ДЕРТКЕ ШИПА ДАРЫТҚАН

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған кезде әр пенде әуелі Алла тағалаға жалбарынып, сонан соң, ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінетіні анық. Өзім де науқастың азабын көп тартқан адам ретінде, әрдайым дәрігердің алдына барғанда тамырыңды ұстап отырған дәрігер білікті, тәжірибелі және сауатты болса екен деп тілеймін. Сондай-ақ олардың «қорқатындай дәнеңе жоқ, біраз ем алып, өзіңізге күтім жасасаңыз ауруыңыздан құлан-таза айығып кетесіз» деген жылы сөзі кейде жанымызға ем болып жатады. Кейде дерт асқынып, өмір мен өлім арпалысып жатқанда дәрігерлердің біліктілігінің арқасында әлсіз жатқан науқас аяғынан тұрып, сауығып кетіп те жатады. Міне, осындай ауданымызда біліктілігі жоғары яғни, облыс, республика көлеміндегі дәрігерлермен деңгейлес мамандарымыз да баршылық.

Дәрігерлердің әрбір ісі қан майданда жүрген жауынгерлер іспетті. Олай дейтінім, жауынгерлер Отан үшін деп ұрандатса, ал дәрігерлер сол Отан қорғаушылардың денсаулығының жанашыр-арашашасы. Мен де бүгін осы тақырыпқа арқау болып отырған орталық аурухананың реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Темірхан Қуанышұлы Бердімағамбетов жайында айтпақпын. Өйткені, ауыр халдегі науқастар осы реанимация бөлімінен өмір сүру жолының соңғы үкілі үмітін күтеді және сенеді. Мәселен, жуырда туған інім Сәрсеннің немересі Нұрсұлтаннан тоқтаусыз қан кетіп, өте ауыр халде реанимация бөлімшесіне түсті. Қарға тамырлы қазақпыз ғой, осы бөлімде жатқан Нұрсұлтанның жағдайын сұрауға барғанымызда Темірхан: «Алла тағала қолдаса, біз өз тарапымыздан барлық емін жасап жатырмыз» деген болатын. Осылайша көп кешікпей-ақ Темірханның білімінің арқасында бірнеше күннен соң қан тоқтап, баланың беті бермен қарай бастады. Бұл қуанышты хабарға қуанған біздер Құдайға мың да бір шүкіршілік етіп, орталық мешітке бір жандық апарып, кемтар жандарға арнап садақа бердік. Тұла бойы тұңғышы, бауыр еттен жаралған Нұрсұлтанының аяққа тұрғанын көргенде ата-анасының да ризашылығында шек болмады.

Иә, дәрігердің айығып қатарға қосылар деген иманжандылық сөзінің өзі адамға сенім, қуат береді екен. Темірханның бір ерекшелігі кішіпейілділіктен кішіреймейсің демекші, әркез оның бойынан адами осы асыл қасиеті көрініп тұрады. Қазақта текті сөз бар, «түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген. Темірханның әкесі Қуаныш Бердімағамбетов те кезінде ауыл шаруашылығын өркендету жолындағы ерен еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алған қадірменді ақсақал. Жұбайы Үржан да өз өмірінде өрнегі қалған алтын құрсақты ана еді.

Міне, осындай тектіден шыққан баласы Темірхан неге осал болуы керек деген сауал туады көкейде. Енді Темірхан дәрігердің өмір жолына тоқталар болсақ, ол Жіңішкеқұм ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медициналық академиясында 1993 жылы түсіп, 2000 жылы «акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Алғашқы еңбек жолын Жаңақорған ауданы «Талап» ауылдық ауруханасында өз мамандығы бойынша бас­тады. 2001-2004 жылдары Арал аудандық КДП ЦУЗ кабинеті дәрігері, 2004 жылдан осы кезге дейін орталық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарып келеді. Еткен еңбегі елеусіз қалған емес. Мәселен, 2013 жылы облыс әкімінің Алғыс хаты мен аудан әкімінің «Жылдың үздік дәрігері» номинациясымен марапатталғаны да оның жемісті еңбек жолдарының бедері екенін айқындайды. Гиппократ антын қабылдаған Темірханның ақ халаттың ішіндегі ішкі жан-дүниенің аппақ екенін дәлелдеуге ұмтылып тұратыны сияқты асыл қасиетін бағалаған біздер бұл аса ауыр да жауапты жұмысына табыстар тіледік.

 

Аманжол Жолмағамбетұлы,

КСРО және ҚР білім беру ісінің

озық қызметкері.

Арал қаласы.


ҚОҒАМ 12 шілде 2014 г. 1 067 0