« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Әрбір өлкенің халқына қорған, ыстығына сая, суығына пана болған баһадүр бабалары бар. Олардың есімін ұрпақтары ұмытпауға тиісті».
Елбасы Жолдауынан.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Жанқожа батырдың шырақшысы әрі тікелей ұрпағы Иманғали Сағадинов көкеммен баба бейітіне зияраттап барғанда алған әсерім осы уақытқа дейін жадыма берік сақталып қалды. Ол кезде бастауыш класта оқитын үлкен ұлым Қайыркелдіні ертіп, шырақшымен бірге жолға шықтым.
Күздің керемет жаймашуақ күні еді. Шырақшы алып тұлғалы, сұсты адам. Әсіресе ашуланған сәтте өте айбаттанып кетеді. Анау-мынау адам өңіне тура қарай алмайтындай сес пайда болады. Ұзақ жолда Иекеңнің баба туралы айтқан аңызға бергісіз әңгімелеріне асқан құштарлықпен құлақ түріп келемін. Көзінің тірісінде әулие әрі батыр атанған бабамыздың мәңгілік мекеніне жақындаған сайын тағатсыздана бастадым. Бойымды белгісіз бір сезім билегендей. Бабаның түнеуханасы бастапқыда қорымының дәл жанындағы төбе етегінде болса керек. Естуімше, уақыт өте бір-екі төбе асырып, совхоз шопанға салып берген үй кейін түнеуханаға айналғанға ұқсайды. Түнеуханаға жақын жерде «жылы бұлақ» аталатын бұлақ бар екен. Атына заты сай, суы шынымен жылы көрінеді. Зиярат жасаушылар алдымен осы бұлақтың жанына аялдап, жуынып-шайынып, тазаланып алуға тиісті. Бұл – бұлжымас қағида. Оны бұзуға Иманғали көкеміз ешкімге де жол бермейді.
Шай-суымызды ішпей тұрып батыр бабамыздың бейітіне барып, құран бағыштадық. Аса биік төбенің басындағы күн нұрымен шағылысып, жарқырап тұрған бейітте даңқы исі қазаққа мәлім, әулие бабамның мәңгі тыныстап жатқаны ойыма оралғанда тұлабойым(дәл қазір осы жолдарды жазып отырғанда да тура сол кездегідей күй кештім) қалтырап, маңдайымнан шып-шып тер сорғалай жөнелді.
Батыр атамның бейіті әу баста сексеуілден қаланғанға ұқсайды. Қорымның жанына Жақайым Қызылбас палуан, өзге де қарулас серіктері жерленген. Маңайдағы уақыт табымен әбден уатылған сексеуілдің бұтақтары қорым екенін анық аңғартып тұр. Бейітті айнала жүріп, баба рухына іштей жалбарындым. Иманғали көкем әз бабаның, жауынгер серіктерінің аруағына құран бағыштады. Көкеден соң мен де білген аятымды оқып шығуға рұқсат сұрадым. Күн сәулесі ұясына батар алдындағы алқызыл түске еніп, көкжиек ғажап түрге бөленген сәт болатын. Қатты толқығанның әсері ме, құлағыма жер-көкті қақ жара кісінеген арғымақтың үні келгендей, тура алдымдағы биік төбенің басында таудай қып-қызыл жолбарыс шабынып, құйрығымен жерді сабалап жатқандай сезім биледі. Жанқожа бабаның жан досы Жақайым Қызылбас палуанның бейітін көргенде еріксіз қайран қалдым. Өте көлемді екен. Палуан аса алып денелі болған, ат көтере алмай түйеге мініп жүреді екен дегенді ел арасынан естіген едім. Шындықтан жырақ еместігін бейіті де дәлелдеп тұрғандай.
Арада бірнеше жыл өткенде Жанқожа бабаның мәңгілік мекеніне Иманғали көкеммен бірге ұлымды ертіп тағы бардым. Сенесіз бе, жоғарыдағы жайт қаз-қалпында және қайталанғандай болды. Арғымақтың жер-көкті жарып өткендей кісінеген даусы, алып жолбарыстың құйрығымен жер сабалап, шабынған айбарлы кейпі тағы да елес бергендей болды. Жақсылыққа жорыдым. Көп ұзамай «Жанқожа батыр» аталатын дастан жаздым. Құрметті оқырман, сену немесе иланбау өзіңіздің еркіңізде. Алайда қасиетті баба, киелі мекен туралы жалған сөйлеуге пенденің батылы жете қоймасы тағы белгілі.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінің аумағындағы ескерткіш кешен 1992 жылы халық батыры және көріпкел әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне салынды. Кесене құрылысына мекемелер мен кәсіпорындар, көптеген жекелеген азаматтар қаржылай көмек көрсетті. Ескерткіштің іргетасына бетон блоктары төселіп, қабырғалары күйдірілген кірпішпен қаланған. Жанқожа батыр кешені – ел тәуелсiздiгiн жариялағаннан кейiн Қазалы ауданында тұңғыш тұрғызылған архитектуралық ескерткiш.
«Қызылқұм» шекара бекетіне Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімі берілгенінен көпшілік жақсы хабардар. Сол шара барысында жиналған қауымды айран-асыр қалдырған көріністің орын алғанын тағы да еске түсірсек.
Ескерткіш тақтаның алдына сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаев пен ҰҚК-нің ықылас гүлі қойылғаннан кейін аймақ басшысының өзінің баспасөз хатшысына қолымен көкті нұсқап жатқанын аңғардық. Ескерткіштің дәл төбесінде шырқау биікте қос қыран қалықтап тұр екен. Түр-түсі, тұрпаты да мүлде өзгеше. Аспан патшаларының кенеттен пайда бола кеткенін, дәл ескерткіштің үстінде ғана қалықтағанын ішімізден жақсылыққа жорыдық. Жұртшылыққа арнаған өзінің лебізінде Қырымбек Елеуұлы: «Жанқожа бабамыздың «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны да әмбеге аян. Әлі күнге дейін батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай әсер қалдырады. Аспанда самғаған мына қырандар да тегін емес. Мұны мен өзінің атын ұлықтап жатқан ұрпағына ризашылық білдірген баба белгісі ретінде қабылдаймын» деп тебіренді. Тылсым дегеніміз осы шығар!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |