жатқызуға тырысады. Ал, қоңыр күзде оны күріштік алқаптарынан көресіз. Аңыздағы соңғы дестелер жиналып, қырманға құйылғанша тыным таппайды...
Енді біздің кейіпкерімізбен өле-өлгенше сыйласып өткен, ағалық қамқорлығын көрген, сол кездегі жұмысшылар комитетінің төрағасы, кеңшар директоры Нұрпейіс аға Сағиұлының әңгімесіне құрақ түрелік.
– Тағы бір қасиеті – мәселенің мәніне жетпей, суырылып пікір айтпайтын. Қағазға аса ұқыпты, мемлекеттің бір тиынын да шашау шығармайды. Мекеме, шаруашылықтардың қаржы айналысын тексеру барысында кейде бір кемшіліктер табылып жатса, аттандап айқай салмай, басшысына жағдайдың неден пайда болғанын, оны түзетудің жолдарын дәл түсіндіреді, жосықты жөн сілтейді. Себебі, ол кезде бүгінгідей есеп-қисап институты әлі жетіле қоймаған. Көптеген шаруашылықтарда арнаулы орта білімді есепшілер жұмыс жасайды, олардың кәсіби шеберлігін жетілдіріп отыратын жоғары курстар мен директивалық оқулықтар жоқтың қасы. Осыдан келіп кейбір есеп мамандары есептеудің жаңа тәсілін игере алмай, ескі іздің сорабына түседі. Әйтпесе, «ішіп-жеп» қойған, мемлекет дүниесін талан-таражға салған ештеңесі жоқ. Осыны сезетін Қажыман Асанұлы қарамағындағыларға кемшіліктерді көрсетіп қана қоймай, одан арылудың жолдарын қарастыруды қатаң тапсырады. Бұл мұндай кемшіліктерді ендігәрі қайталамауға септігін тигізеді. Сондықтан болар, ірілі-ұсақты басшылар мейірімді жанға әрдайым шын пейілдерімен құрмет көрсетіп жүреді.
Мемлекеттік қызмет бабымен күн оздырып, түн қатып, таңды таңға ұрып жүретін қайраткер ағамыз отбасының берекесі, шаңырақтың берік ұстыны да бола білді. Жан жары Зағипа мен көрінген ұл-қыздарынан шапағат шуағын аяған жоқ. Перзенттерін қабағымен, өзінің күнделікті жүріс-тұрысымен, салауатты өмір салтымен тәрбиеледі. «Шыбық тимей, шыңқ етер, көзінің жасы жылт етер» босбелбеу емес, еркін өскен, өз қиялымен шынайы өмірдің суретін салатын, ұлттың рухани құндылықтарынан сусындаған баланың ертеңгі күні тез есейіп, терекпен теңесетінін түсінді. Сондықтан олармен үлкендерше сөйлесіп, кеңесіп, сырласып отыратын. Әкелік махаббатының күштілігі ғой, көшеде қалпағын алып, сәлемдескен балалардың да басынан сипап бәйек болатын. Қажекеңнің қарындасындай болып кеткен, ағарту саласының ардагері Мәдина Есетова ағасының ағеден балажандығын сөз еткенде жуықта тоқтай қоймайтын шығар...
– 1972 жылы аудандағы жалғыз балалар мекемесі №1 балабақшаның меңгерушілігіне тағайындалдым. Тәрбиеші-қызметшілерді былай қойғанда, мұнда 320 балдырған тәрбиеленеді. Қай нәрсенің де қат кезі. Балалардың күнделікті тамағынан бастап, шаруашылық қажеттері, коммуналдық қызмет шығындары, ағаш-тасы, ойын құралдарына дейін мұқият қадағалауың керек. Беліңнен кешкен бейнетіңнің зейнеті тізеңе жетпейді. Осы кезеңде Қажыман ағамның қамқорлығын көп көрдім. Жүзінен нұр төгіліп тұратын аса мейірімді, жүрегі жылы, пейілі кең аға қарамағындағы қызметкерлеріне балабақшаның қажетін құрайтын қаржыны, тәрбиешілердің жалақысын уақытында аударылуын қатаң тапсыратын және оны өзі ұдайы назарында ұстайтын. Бұл, әрине, біз үшін үлкен көмек. Себебі, қазіргідей емес, ол кезде бүкіл аймақта мемлекеттік банктің бөлімшелері ғана жұмыс істеп, айналыстағы алыс-беріс қаржы сонда шоғырланатын. Сондықтан есеп-қисапты реттеп, сұраныстарды өтеу оңай шаруа болмайтын. Кезек күту – қиямет-қайым. Бірақ Қажыман аға басқарған банк ұжымы басшының өзіндей ұсынақты, ұқыпты, іскер жандар ғой, аудандағы қаржы іркілісін туғызбай, мекеме, шаруашылық, кәсіпорындардың қаржыларын үнемі дер уақытында аударып, қабылдап отыратын.
«Бала – біздің болашағымыз, олардың қабағына кірбің түспеуі, аға буынның басынан кешкен қиындықтарды көрмеуі керек. Оқтан да, оттан да осылар үшін аман қалғанбыз. Тамағы тоқ, көйлегі көк ұрпақ ертең бізді ұшпаққа шығарады» деген ағаның сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып тұрғандай.
Қажыман ағам жайлы ой тербеткенде, Зағипа апамды қалай айналып өтейін. Отағасының отанын бағып, түтінін түзу ұшырып, етегіне оралған бала-шағаның амандығын тілеп, азаматтың ат үстінен түспей еңбек етуіне жағдай жасаған адам болса, ол – Зағипа апам! Алғашқы таныстықтан соң-ақ тонның ішкі бауындай жандасып кеткен жайсаң жанның талай жақсылығын көрдік. Біздің үйдің отағасы оны «апа» дейтін, себебі рулас ағайындығы бар. Көңілі кемел, мейірімі мол, сыйластыққа берік, алды кең апаммен, жас айырмашылығына қарамастан, сырлас құрбы боп алдым. Аяқ-табақ араластырып, қуаныш- қызықтарды бірге бөлісеміз. Той-томалаққа толықсып бірге барамыз. Ер-азаматтар шаруасына жөн-жосықсыз араласпаймыз, олардың қабағы ашық болса, дүниенің түгел болғаны...
Қажыман ағадай алтын азаматқа жар болған Зәкең балалар тәрбиесіне қатты қарайтын. Аналық мейірімін өлшеусіз төге отырып, ұл-қыздарын артық еркелетуден бойын аулақ ұстайтын. Бар жердің балаларының сәл-пәл «еркіндеу» келетіні рас қой, бірақ Асановтар отбасында одағай-оқшау даңғазалықтың дымы да білінбейтін. Аудан орталығында өссе де, Жақыбы ауылдың баласындай жаратылысқа, табиғатқа өте жақын болды. Үй құстарын асырап, солардың тіршіліктерін ұзақты күн қызықтайтын. Табиғи құбылыстарды жан-дүниесімен ұғып өскен баланың зердесі ашық, ұғымтал, білімпаз, еңбеккеш келетін әдеті ғой, Жақып мектепте зерек оқыды, ҚазМу-дың заң факультетін үздік бітіріп, өмірдің сабағын ерек тоқыды. Қажекең мен Зәкеңнің кейінгі балалары – Серік, Еркін, Галя мен мектепте ұстаздық етіп жүргенде оқушыларым болды. Галя кейін ағылшын пәнінің мұғалімі болып келіп, бірге қызмет істедік.
... Жауапты қызметтің жүгі ұшқыр самолетті бағындырған сынаушы ұшқыштың санасына түскен салмақтан да ауыр дейді білгіштер. Рас шығар. Қоғамдағы құбылыстар мен өзгерістер тасқыны, күрмеуі қиын міндеттер жауапкершілігі адам жүрегі арқылы өтеді. Толғандырады, тебірендіреді. Ондайда өз денсаулығыңды күйттеуге мұршаң келмейді. Тіпті күрделі жағдайға етің үйреніп кете ме, қалай!... 1981 жылдың қаңтарының соңғы күндері... Құдайдың құдіретіне шек бар ма, сол күні ақ қардың көбесін тебендеп жаңбыр жауды. Тұнжыр табиғаттың тосын мінезін терезеден тамашалап отырған Қажыман ағаның көкірек тұсы шым ете қалды. Тіксініп қалды. «Демалысқа шығып, денсаулықты түзеп алу керек-ау, сірә» – деп күбірлеп, қызмет орындығынан тұра бергені сол еді, көз алды буалдырланып, жарық жалған қан көбелек айналды. Жүрек тұсын қолымен аялай сипап, тізерлей берді... Тереңөзектен Берлинге дейін толарсақтан саз кешіп барғанда бүгілмеген тізе бұл жолы болмыстың еркіне бағынбады.
Қажыман Асанұлы 1981 жылдың қаңтарында кенеттен қайтыс болды.
Туған жердің тұғырын биіктетіп, халқына адал қызмет еткен көрнекті қаржыгердің өмірі мен қызметі бүгінгі ұрпаққа өнеге, ұлағат. Ендігі әңгіме – тірілердің міндеті.
Талай саңлақ түлеген бай далада,
Тұлға – Есімдер еленбей жәй
қала ма?!
Тоқсан бестің шығып
ап шырқауына,
Ғарыш жақтан қарайсыз,
қайран Аға!
Зулап жылдар өтсе де қас-қағымда,
Ізің қалды тарихтың дастанында.
Жұлдызыңыз тұрады жайнап жанып,
Туған жердің алқара аспанында.
Қабақтарда мезгілдің мұздығы еріп,
Атыңызды ел болып ізгіледік.
Сізді көріп тұрамыз әр кеш сайын,
Тұрасыз ба сіз де, Аға, бізді көріп?!
Шаһизада Әбдікәрімов,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Қызылорда қаласының құрметті азаматы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |