Тәуелсіз еліміздің астанасы, еліміздің бас қаласы – Астана күні қарсаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім бәсекесінде оза шауып, көш бастаған қаламыздағы «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерімен кездесті.
Қала басшысы Н.Нәлібаев "Ұлттың үміті – Сіздерсіздер! Саналы да сапалы, білімді де белсенді, Отанын сүйетін, оның ыстық-суығына күйетін жастары бар елдің еңсесі биік болады. Баршаңызды Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, Сіздерді талбесіктен алған тәрбие мен терең білімнің арқасында тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетіп, келешегін кемелдету жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін” – деген тілегін жеткізді.
Өз кезегінде жастар атынан облыс бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен (122 балл) «Алтын белгі» иегері, №11 мектеп түлегі Жеткергенова Жансая мен №2 «Мұрагер» мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Махсұт Асылхан сөз сөйлеп, өздері таңдаған оқу ордасында білімдерін алып келгеннен кейін туған жерге келіп, қызмет ететіндіктерін жеткізді.
Айта кету керек, биыл қаламызда мектеп бітірген 1969 түлектің 39-ы «Алтын белгі», 23-і «Үздік аттестат» иегері атанды.
Нұрбек Сағатұлы.