Бағзыдан бауырлас, тарихы тамырлас ел көршілес Өзбекстанға қызылордалық ардагерлердің сапары

Айдай ақиқаты сол, біз мынау ежелден іргелес өзбек халқымен Құдай қосқан көр­ші ғана емес, қаһарлы көк түрік­тің шекпенінен бірге өріп шыққан бауырлас, тари­хымыз тамырлас, өміріміз тағ­дыр­лас елдерміз. Дін, діл, тіліміздің түп тамыры, тірші­лі­гіміздің нәрі – Сырдариямыз бір. Байырғы заманнан бар­шамызға мұра болған танымал тұлғаларымыз, рухани құн­дылықтарымыз  заңғар жеміс ағашының мәуесіндей тағы да екі елге еншілес ортақ сыбаға.

Айтылған сөздің шын­ды­ғына биыл өтіп жатқан Қазақ­станның Өзбекстандағы жылы аясында жақында біз­дің облыстың бір топ арда­гер­лерінің онда жасаған туристік сапары барысында және де көз жеткізгендей болдық. Облыс­тық ардагерлер кеңесі ұйым­дастырған бұл шарапатты шараға қамтылғандардың құра­мында барлығы 41 адам болды.

Ақ самайлы ақсақал­да­рымыз бен әжелеріміздің көрші елге саяхаты теміржол арқылы Өзбек мемлекетінің астанасы атақты Ташкент шаһарынан бастау алды. Орталық Азияның алтын алқасындай болған 2200 жылдық тарихы бар бұл қала көне һәм жаңа заманауи архитектуралық нысандарға, жасыл желекке тұнып тұр. Жүйрік поезд жолаушыларды екі сағаттың ішінде 500 шақырым жердегі әйгілі Са­марқандқа жеткізіп салды. Іргетасының қаланғанына 2750 жыл толған алып өркениетті мекеннің ашық аспан астын­дағы, жер бетіндегі тарихи мұ­ражайға ұқсайтынын мы­на жайттан-ақ аңғарасыз. Мұн­­да 14 ғасырда салынған Меуеренахрдың құдіретті  би­леу­­шісі Әмір Темірдің мавзо­лейінде ұлдары Шахрух, Ираншах, немерелері Ұлықбек, Мұ­хаммед сұлтанның кесе­не­лері көк мәрмәр таспен көм­керілген. Атағы алысқа жа­­йылған Тұранның жолбарысы атанған, біздің Жалаңтөс Баһадүр бабамыз осы өлкені билеген шақта 1417-26 жылдары салдырған Регистон алаңы, Шардор медресесі, Тиллакари мешіті ғасырлар бойы көрген жұрттың көз жауын алып, сәу­лет өнерінің жауһары саналып, мұсылмандықтың дә­нін сеуіп, имандылық пен бі­лімге қалтқысыз қызмет етіп ке­леді. Онда Мұхаммед (с.ғ.с.) Пай­ғамбардың немере інісі Шахи­зад, ортағасырлық батыр Апыра­сияб бастаған тұрпатты тұлғалардың 11 мавзолейі бар. Бұл жерден 12 шақырым қа­шық­тықтағы «Дехбет» деген кешенде 45 мешіт тұрғызып, 30-дан астам іргелі ғылыми еңбектер жазған әулие Мағдум Мағзамның кесенесінде Әмір Темір, Жалаңтөспен қа­тар әр заманның көптеген қай­рат­керлері мәңгілік мекенін тап­қан. Ал ғарышты зерттеуші ғұ­лама ғалым Ұлықбектің сонау 14-15 ғасырларда өз қолы­мен жасатқан обсер­ваториясы – ғаламдық түсінік­тегі ғажап дү­ние. Міне, осын­шалықты бай тарихи жәдігерлерді қызыл­ор­далық ардагерлер шетелдік ту­ристермен қатар емін-еркін ара­лап көріп, бабалар рухына тәу етті.

Дәуірлеген тұсында жеке дара дербес хандық құрған Бұқараның тарихи мұрағаттық мүкаммалдықдары да бұдан әсте кем түспейді. Жарты әлем­ді билеген қаһарман қол­басшы А.Македонский сал­дыр­ған, сан ғасырлардың куә­­гері – көне қорғанның өзі неге тұрады? Бәрінен де біз­дің қаракөздеріміз үшін қа­зақ­тың әйгілі биі Әйтеке ба­баның жатқан жері қасиетті Нұр-атаның топырағын басып тұрып, рухына тағзым ету естен кетпес ерекше әсерлі сәт болды. Қазақтың, өзіміздің Сыр бойының көптеген қарилары, діни оқымыстылары дәріс алған барша дін Исламға мәшһүр Көкілташ медресесі, осында қасиеттеп сақталған киелі Құран-Кәрімнің түп нұсқасымен танысу ілім-біліміңізді байыта түсері сөзсіз.   

Жол сапарға жасалған арнайы жоба бойынша Таш­кент­ке қайта оралған қызыл­ор­да­лық қариялардың мұнда да та­­нысып біліп жадындағыны жаң­ғыртудың мүмкіндіктері мол болды. Бағзы замандардан бері қазақ пен өзбекке тең қызмет қылған ортақ астана­мыз іспетті іргелі шаһарда біз­дің ұлтымыздың да тарихына, тағдырына қатысты жә­ді­герліктер, арғы-бергі дәуір­­лердегі халқымыздың қамын жеген қарымды қайрат­кер­леріміздің іздері қадам басқан сайын кезігетіні хақ. Бір қы­зығы, осы шырайлы шаһарда біз­дің тағы бір көреген бабамыз Төле бидің кесенесін өзбек аға­йындар Қарлығаш би деп дә­ріптеп, ерекше ілтипатпен кү­тім жасап жатқандығы жер­лес­терімізді алғыс сезіміне бө­леді.

– Сыр өңірінің бір топ арда­гер­лерінің мақсатты түр­­де, Қазақстанның Өзбек мемле­­ке­тіндегі жылы аясында ту­рис­тік сапармен көрші елге жа­саған саяхатында көптеген жайт­тарға қанықтық. Тарлан тарихымыздың тірі куәліктерін көзбен көріп, қолмен ұстап, солар жайлы бірінші нұс­қадан мағлұмат алдық. Осын­да топырақ бұйырған баба­ларымыздың басына барып, құрметімізді жасап, зиярат қылып, аруақтарына құран ба­­ғыш­тауымызға мол мүм­кін­дік туғызды. Бұл жолы туристік саяхатшы топтың құ­­­ра­мында аймағымыздың Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңа­­­қорған аудандарының ақ­са­­­­қалдары, ақ жаулықты ана­лары болды. Алдағы уа­қытта осынау игі шара жара­сымды жалғасын тауып, 12-26 тамыз күндері қалған ау­дандар мен Қызылорда қала­­сының ардагерлер өкіл­де­рінен тұра­тын тағы да екі топ бел­гіле­ген маршруттар бо­йынша Өз­бекстан Респуб­ликасына са­пар шегеді. сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыс айтамыз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев.

Қуаныш МАХАНБЕТ,

облыстық ардагерлер кеңесі баспасөз бөлімінің меңгерушісі.            

ҚОҒАМ 10 тамыз 2019 г. 951 0