Жақында әлеуметтік желілерде «қызылордалық «Байдала» серіктестігінің күріші сапасыз» деген сарында бейнеролик тарады. Осы хабардан кейін «Байдаланың» басшысы көмек сұрап, Кәсіпкерлер палатасына өтініш түсірген болатын. Мәселені зерттеген Палата қызметкерлері сала мамандарының басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз мәслихатында Кәсіпкерлер палатасы директорының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов: «Бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізуге себеп болып отырған жағдай жақында ғана әлеуметтік желіде «Байдала» мекемесінің күрішіне қатысты жарияланған жалған бейнеролик. Нақты зерделеу жұмыстары жүргізілмей таратылған ақпараттың салдарынан кәсіпкер шығынға ұшырап отыр. Кәсіпкер Палатаға келіп бізден көмек сұрады. Қазір заңгерлеріміз құқықтық қолдау көрсетуде», - деді.
«Байдала» ЖШС директорының орынбасары Азамат Байдалиев компанияның бүгінде облысқа қарасты Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандарында күріш егіп, оны өз зауыттарында ақтайтындықтарын жеткізді. Бүгінде «Байдаланың» зауытында тұрақты 80 адам жұмыс жасаса, егіндіктерде маусымдық жұмыстарға 2000-ға жуық адам тартылған. Өнімдерін Тәжікстан, Украина, Россия, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де елдерге экспортқа шығаруда.
«Әлеуметтік желіде таралған жалған ақпарат біздің компания беделіне нұқсан келтіріп тұр. Мұндай бейнематериалды тарату кімге тиімді екендігін білмеймін. Қазір таратушыны анықтау жөнінде ішкі істер органдарына шағымымызды қалдырдық. Жалған ақпарат таратушы анықталған жағдайда әрі қарай сотқа беретін боламыз», - деді.
Қызылорда облысынан өндірілетін күріштің сапасына қатысты «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Қызылорда филиалының басшысы Мейрамбек Серікбай да пікірін білдірді.
«Біздің облыста зауытта өндірілетін және экспортқа шығарылатын күріштер үш тексеруден өтеді. Олар сәйкестік сертификаты, карантиндік сертификаты және сапа сертификаты. Сапа сертификатынан өту үшін заводтан шыққан күріш өнімдерінің сынамасы алынып, тексеруден өткізіледі. Қаптың мойнындағы түпнұсқасында шыққан ауысымы, мерзімі жазылып тұрады. Бейнероликті түсірген азаматтар күріштің сапасыз екендігін шын мәнінде дәлелдегісі келсе күріш қабын көрсетуі қажет еді. Халыққа айтарым, қалтадан келген, тарелкадағы шығу тегі белгісіз күріштерге сенбеңіздер. Облыс дихандары республикадағы күріштің 80 пайызын өндіреді. Біздің аймақта өндірілетін күріштердің бұрын 20-30 пайызы ғана шығатын болса, қазір 70 пайызы экспортқа шығарылады. Сондықтан да біздің өңірдің күріші туралы жалған ақпарат тарату қисынсыз тірлік. «Байдаланың» күріші сапалы, халық тұтынып жоғары бағасын алып жүрген, экспортта сұранысқа ие өнім», - деді.
Баспасөз мәслихатының қорытындысымен Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов Палата тарапынан кәсіпкерге жан-жақты қолдау, көмек көрсетілетіндігін жеткізді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі