« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Адамзаттың барлық жақсы қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіріп, қоғамдық көзқарастарының дұрыс қалыптасуына эстетикалық тәрбиенің маңызы зор. Жас ұрпақтың өскен ортасын дұрыс таңдауы, қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауы, жалпы адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіруіне музыканың қосатын үлесі зор. Себебі эстетикалық тәрбие құралдарының басты салаларының бірі – музыка.
Музыка арқылы жеке тұлғаның ақыл-ой мен жан-жақты өмір тәжірибесі кеңейіп, біліктілігі мен қабілетін дамытуға мүмкіндік туады. Соның ішінде қазақ халқы үшін ұлттық аспаптармен орындалатын дәстүрлі ән өнерінің алар орны ерекше. Ұлттық өнердің құдіреттілігін таныту арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім құйып, елім-жерім деп еміреніп тұратын тұлға етіп өсіруге әбден болады. Осыны ескерген ҚР Тұңғыш Президенті -Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет. Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет»-деген болатын.
Осы орайда жуырда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Ұлы даланың сарқылмас үні» атты өнер экспедициясы өтті. Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттерінің қатысуымен өткен шараның негізгі міндеті – оқушылардың қазақтың аспаптық музыкаға деген қызығушылықтарын оятып, ұлттық өнерге деген құрметтерін арттыру.
Алдымен Жалағаш ауданындағы «Ақтерек» сауықтыру лагерінен бастау алған шара барысында өнерпаздар домбыра, адырна, жетіген, қобыз, керней, үскірік, сазген секілді қазақтың музыкалық аспаптарымен «Құсни қорлан», «Халқым-ай», «Жыр бастау» шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ фольклорлық ансамбльдің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлеріне риза болған көпшілік ұзақ қол соқты. Шарада сөз алған облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Ә.Әбдіхалықова:
- Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ елінің тарихы мен оның құндылықтары, оларды жаңаша жаңғырту мен жаңарту жолдары жайлы айтылған. Сонымен қатар аталған құжатта еліміздің түп тарихын зерттеу мен ұлттық мұрамызды әлемге әйгілеуге бағытталған ірі жобалар талқыланған. Яғни, қазіргі таңда кенжелеп қалған дала фольклоры мен музыкасын қайта жаңғыртуға шақырып, салт-дәстүрге қойнауы толы ел екенімізді мақтан тұтып, өзге елдерге үлгі болуымыз керектігін айтты. Әрине, түсінгенге бұл құжат – Қазақстан халқын біріктіретін, жігерлендіретін қуатты қозғаушы күш. Мұны Елбасының саясаттағы үлкен тәжірибесінің нәтижесі деп бағалаймын,– деп қазақтың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұрасы-ұлттық аспаптар жайында алға тартып, шараның жас ұрпаққа берер тағылымы жайында кеңінен айтып өтті.
Одан соң Сырдария ауданындағы «Жалын» лагеріне жол тартқан өнер экспедициясының мүшелері оқушыларға концерттік бағдарлама ұсынып қана қоймай, ұлттық аспап туралы білімдерін жетілдіру мақсатында «Атадан қалған асыл мұра» атты таным сағатын өткізді. Онда лагерь тынығушылары 40 жылдам астам тарихы бар қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттерінің халықаралық деңгейде орындап жүрген шығармаларының шығу тарихымен танысты.
Ал музыкалық аспаптар жайында тереңінен білетін лагерь тынығушысы А.Нұрбаева қазақтың қасиетті қара домбырасының шығу тарихын баян етті:
– Ертеде бір аңшы жігіт болыпты. Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын алып тастайды. Содан арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішек-қарынын қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанғы жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге бөлейді. Сол жерде аңшы жігіт «қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын жасайын» деп ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Міне, сол заманда пайда болған қасиетті қара домбыра, қанша ғасыр өтсе де халқымен бірге әлі күнге жасасып келеді деген екен.
Иә, танымдық сағатта оқушылар «Жетіген», «Қылқобыз», «Шартер» секілді тағы да басқа ұлттық асаптардың шығу тарихымен танысты. Танымдық сағаттың тағылымды өткені соншалық, Базар жыраудың «Ғибрат», М.Әміреевтің «Өсиет» термелерінен оқушылар үлкен әсер алғандарын жеткізіп, музыкалық аспаптардың өзіне тән әуенділігі мен сазды үнінен әсем күйге бөленгендерін сөз арасында айтып өтті.
Ертеңіне өнер экспедициясының өнерлі жастары Қызылорда қаласындағы «Сырдария» тынығу лагерінде болып, көпшілікті халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан, әдет-ғұрпынан хабар беретін музыкалық асаптарымен өнер көрсетіп қайтты.
С.Үсенқұлова,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |