АТАКӘСІПТЕН АЙНЫМАҒАН

Ақжал толқындары жағаға ұрған Арал теңізі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аты шығып, дүркіреп тұрған кез еді. Сол тұста теңізден су маржанын сүзіп, есімі елге танылған балықшылар көптеп шықты. Дейтұрғанмен, бертін келе теңіз суы тартылып, көптеген көл жүйелері кеуіп қалды. Сол уақыттарда бірқатар балықшылардың атакәсібінен қол үзіп қалғандары да болды. Ал кейбір кәнігі балықшылар еліміздің балық шаруашылығы қалыпты жұмыс істеп тұрған жерлеріне қоныс аударып, өз жұмысын үзбей жалғастырғандар да кездесті.

Дегенмен, егеменді ел атанып, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бұл саланың тамырына қайта қан жүгірді. Соның бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы қолға алынып, оның бірінші кезегі жүзеге асырылды. Сөйтіп, Көкарал бөгеті салынды. Соның арқасында бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде болмаған теңізді бөліп теңіз жасау тәжірибесі жүзеге асты. Нәтижесінде теңіздің суы қалаға айтарлықтай жақындап, оның төңірегіндегі көлдер жүйесі қайта суға толды. Балықшылардың атакәсібі қайта жанданды.

Міне, өмірдің осындай суығы мен ыстығы қатар жүргенін қаратереңдік балықшылар әулеті – Бәкеновтер бір кісідей бастан өткерді. Өз жолдарында қандай қиындық болмасын оған мойымаған Омар, Әлібек және Өтеубай Бәкеновтердің атақты балықшы болғанын бүгінде бүкіл ел біледі. Жалпы, бұл әулетте балықшы кәсібі атадан балаға беріліп келе жатқан мирас десе де болады. Соның бір айғағы, бүгінде ер жасы елуден енді асқан Өтеубай ақсақалдың баласы Әлтай Бәкенов – сол атакәсіпті жалғастырушылардың бірі. Ол Қаратереңдегі орта мектепті бітіргеннен кейін, әскери борышын өтеп қайтты. Әскерден келген соң да көп ойланбай, әке жолымен Қуаңдария балық аулау зауытына балықшы болып орналасып, еңбек жолын бастады. Кейіннен ол ауданның Қаратерең ауылында орналасқан "Қуаныш” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігіне ауысты. Күні бүгінге дейін осы серіктестікте еңбек етіп келе жатқан Әлтай ұжым мүшелері арасында өзінің ұқып­тылығымен, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын­дығы­мен ерекшеленіп келеді. Осындай ерекшелігінің арқасы болуы керек, оның бүгінде кәнігі балықшы атанып отырғандығы да сондықтан. Сонымен қатар тәжірибелі балықшы өзінің білетінін жастарға әркез үйретуден де жалыққан емес.

Бүгінгідей балықшылардың төл мерекесіне серіктестіктегі Әлтай Бәкенов басқаратын балықшылар бригадасы алты айдың қорытындысымен жақсы нәтижелерге қол жеткізу арқылы келіп отыр. Еңбекте осындай мерейі тасыған балықшы отбасында да төрт бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған отағасы болып отырған жайы бар. Серіктестік басшылары балықшылар әуле­тінен шыққан Әлтай секілді аза­маттардың алда әлі талай асуларды бағындыратынына кәміл сенімді.

 

А.АМАНЖОЛҰЛЫ.
ҚОҒАМ 12 шілде 2014 г. 1 133 0