Бала кезімізде «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегіні оқып, оның мультфильмін жиі көруші едік. Соған қарап, қарлығаш құсының мейірімділігін, адамға жақындығын бала болсақ та түсінетінбіз. Шиқылдаған дауысын естісек, төбеге қарап, ұясына қонғанша бақылау да бала кездегі әдет болатын. Әр үйдің ішіне ұя салып, балапандарын қорғап, қанаттандыратын бұл құсқа ешкім тиіспейді. Себебі, қазақ халқы киелі деп есептейді. Сондықтан болар, құста әр шаңыраққа еркін кіріп ұшып жүре береді. Дегенмен, соңғы уақыттарда ұя салуға қамданған қарлығашты, есігін айқара ашқан үй иесін де көрмейтін болып барамыз. Есіктер жабылды, құс та өз панасын іздеп кете барды.
Негізінен елімізде қарлығаштың 5 түрі мекендейді екен. Олар, жар қарлығашы, кент қарлығашы, қос реңді қарлығаш, сепкілтөс қарлығаш, құз қарлығашы. Аспандап ұшып күн көретін тіршілік иесі бүгінде сирей бастады. Үйін паналататындар да жоқтың қасы. Олар неге азайып кетті? Неліктен біздің тарапымыздан жанашырлық көрсетілмейтін болды деген сұрақ менің ғана емес көпшіліктің көкейінде де жүрген сауалдың бірі болар. Өзекті мәселеге айналған бұл сұрақ төңірегінде өзімізше жауап іздеп көрген едік.
Басты себеп – экологиялық ахуал екені айтпаса да түсінікті. Биыл қыс қатты болды. Көктем келсе де, ызғары біршама уақытқа дейін сезілді. Табиғаттың қаһары жылда болатын дүние. Құс тұрмақ адамды қоршаған ортаны улап жатқан зымыранның зардабын қазір ересектер түгілі бала да біледі. Сондықтан жылы жақты қалайтын қарлығаш суығы ызғарлы, мұндай аймақта еркін қанат қаға алмайтын сияқты. Бұл аздай қазба байлықтарды аламыз деп жердің астын төңкеріп, қоршаған ортаны ластап жатқанымыз тағы бар. Бұл жөнінде табиғаттың жанашыры болып, құстар әлеміне ерекше көңіл бөліп жүрген Оразбай Қосанов ағамыз былай дейді: – Шынында да, бұл күндері қазақтың киелі саналатын қарлығашы азайып кетті. Бір кездері көп болатын. Бөренеге қонақтаған қарлығаштың кеш қарайғанға дейін отырғанын көретінбіз. Қазір оны көруден қалдық. Мұның негізгі себебі қоршаған ортаның ластануы. Яғни, бұл табиғатқа немқұрайлықтан туындап отырған жайт. Сондай-ақ, қарап отырсаңыз, бұрындары «Құстар күні», «Табиғатты қорғау күндері» секілді түрлі шаралар өткізілетін. Бүгінде ондай шаралар жоқтың қасы. Иә, Оразбай ағамыздың айтып отырғаны ащы да болса, ақиқат. Ауа райының қолайсыздығы қазіргі сәтте құс түгілі адам баласына кері әсерін тигізуде. Десек те, осы тұста айта кететін ендігі бір мәселе ол адамдардың пейілі болмақ. Қазіргі күні үйдің айналасын қорған секілді қоршаған адамдар құсты паналатпақ түгілі, көршіні көрмейді, тіпті, танымайтын дәрежеге жетті. Бұрын қандай едік? Дархан көңілді қазақтың қай шаңырағы болмасын барлық жанға ашық болған. Пейілдерінің кеңдігі соншалық, есіктің сыртын қолға түскен затпен итеріп қойып жүре беретін. Адам еркін кіріп-шығып жүрген соң құстарға да орын табылатын. Бүгінде адамдардан мұндай кеңдікті көрмейсің. Жанашырлық, аяу деген ұғымдардан алшақтап кеттік. Дәл осылай кете берсек, алдағы уақытта қасиетті құсымыздың «Қызыл кітапқа» еніп кетуі ғажап емес.Сол себепті де табиғатты қорғап, қолда бардың қадірін түсінетін, оларға назар аударатын кез жеткен секілді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.