Цифрландыру құрылыс саласына жетті

 Сандық технология өріс алған кезеңде құрылыс саласы да көштен қалған жоқ. Цифрландыру «құрыш қолдыларға» да жетті. Жаңа жобалар туралы облыс бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Мырзабеков өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.

– «TexStroi-Smart» жобасы облыс көлеміндегі техникалық қадағалау сарапшыларына оңтайлы. Біріншіден, жоба олардың облыс орталығына келмей-ақ, ай сайынғы есеп­терін басқармаға кез келген жерден электронды түрде жолдауына мүмкіндік береді. Екіншіден, басқарма қызметкерлері кәсіпкерлік субъ­ектілерімен тікелей қа­рым-қатынаста болмайды, яғни,  сыбайлас жемқорлық тәуе­келі жойылады, – дейді Марат Мырзабеков.

Тағы бірі – «Halyq Monitoring» жобасы. Маман­дар­дың айтуынша, мұнда мем­лекет тапсырысы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары туралы сайтта ор­наластыру арқылы оған халықтың қолжетімділігін, ашық­тығын қамтамасыз ету, құрылыстың сапасына қатысты тұрғындармен кері байланыс орнату қарастырылған. Нәти­жесінде орын алған кемшіліктерді дер кезінде жоюға жағдай жасалмақ. Түп­теп келгенде, бәрі елдің көз алдында. Бұл өз кезегінде бақылау шараларының тиім­ділігін арттыруға, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына жол ашпақ.

Басқарма көрсететін 5 түрлі мемлекеттік қызметтің 4-і электронды жүйе «Е-лицензия» порталына көшірілген.


Дәулет Қырдан.

ҚОҒАМ 10 тамыз 2019 г. 810 0