«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлты Ахмет Байтұрсынов айтқан осы айқындама ақпараттық қоғам қанша жерден цифрланғанымен құндылығын жойған жоқ. Өйткені, газет – жұртшылықты жағымды жаңалықтармен сүйіншілеп, руханиятқа бойлататын, билік пен халық арасын байланыстыратын құрал. Ал қажеттіліктен ешкім де бас тартпайтыны анық.
Биыл жаңалық жаршысына айналып, елдің мұң-мұқтажын жеткізіп келе жатқан Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне – 80 жыл. Айтулы мерейтой – аудан жұртшылығы үшін ерекше мереке. Өйткені, алғашқы саны шыққаннан бастап талай қиын-қыстау кезеңде оқырман газеттен қол үзген емес. Барлық шақта да халықты бірлікке, ынтымаққа бастап, олардың еңбектерін айшықтап көрсететін жергілікті басылым бүгінгі күні оқырманымен 8755 рет жүздесті.
Қазіргі аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тарихы сонау 1939 жылдан басталады. Сол жылы Тереңөзек ауданы қайта құрылды да, осы жылдың 26-шы наурызында «Сталин жолы» деген атпен аудандық газеттің алғашқы саны жарық көрді. Ол 1956 жылға дейін шығып тұрды. Ал 1956 жылдан кейінгі аралықта аудандық басылым «Еңбек майданы» деген атаумен тарады. 1963 жылы Тереңөзектің Сырдария ауданына бірігуіне байланысты газет қайта құрылып, «Сырдария» деген атпен 1967 жылға дейін шықты. Осы жылы аудан қайтадан екіге бөлініп, сол кездегі аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық кеңесінің органы шешімімен аудандық газет «Еңбек туы» деген атпен 1992 жылдың 30-шы шілдесіне дейін жарық көрді. 1992 жылдың 30-шы шілдесінен бастап «Тереңөзек тынысы» деген атпен тараса, бүгінде жергілікті басылым «Тіршілік тынысы» деген атпен оқырманға жол тартуда.
Сексен жыл аз уақыт емес. Осы аралықта аудандық жалғыз баспасөз аудан халқымен, оның тұрмыс жағдайымен, әлеуметтік-рухани жай-күйімен бірге жасасып келеді. Өзінің алғашқы санынан колхоз құрылысының жемісін насихаттаудан бастаған газет соғыс жылдарындағы, одан кейінгі кезең тудырған түрлі жағдайлардағы ел тынысын үзбей жариялауда. Мұның айқын айғағы – сол кездерде газет бетінде берілген түрлі айдарлармен жарық көрген мақалалар қайнаған тыныс-тіршілікті аңғартса керек. Мәселен, «Колхоз шаруашылығына қарқынды қадам», «Колхоз байлығы – ел байлығы», «Ауданымыздың егіс далаларында», «Барлығы да майдан үшін, бәрі де Отан үшін!», «Барлық күш жауды талқандауға жұмылдырылсын!», «Бір түйір дән – жауға атылған оқ!» секілді айдарлар арқылы елді отырықшылдыққа шақыру, колхоз құрылысының жемісін насихаттау, коммунистік тәрбие беру, сауаттылық пен саяси білімді көтеруге шақырды.
Еліміз егемендік алғаннан кейін ел тұрмысы газет бетінде айқын көрініс тапты. Мемлекеттік бағдарламалар, облыс, аудан әкімдерінің маңызы зор даму бастамалары аясындағы материалдар оқырман қолдауына ие болды. Мысалы, 2003-2005 жылдары Елбасы Жарлығымен «Ауыл жылдары» болып жариялануына байланысты ауыл өміріне арналған «Ауылым – алтын бесігім», жастардың «Жауқазын», құқық қорғау саласының «Адам және Заң» беттері ашылды. Алдымен балалар шығармашылығына арналған «Рауан» бөлімі кейін оқушылардың сұранысына сай арнайы бет болды. Мұнан басқа «Шалғайда жүр бір түлек» айдарымен Тереңөзекте туып-өскен, бүгінде республикаға белгілі өнер адамдары, қоғам дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қайраткерлер, тағы да басқа сала мамандарының пікірлері, олармен сұхбат тұрақты түрде жарияланды. «Сұрақ – сізден, жауап – бізден» айдарымен оқырман өзін толғандырып жүрген сұрағына жауап алатын болды.
Тарих еншісінде қалған 80 жылдық белесте аудандық газетте небір мықтылар жұмыс істеген. Қарымды қаламгерлер мен журналистердің осы аудан айнасының қалыптасуына қосқан еңбегі орасан. Бүгінгі күні елмен бірге жасасып келе жатқан аудандық газетті алғаш ұйымдастырып, қиындығы көп жауапты жұмыстардың басы-қасында болған бас редакторлар Мәулен Меңдіқараев, Баймахан Уызбаев, Әбілда Құрманаев, Смайл Ақжігітов, Айтбай Қойшыбаев, Шілдебай Оңғалбаев, Жұмағали Елеуов, Болатбек Аманбаев, Смағұл Маханбетов, Ізхан Досмағамбетов, Абызбай Маханбетов, Қуаныш Татанов, Тынышбек Дайрабаев, Асқар Кіребаев, журналистер Сұлтан Қожаниязов, Балашбек Шағыров, Мейрамбек Шілдебаев, Шолпан Оразова, Мүсілім Қалмұратұлының әрқайсысының өзіне лайық еңбегі зор. Әсіресе, Ш.Рахметбеков, Т.Қонақбаев, Ж.Жұмабаев Б.Шертаев, Т.Әлиев, Е.Әбілов, С.Әлімбетов, А.Дәуренбеков, К.Уәйісұлы, Ж.Қонысбаев, Д.Құмақбаевалар жауапты жұмыстарда болып, газет мазмұнын байытып, оқырмандардың сүйікті басылымына айналуына өзіндік үлестерін қосты.
Кезінде осы аталған газеттен 1940-1970 жылдары алғашқы материалы жарияланған Қалтай Мұхамеджанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Әбіраш Жәмішев, Төлепберген Тобағабылов, Сейфолла Оспанов, Нұрхан Жанаев, Қанапия Дәрібаев, Қалмахан Нұралиев, Қайырбек Асанов аудандық газетті шыңдалу мектебі санайтын. 1970-1980 жылдары газет редакциясының жолдамасын алған журналистер М.Дәдікбаев, Н.Рахметова, С.Бихожа, А.Қасымова, И.Ыбыраева тағы басқалар аудандық газеттен түлеп ұшты десек, қателеспейміз. Газет авторларының жағрафиясы сонау айдынды Арал мен Алматы арасын қамтиды. Ақын Жадыра Дәрібаеваның алғашқы тырнақалды өлеңдері де осы газеттен бастау алған-ды.
Аудандық баспахана директоры болған В.Тё, механик-баспашы Қ.Төлегенов, баспахананы үзбестен басқарып, газеттің сапалы шығуына атсалысқан Сергей Тоқсанбаев, бас механик-печатник Б.Әбдіхалықов, Ш.Әбдіхалықова мен әріп терушілер Ә.Әбдірахманова, Ш.Беркінбаева, Қ.Балшықбаева, Ж.Тасымбаева, Қ.Асықбаева, Ж.Қожағұлова, корректор К.Жұмабаева, бас есепші С.Еркінбаева, А.Алдановалардың еңбегі ұшан-теңіз десе артық болмас.
Бүгінде «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық газет заман ағымына сай түрленген. Ерекше дизайн, оқырман талғамына сай ойсаларлық дүниелер, мәйекті мақалалар жариялануда. Түрлі айдарлар, арнайы беттер оқырман сұранысын қамтуда. Алыс-жақын елдердегі жерлестер газет бетінде үнемі жарияланып келеді. Оған қоса, аудандағы айшықты жаңалықтар, үлгі етерлік дүниелер жан-жақты ақпараттандырылуда. Сондай-ақ, серіктестік тарапынан редакцияның материалдық-техникалық базасы нығайды. Журналистердің шығармашылығын шыңдау үшін үлкен алқалы жиындарға, халықаралық, республикалық форумдарға қатысуға мүмкіндіктер жасалуда. Соның нәтижесінде аудан үнжариясын сырдариялықтар үнемі іздеп оқиды, арнайы жаздырып алады.
Талай толғақты кезеңді бастан өткеріп, уақыт көшінен қалмай, оқырман құрметіне бөленген Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті алдағы уақытта да тәуелсіз елдің төл басылымы бола бермек. 80 жылдық жылнаманы түгендей отырып, жаңа белестерді бағындыратын болады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
Сырдария ауданы.