ЕЛГЕ ТАНЫМАЛ АЗАМАТ

Ертеңгілік телефон байғұс зар-зар етті. Еріншектеу қозғалып құлақ тостық. «Жыл үздігі» атанған «Қамқор» ЖШС-ның директоры Зияғаладин Өтенов екен. Осы өңірдің қабырғалы бір азаматын таңсәріден нендей оқиға мазалағанын, енді тез-ақ есіткім келіп тұрды...

– Түсімде Молдаиман Елеуов ағаны көрдім, – деді ол баяу үнмен, арқамнан сипалап тұрды да, мұң-а-я көз қиығын тастады. Сосын ғайып болды. Әуелгісін жақсылыққа баладым. Ал мұңая тесіле қарағанын ұға алмадым.

– Молдекең марқұммен көптен таныс­па едің?

– О-о, Таныс-біліс болғанда қандай? О кісі облыстық тамақ өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағына ұзақ жыл басшы болды. Совхоздар мен колхоздардағы клуб-кинолар осы ұжымға есеп беретін-ді. «Ақбастыда» киномеханик едім. Қалаға шақырып, ауылдардағы 19 киножүйесінің тізгінін ұстатты. Осында 1968-1987 жылдар аралығында, яғни кооперативті басқаруға ауысқанша Молдекеңмен 18 жыл қызметтес болдық. Сосын да: «Мені ұмытып кеттіңдер-ау» дегендей өкпе-назын іс басындағы інілеріне мен арқылы жеткізгісі келген болар, деп ой түйдім.

***

Молдаиман Елеуов зейнетке шыққан 1991 жылы «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне сәйкес өз атынан газетке мақала дайындағанмын. Енді соны парақтай бердім...

– Иә... Айтары жоқ, сол ашаршылықта ата-анадан айырылып, тұл жетім болып қалдым, – деді ағамыз күрсініп алып, – десе де, аратұра еске алғанның артықтығы болмас. 1931 жылдың мамырында қазіргі «Аралтұзға» қоныс аударған едік. О кезде мұнда бары 5-6-ақ үй. Мен алтыда, інім Байділда үш жаста. Елеу — менің атам. Өз әкем Қожахмет пен оның ағасы Нағымет түйемен Аралға тұз тасыды. Бірақ алған ақылары тамаққа да жетпеді. Күз айында Орскіге қарай көштік. Қыс түсті. Ырғыз бен Қарабұтақ арасына киіз үй тігіп қыстадық. 1932-нің ерте көктемінде Орскіге барып орналастық. Әйтсе де, екеуінің табысы бір көмеш наннан арытпады. Ішетініміз қара су. Аралдан барған өзгелердің де халі осындай. Әкем Қожахмет Ырғыздағы Балша апасына кеткен. Сол жолда аштықтан мерт болыпты.

1932-нің маусымында ат-арбамен елге қайттық. Жол-жөнекей аштықтан Елеу атам көз жұмды. Оны жақын бейтке апарып жерлеуге кеткен Нағымет көке оралмады. Толқын анам кеш түскесін Байділда екеумізді жетектеп бір қыстаққа әкелді. Ол орыстілділер тұратын Домбровка еді. Бір маржа бізге жүрек жалғатты да Байділданы алып қалды. Тағы жолға шықтық. Бағытымыз – Қарабұтақ пен Ырғыз маңындағы анамның төркін жұрты. Қаңғып, қайыршы болып жүргенімізде 1932-нің күзі жетті. Шешек, қызылша, тышқақ ауруынан балалар қырылып жатыр. Күн суытып, жауын-шашын болып, жерге қар түсті. Шөп қора мен есік алдына түнейміз. Кейбіреулері қуып тастайды. Анам ақсақ, екі балдақпен әрең қозғалады. Айтатыны: «сен тірі қалсаң екен, екі-үш күнде Жаршаның (Өз әкесі) ауылына барып қонамыз» деп жұбатады. Бір елді мекенге жақындағанда қар борап, бұтаның ығына түнедік. Анам мені бауырына басып алыпты. Ертеңіне тамызықтық отын алуға келген қария қардан аршып алып, ат арбасына мінгізді. Анам қозғалмайды. Жарша атайдың тұрағы осы жерде екен. Көз жұмған анамды танып, ойбайға басты.

– Ту-у, тыңдаудың өзі азап қой, Молдеке-ау!

Ә-ә, біз жылай-жылай көз жасын тауысқанбыз. Жарша атам да, әжем де барын аузыма тосты. Өздері 3-4 айдан соң аштықтан жан тапсырды. Сонымен жақын-жуықтан жұрдай болдым. Атайдың Бұхарбай деген көршісі өз інісін және мені 1933 жылдың көктемінде «Қарабұтақтағы» балалар үйіне тапсырды. Аты-жөнімді толық жаздырды. Мұнда да хал-ахуал өте нашар. Күніге берілетін жүз грамм нанды ересектері тартып жейді. Аурудан, аштықтан өлім көбейді. Мен сияқты ең кішкентайлардың жиырмасын Ырғызға жөнелтті. Мұнда да солай. Төкеш деген арбакеш күн сайын өлгендерді жинап, терең сайға апарып тастайды. Бір бөлменің ең кішісі Смағамбет (Ақбаев) екеуміз. Орнымыздан тұрудан қалдық. Ісе бастадық. Көз алдымызға Төкеш шалдың арбасы елестеді. Әсекенов Әмірбек деген 15-тегі бала нан мен сүт әкеліп, екеумізді тірілітіп алды. Осылайша 1933 жылы бірінші класты бітірдім. Мектепке Әмиржан Құлтазин директор, шекарашы-офицер Әжитжан Тәжібенов тәрбиеші болып келгесін жағдайымыз әжептәуір дұрысталды. Жерлесіміз Алданыш Халықұлов та сонда болды. Бірде мұзға ойылған баланы құтқарып қалғанмын. Алдекең соны «Елеуовтың ерлігі» деп республикалық «Октябрь» газетіне жазды. 1942-1943 оқу жылында онжылдықты бітіріп, маған іздеу салған, «Қаратүп» колхозындағы баяғы Нағымет көкенің қолына келдім. Бөген ауылдық кеңесіне қарайтын «Қаратүпте» елу-алпыстай үй бар. Балық аулайды. Мал өсіреді. Колхоздың бас есепшісі, соғыс ардагері Ран Дос­малов «Осы ауылдағы ең сауатты адам сенсің» деп счетоводтыққа қабылдады. Бұрыннан Комсомол едім. Колхоздың бір активі болдым. 1944-тің қараша айында әскери комиссариат шақырып, 35-40 жігіт қызыл вагонмен Пенза қаласына келіп түстік. 7-8 тәулік аялдағасын пойызға қайта отырып, Горький облысының Выска қаласына тоқтадық. Мұнда мыңдаған адам жұмыс істейтін металл қорыту зауыты орналасқан. Жұмыс қолы тапшы. Бәрімізді цехтарға бөлді. Мен электрмен жүретін кранды жөндейтін слесарьдың көмекшісі болдым. Мамандығымды 4-5 айда-ақ игердім. Жеңіс күнін осы Выксада тойладық.

 

***

1946 жылы, жиырма бірге толып елге қайтқан Молдекең еңбекке құлшына кі­рі­сіп, теміржол бойындағы «Шөміш» пен «Аралқұм» стансаларын­да табельщик-счетовод, және саудаға араласып жүріп қоғам­дық іске белсене қатысады. 1948 жылы теміржолшы Жақсы­лыққызы Рзагүлмен тұрмыс құрады. Партияға өтеді. Орыс-қазақ тіліне сауатты М.Елеуов 1953 жылдың басында «Балық комбинатының» комсомолы хатшылығына сайланады. 1,5 жылдан кейін Аупарткомның партиялық-ұйым­дастыру бөлімінің нұсқау­шылына ауыстырылады. Ал 1959 жылдың 5 мамырында облыс­тық партия комитетінің нұсқаушылығына шақырылады. Осы жылы ол Мәскеудегі, КПСС орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебіне сырттай оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп жоғары дәрежелі білім алады. 1961 жылы орталығы Арал қаласындағы облыстық тамақ өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының төрағалығына бекіп, о кезде «Коммунизм мектебі» деген мәртебеге ие ұйымды тұтас отыз жыл басқарып абыройға бөленеді. Ауаткомның депутаттығы қатарында отыз жыл болып, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына лайықты үлес қосады. Адал еңбегі бағаланып 6 (алты) медаль және қазақ ССР-ы жоғарғы кеңесінің, Орталық партия комитетінің, КСРО кәсіпордақтарының оннан астам құрмет грамотасымен марапатталады. Бұл күндері 85-ке толған Молдекеңнің сүйікті жары Рзагүлмен де тілдескенбіз: Шүкір ғой, – деді ол төсектен басын көтеріп, – ұл-қыз өсірдік. Қазір бәрі үйлі-баранды. Әр саланың маманы. Өзім Молдекең іргесін қалаған қарашаңырақта Төребек немерем мен Әсия келіннің қолында мамыражай, бақуатты күй кешіп отырмын. Осыған қанағат етем...

***

Ал жоғарыдағы Зияғаладин мырзаның көрген түсі жайына келсек, енді оны жору қиын болмас. Аян беру де әлденені меңзеу ғой. Іс басындағы азаматтар бір көшенің атауын елге танымал болған талай-талай соқпақты бұралаң жолдан өткен, алдағы жылы тоқсан жасқа толатын ардагер Елеуовке қимастық етпес деген ойдамыз.

 

Шәкірат Дәрмағамбетұлы,

дербес зейнеткер.
Арал қаласы.
ҚОҒАМ 05 шілде 2014 г. 909 0