Ұлт мұрасы ұлықталған күн

 Алаштың сан ғасырлық тарихы, бар болмысы, мұңы мен зары – домбыраның бойында. Қазақтың қай үйіне барсаңыз да Құраннан кейін төрден табылатын дүние бұл. Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық домбыра күнін» белгілеу арқылы рухани мәдениетімізге серпін берді. 

 Мерекенің арқасында қала көшелерінен домбыра ұстаған жастар мен балаларды тым жиі байқап, қашанда заманауи ән орындалатын ойын-сауық орталықтарынан қазақы күйдің күмбірін ести бастадық. Әрине, көңіл қуанып, ұлттық рухың көтеріледі мұндайда. Сенбі күні осы ұлттық мерекеге орай «Aray sity mall» ойын-сауық орталығында дүйім жұртты домбыра үніне ұйытып, қазақ күйін әуелеткен шара өтті. Басты ұйымдастырушы – «Қазгермұнай» БК ЖШС жас мамандар кеңесі.

Облыстық филармония, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің кәсіби домбырашыларынан бөлек, ұлттық аспапта күй тарта алатын кез келген қала тұрғыны шарада өнер көрсетті. Домбыра шертуді жаңа үйренген балақайлар да көппен ілесіп, күй тартып, ұлттық мұрамыздың қаншалықты бай әрі әсерлі екенін ұғына түсті. Иә, бұл – Қадыр ақын айтпақшы «нағыз қазақтың қазақ емес, домбыра екенін» дәлелдеп берген жиын. Себебі, сауда жасауға келген кез келген адам бұл маңайды айналып өтіп кете алмай, қазақ күйінің күмбіріне елтіп, домбырашылар думан көрігін қыздырды. Мұнан бөлек, «Қазгермұнай» БК ЖШС-нің жас мамандары ұлттық аспапқа қатысты сауалдар қойып, келушілер арасында ойын ойнатып, арнайы сыйлықтар үлестірді. Айтпақшы, шарада ортадан суырыла шығып өнер көрсеткен балалар да сыйлықсыз қалмады.

Сондай балақайлардың бірі – Алида мен Даниял Төлепбергеновтер. Кішкентайлардың бірі көпшілік алдында «Еркемайды» тартса, бірі «Кеңес», «Беу-айдай» күйлерін төгілдіре орындады.

- Ұлттық аспапта күй тартуды әрбір қазақ баласы білуі керек. Себебі, домбыра арқылы тарихты, ұлы тұлғаларды тани түсесің, ізденесің. Егер домбыраға ден қойсаң, үйренудің қиындығы жоқ. Өзім екі аптада-ақ алғашқы күйді орындай бастадым. Әрине, ұлт өнерін меңгеру үшін алдымен еліңе деген махаббат керек, – деді 11 жастағы Даниял.

Сауда орталығындағы думанды шараның елге пайдалы болуына атсалысқан «Қазгермұнай» БК ЖШС мамандарының барлығы дерлік  жастар. Иә, олар –  кәсіпорында алты жыл бұрын құрылған жас мамандар кеңесі ұйымының мүшелері. Бүгінде ұйым жүзден аса маманның басын біріктіріп, ұлтқа ұпай әкелетін шаралар ұйымдастырып, елге көмек көрсетеді. Кәсіпорында экономист болып қызмет атқаратын Ержан Аяповтың айтуынша, бұл жұмыстар қайырымдылық, қоғамдық және кәсіби бағытқа негізделген.

Жалпы, «Қазгермұнай» БК ЖШС – табысының бір бөлігін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттаған облыстағы жетекші мұнай-газ компанияларының бірі. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды жолға қойған серіктестік аймақтағы медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтарымен жарақтандыруға, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы сала отырып, әлеуметтік салаларды дамытуға қолдау көрсетеді. Бүгінде көмірсутек шикізатын барлау, өңдеу, шығару, өткізу қызметтерін Қызылорда облысының Оңтүстік Торғай ойпатындағы Ақшабұлақ, Нұралы Ақсай кен орындарында жүзеге асыратын «Қазгермұнай» БК» ЖШС – облыста ғана емес, Қазақстанның мұнай шығару секторындағы ірі компаниялардың бірі.
Иә, халыққа қолдау көрсетуден бас тартпайтын «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырған бұл шарасы ұлт мерейін өсіргені анық. Себебі, домбыра – қазақтың жаны, құнды қазынасы. Думанды шараның елді біріктіріп, сапалы өтуіне атсалысқан мамандардың айтуынша, кәсіпорын ұлт мұрасын ұлықтайтын шараларды жалғастыра бермек.

  • Айдана ЖҰМАДИНОВА,
  • «Сыр бойы».  
ҚОҒАМ 10 шілде 2019 г. 527 0