ЗАМАН ТАЛАБЫНА ІЛЕСКЕН КОЛЛЕДЖ

Халықтың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігімен бірге ел өміріне көптеген оң өзгерістер қоса келгені мәлім. Соның бірі – білім берудің өзіндік үлгісі қалыптасқан әртүрлі инновациялық оқу орындарының ашылуы. Алғаш Қазақ Мемлекеттік Заң Академиясының филиалы болып, бертін келе Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі атанған бұл білім ордасы өзі қызмет көрсеткен он жыл көлемінде аймақтағы іргелі оқу орындарының біріне айналды. Оның дәлелін 2009 жылы өңірдегі орта оқу орындары арасында өткен байқауда "Үздік” номинациясын иеленіп, республикалық "Техникалық және кәсіптік білім беру орнының үздігі” сайысында арнайы дипломға ие болуынан, аймақтық "Алтын көшбасшы” атануынан аңғаруға болады.

Білім беруді әлемдік стандарттық деңгейге көтеру, бәсекеге қабілетті жаңа буын өкілдерін қалыптастыру, білім беру нарығынан орын алу, отандық және шетелдік жетекші білім беру мекемелерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнату мақсатында колледж 2008-2009 оқу жылында сапа менеджменті жүйесін ендірді.

– Үздіксіз ізденіс жаңа міндеттерге, тың бастамаларға бағыттайды,– дейді колледж директоры Марат Тобашев. – Сондықтан колледж ұжымы стра­тегиялық бағдарларға, жедел ақ­параттандыруға жете көңіл аударып, қарқынды дамуға, білім беруге қойылатын жаңа талаптар тұрғысынан көрінуге күш салуда. Соның бірі – дуалды оқыту жүйесі. Бұл жүйе теория мен тәжірибені ұштастыра жүргізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта ұжым бірқатар мекеме, кәсіпорындармен әріптестік байланыс орнатты.

Иә, білім ордасы "Қызылорда жылуэлектрорталығы”, "Қызылорда электромонтажстрой”, "МеркурСтрой-Сервис”, "Сыр еркесі” балабақшасы, №1 облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебі және бірнеше қонақ үйлер, туристік фирмалар, банктермен ұзақ мерзімді келісім-шартқа отырып, студенттердің өздері қалаған мамандықтарының қыр-сырына қанығуына жан-жақты жағдай жасаған. Бұл колледж түлектерінің тұрақты жұмыс табуына септігін тигізуде.

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алған колледж аймақ жастарына біліммен қоса сан түрлі тәрбие беріп келеді. Өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралар жастардың ойын ұштап, талантына, талабына жол ашады. Атаулы мерекелерді былай қойғанда, колледжде драма, өлкетану,қолөнершілер үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Драма үйірмесі студенттердің актерлік шеберлігін шыңдап, олардың сахна мәдениетін меңгеруіне мүмкіндік жасайды. Олар сомдаған сахналық қойылымдар көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Драма үйірмесінің екінші бағыты – киностудия. Актер де, оператор да, режиссер да колледждің өзінен табылады. Олар түсірген "Студенттер хикаясы” фильмін көрермендер жылы қабылдады. Ал өлкетану үйірмесіне қатысушы студенттер жетекшілерімен бірге Отырар мен Сауран қалаларына саяхат жасап, ескі тұрақтардан көне жәдігерлермен олжалы оралды. Сондай-ақ, үйірме мүшелері Түркістандағы киелі орындарды аралап, ел тарихымен танысып қайтты. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен келісім-шартқа отырған оқу орнында жастарды ұлт жанашыры болуға, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылып келеді. Колледж ұстаздарының мұражайда өткізген ашық, танымдық сабақтары аймақтың тарихы мен географиялық мәліметтерін, осы өңірде туып-өскен атақты ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбектерін тың деректермен толықтырып, колледж қолөнершілерінің киізден жасалған бұйымдары ұйымдастырылған көрменің сәнін келтірді. Облыстық мұражайдың 75 жылдығына орай өткізілген іс-шараға колледждің драма үйірмесінің мүшелері "Сейхундария” атты сахналық қойылымды тарту етті.

Бүгінгі жастарды алдыңғы толқын ағалармен жүздестіру, олардың өмірі мен адами қасиеттерін, елі үшін жасап жатқан игі істерін үлгі ету арқылы ұрпақтар сабақтастығын жандандыру да тәрбиенің бір түріне жататыны аян. Соған орай, ел мақтанышына айналған Мұхтар Шаханов, Тоқтар Әубәкіров, Мұрат Әуезов, Асқар Жұмаділдаев, Мәди Киреев, Мекемтас Мырзахметов сынды бірқатар азаматтармен кездесулер ұйымдастырылды. Онда жастар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, ой-пікірлерін, ұсыныстарын білдірді.

Үштұғырлы тіл саясатынан колледж ұжымы да тысқары қала алмайды. Әлемдегі алпауыт мемлекеттермен еркін қатынас орнату үшін ағылшын тілін жетік білу шарт. Осы орайда қазақ тілін көздің қарашығындай сақтай отырып, ретті жерінде орыс тілі мен ағылшын тілін қолдана білу қажеттігі туындайды. Яғни, үш тілді де жетік меңгеру бәсекеге қабілетті, білімді азаматты көздеген мақсатына жеткізері сөзсіз. Осыған байланысты білім беру мекемесінде арнайы лингафон кабинеттері, үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. "Өзге ұлттың тілін, дәстүрін білмей оның жанын, арманын түсіну, сеніміне, құрметіне бөлену мүмкін емес” деген батыр Бауыржан Момышұлы аталарының сөзін басшылыққа алған бірқатар студенттер әлемнің алпауыт елдері – Англия, Қытай, Түркияда білімдерін жетілдірді. Оқушылардың енді бір тобы Қытай мен Англияда жазғы демалыстарын өткізіп, сол елдің мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысып қайтты. Сонымен қатар шетелдік ұйым волонтерлері Адриана Лайн Бочи мен Паркс Тед Майклдың сабақтары "Аударма ісі” мамандығы оқушыларының біліктілігін арттыру және олардың ағылшынша сөйлеу дағдысын қалыптастыруда көмегін тигізді.

Колледж әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу жолында ілгері қадам жасап келеді. Оқу орнының әр кездегі басшылары Мұрат Бақтиярұлы мен Марат Шайхысламұлы Сингапур қаласындағы шетелдік білім-мәдениет ордаларының, Кореядағы Білім және даярлық орталығының шақыртуымен іссапарға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Сапардың негізгі мақсаты – бағдарламаға озық технологияларды кеңінен енгізіп, оқу-тәрбие үрдісін инновациялау.

Жастар әр кезде қоғамның қоз­ғаушы күші болып келеді, солай болып қала берері де сөзсіз. Колледж жанынан құрылған "Жігер” жас­тар ұйымы облыс көлеміндегі жастар қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, сан түрлі жұмыстың бастаушысы, жандандырушысы болып келеді. Мәселен, колледж студент-жастары биыл үнемі оқу орындары арасында ұйымдастырылатын "Студенттік көктем” дәстүрлі өнер фестиваліне қатысып, белгіленген аталымдарға орай жүлделі орындарға, алғыс хаттарға ие болды. Сондай-ақ "Ақиқат” пікірсайыс клубының белсенді жастары түрлі деңгейде ұйымдастырылған сайыстарға қатысып, "үздік спикер”, "үздік төреші” аталымдары бойынша дипломдармен марапатталды. Оқушылар арасында облыстық "Өнертапқыш-2013” техникалық-шығармашылық көрме, "Тың жетістіктер жолы”, "Кемел келешек” инновациялық-өнертапқыштық идеялары байқауларында үздік танылып, арнайы жүлделерге ие болғандар көптеп саналады. Демек, орта оқу орны өркениетті дамудың талабына, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге, ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтарға батыл бетбұрыс жасаған оқу орны деп айтуға толық негіз бар.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
ҚОҒАМ 12 шілде 2014 г. 936 0