Бүгін облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 42 азамат «Электргазбен дәнекерлеуші», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша колледжді тәмамдап, алғашқы дипломын алды.
Шараға 10 ай бойы жазасын өтеушілерді мамандыққа баулыған Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі мен Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің мұғалімдері, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің СЕҰ тобының бас маманы, әділет майоры А.Абжалиева, СЕҰ бөлімшесінің қызметкерлері қатысты. Айта кетейік, мекемеде колледждің ашылғанына биыл – 6 жыл.
– Диплом алған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындарды өтеуге мүмкіндіктері бар. Бұл азаматтар жақсы оқығандары үшін ай сайын 21500 теңгеден шәкірақы алып тұрды. Сотталғандардың жеке істері бойынша атқару парақтары болса, шәкіртақысынан белгіленген сома ұсталып тұрды. Сотталғандардың туыстары үшін материалдық қолдау көрсету үшін, жеке басына қатысты қажетті заттарды сатып алу үшін шәкірітақысын пайдалануға мүмкіндік берілді, – деді мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі С.Тоқтамысов.
Қолына диплом алған 42 адам тек темір тордың ар жағында ғана емес, бостандықта да алған білімімен жұмысқа орналаса алады. Мекемеде әртүрлі мамандықтар бойынша ақылы жұмысқа қабылдайтын 9 жеке кәсіпкерлік нысан бар. Алдағы уақытта бұл колледжде мамандықтар санын арттыру жоспарланып отыр. Келесі оқу жылында С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжімен келісім шарт негізінде «Ағаш ұстасы» мамандығы ашылады деп күтілуде.
«СБ» ақпарат