Ынтымақтастық меморандумы

Облыс орталығындағы жоғары және арнаулы-орта оқу орындарында қаржы-экономика саласы мамандықтары бойынша оқып жатқан жастар аз емес. Келешекте олардың барлығы бірдей мемлекеттік қызметке орналаса бермейтіні анық. Кейбіреулері бизнеске кетсе, енді бірі мемлекеттік немесе жеке кәсіпорындарда экономист, есепші болуы мүмкін. Олардың арасынан салық және кеден органдарына жұмысқа тұрғысы келетіндер де шығады. Олар үшін салық заңдылықтарының, салық төлеу жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанын қазіргі кезден бастап біле бергенінің пайдасы болмаса зияны жоқ. Бұл әсіресе, салық органдарында қызмет етіп жатқан мамандарды алмастыратын жастар үшін өте маңызды. Олар саланың жұмыс тәртібімен жақын танысатын болады.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов облыс орталығындағы жоғары және арнаулы-орта оқу орындары басшыларымен кездесуінде осындай ойын жеткізді. Бұл кездесудің басты мақсаты – облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мен жоғары, арнаулы-орта оқу орындары басшыларымен өзара әрекет ету және ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қою болатын.
Кездесу барысында департамент басшысы болжамдалған кіріс көздері бойынша салықтық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Соңғы 5 айда мемлекеттік бюджетке барлығы 70 млрд 310 млн теңге өндірілген. Межеленген жоспар 59 млрд 209 млн теңге болса, жоғарыдағы көрсеткіш жоспардың 118,7%-ке немесе 11 млрд 101 млн теңгеге артық орындалғанын көрсетіп тұр. Бұл бір жағынан облыс тұрғындарының салық сауаттылығы мен мәдениетінің жоғарылағанын дәлелдесе, екінші жағынан департамент қызметкерлерінің салық және кеден заңнамаларын түсіндіру жұмыстарының нәтижесі.
– Салық төлемдерінің толық жиналуы – мемлекеттің өз міндеттерін толық орындауға мүмкіндік береді. Жиналған қаржы бірінші кезекте ұстаздардың, дәрігерлердің жалақысына және зейнетақыға жұмсалатыны белгілі. Сондықтан мемлекеттік кірістер органы үшін салықты уақытылы төлеуге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу басты міндеттердің бір. Ал осы іске сіздер де атсалысып жатсаңыздар ол нұр үстіне нұр болар еді, – деген Ғалымжан Қалдыкөзұлы ынтымақтастық меморандумы аясында студент жастар үшін көптеген шаралар белгіленіп отырғанына назар аударды.
Мәселен, олар кірістер органдарының жұмыс тәртібімен танысып, кәсіби тәжірибе алады. Студенттер ғылыми және тәжірибелік жұмыстарына қатысты салықтық және кедендік заңнамалардың кажетті материалдарымен қамтамасыз етіледі. Кірістер органдарының ақпараттық жүйесімен, салық басқармалары мен кеден бекеттерінің тыныс-тіршілігімен танысады. Салық есептіліктер мен өтініштерді толтыру тәртібін үйренеді. Олардың осы бағыттағы білімдерін көтеру мақсатында дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер өткізіледі, сырты экономикалық қатысушылар мен салық төлеушілерге заңдағы өзгерістерді түсіндіретін буклеттер таратуға атсалысады. Сол секілді жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің қатысуымен ірі сауда орындары мен базарларда кәсіптік қызметпен айналысатын салық төлеушілерге салық заңнамалары мен нормаларын түсіндіру, қызметтер мен тауарлар сатылғанда фискалдық чек беру жөнінде түіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сөз соңында департамент басшысы тәжірибеден өту кезеңінде жауаптылық пен белсенділік көрсеткен студенттердің мемлекеттік кірістер органдары мен басқа да салаларға жұмысқа орналасуына заң шеңберінде қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесуге келген жоғары және арнаулы-орта оқу орындарының басшылары меморандумда көрсетілген шараларды бірлесіп атқаратындықтарын айтты. Мұнан соң  меморандумға Ғ.Орынов және Қорқыт ата атындақы ҚМУ ректорының міндетін атқарушы Бақытхан Әбдікәрімов, "Болашақ" универститетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков, Қазақ Гуманитарлық Заң және техникалық жоғары колледж директорының міндетін атқарушы Қанат Ақпанов, Қызылорда инженерлік техникалық колледж директоры Иса Жетербаев қол қойды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
"Сыр бойы"
ҚОҒАМ 26 маусым 2019 г. 596 0