Корректордан бас редакторға дейінгі жол

«...Көзің жетпеген дүдәмал ақпаратты материалыңа пайдаланба! Күмәнді цифрлардан айналып өт. Алыс­тан орағытпай, айтарыңа бірден көш». Бұл – облыс журналис­тикасында өз орны бар Жолдасбек Ақсақаловтың қырық жылға жуықтаған еңбек жолындағы басты ұстанымы. Өзгелерге де,  ізінен ерген бізге де осы ақыл-кеңесті айтады.

Қазір қайта-қайта қаузап, дамыта алмай жүрген салалық журналистиканың экономикалық бағытын ол бағындырғалы қашшан. Осы тақырыптағы кез келген тілшінің тісі батпайтын терминдерді, макроэкономикадағы кәнігі экономистер қолданатын көрсеткіштерді пай­даланып, жатық тілмен тү­сін­діргенде сараптама мақала қалың оқырманның ұғымына бірден сіңеді.

Сол сараптамалар екі-үш күн зерттеліп, содан соң жазылады деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені күнделікті шығып жатқан газетте «мақаланы ертең немесе арғы күнге дайындаймын» деген түсінік болмайды. Тек  жедел түрде, осы нөмірге!

Мұндайда Жолдасбек аға статистика, экономика басқармаларына телефон соғып, 3-4 цифрды сұрап алады да, шұғыл диктовкаға отырады.  «Жалақы қоры», «рентабельділік», «өзіндік құн» деген түсініктердің айналасындағы әлгі цифрлар салмақты сараптаманың жүгін көтеріп, тап-тұйнақтай тізіле қалады.

Диктовка дегеніңіз – «Сыр бойының» аға буын журналис­тері әбден меңгерген өнер. Өйткені, күнделікті шығатын газеттің астық шайнаған комбайн сияқты қарқынына қағаз шимайлап отыратын тілші төтеп бере алмас еді. Сондықтан Жолдасбек аға ойындағысын сол мезетте сөз маржанына айналдырып, терушіге диктовка жасайды. Қолға алған тақырып төңірегінде түйдек-түйдек ойлар, орынды салыстырулар, таңдаулы теңеу­лер, кейде сыни көзқарастары  қосылған толыққанды материал ертеңгі нөмірге жарқ ете қалады. Журналистің ой орамынан, терушінің пернетақта бетіндегі сыр­тылдаған саусақтарынан төгіліп түскен мақала осылайша оқырманына жол тартады. Өкініштісі, бір-бір компьютердің мониторына телмірген біз  диктовкаға машықтана алмадық.

Жолдасбек Ақсақалов «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетіне университет бітірген бойда корректор болып жұмысқа қабылданды. Ол кезде оқу бітіріп келген жас мамандардың барлығы еңбек жолын корректорлықтан бастап, азды-көпті тәжірибе жинақтаған соң барып тілшілік қызметке ауысатын. Осы мектептің қазанында қайнаған қаламгерлер, ең алдымен, сауатты жазуға тәрбиеленді. Нұрділда Уәлиевтей принципшіл бас редактордың тұсында өнеркәсіп, транспорт бөліміне тілшілікке ауысқанда осы салалардың өзекті мәселелерін терең зерттеді. Түп-тамырын қазып жазды.

Өмірімізге нарықтық экономика енгенде жос­парлы экономиканың  кем­шін тұстарын, алып кәсіп­орындардың күйреуіне себеп болған жағ­дай­ларды, нарықтың та­лаптарын оқырманға тү­сіндірді. Масылдықтың ауылынан ірге ажыратып, әркімнің өз күнін өзі көруі керектігін әр мақаласына өзек етті.  Экономика мен қаржы салалары бойынша орыс тілінде шығатын газет-журналдар мен әдебиеттерді үзбей оқып білімін жетілдірді. Әлі күнге дейін оның жұмыс үстелі есеп-қисаппен байланысты материалдардан босамайды.

Заманның ағымы оғ­ан ілесе алғандарды ға­на жағалауға шығарып тас­­тамайды. Өзгермелі уа­қыттың жалына жарма­сып, ескі мен жаңаның арасынан «алтын ортаны» тапқан журналистің өнімі өтімді болады. Экономика, бухгалтерлік есеп, қаржыға қатысты шығып жатқан қаулы-қарарларды, олар­­дағы өзгерістерді қағыс қалдырмайтын қырағылығы аталған салаларды басқарған адамдармен тең дәрежеде пі­кір алмасуына, қажет кезінде сынап жазуына мүмкіндік бер­ді.  Сынды қабылдай білетін, сөзге тоқтайтын азаматтар «ме­нің жұмысымды сынадың» деп қырын қарамай, қайта кем­ші­лікті мойындайтын. «Жазыл­ған жайдың жаңғырығы», «Сыр бо­йының» сынынан кейін» де­ген айдарларда мақалада көрсетілген олқылықтардың шын мәнінде орын алғанын, оны жөндеу үшін барлық шара қарас­тырылғанын баяндаған хаттар үзбей жарияланатын еді.  

«Сыр бойына» бас редактор болған тұста күнделікті нөмірдің қарбалас жұмысының арасынан уақыт тауып, экономикалық сараптама жазуды тоқтатпады. Бұл – бас редактор үшін басы артық, ауыр жұмыс. Бірақ өзі қол қойып отырған басылымда бүкіл нөмірдің жүгін көтеретін мақала жарияланса деген жанашырлығы шаршағанын ұмыттырып жіберетін.

Соңғы жылдары Жолдасбек аға адамзат тарихындағы айтулы оқиғалар, олардың себептері мен салдары, әлемдік саясаттағы серкелер туралы терең зерттеу­лер жазып жүр. Мақалалары қайбір жылы кітап болып жарық көрді. Рузвельт, ­Черчилль, Сталин сияқ­ты тұл­ғалардың өмірі, тауып айтқан цитаталары, олардың бәріміз білетін тарихи оқиғалардың бетбұрысына әсер еткен іс-әрекеттері  оқырманды қызықтырып отыр.  Ұзақ жылдар бойы жеті қат құпияның астында жатқан деректерді, ел, жер, адамдар тағдырына байланысты архивтік материалдарды жалпақ жұртқа түсінікті етіп жеткізу де аз жұмыс емес.

Ол қазір басылымның экономика бөлімін басқарады. Әлемдік экономика, алпауыт елдердің бір-біріне салған санкциялары, оның дамушы елдерге тиетін зардабы, мұнай, жалпы шикізат рыногындағы күрделі ахуал туралы сағаттап айтуға, сараптап жазуға әрдайым әзір. Бір қызығы, уақыт та, қызмет те оның шығармашылыққа қатысты қағидасын өзгерте алмады. «...Көзің жетпеген дүдәмал ақпаратты материалыңа пайдаланба! Күмәнді цифр­лардан айналып өт. Алыс­тан орағытпай, айтарыңа бірден көш».


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

ҚОҒАМ 10 шілде 2019 г. 646 0