Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылған шаралар қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза болған полицейлерге арналған монументке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Одан әрі ұйымдастырылған шара Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйіндегі мерекелік жиынға ұласты.
Салтанатты жиын басталмас бұрын Полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер және департаменттің жеке құрамы қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болған ұландарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жылдар өтсе де, қайсар батырлардың бейбіт өмірде жасаған ерліктері, екінің біріне беріле бермейтін батылдықтары мен батырлықтары халықтың жадында мәңгі жаңғырып тұрмақ.
Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне арналған шараға Қазақстан Республикасының Туы әкелініп Мемлекеттік Әнұраны ырғағымен ашылды. Одан әрі Ішкі істер министрі полиция
генерал-лейтенанты Тургумбаев Ерлан Заманбекұлының мерекелік жеделхаты оқылып, министрдің құзырымен департаменттің 20-ға жуық қызметкері марапатталды.
Шара барысында облыс әкімі Көшербаев Қырымбек Елеуұлының құттықтау сөзі тыңдалып, облыс әкімінің құзырымен өзінің қызметтік міндеттерін адал орындап, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін департаменттің 9 қызметкері марапатталды.
Мұнан соң сөз Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі А.Заппаровқа беріліп, марапаттау бұйрығы таныстырылды. Департамент бастығының бұйрығымен 130 қызметкер және 33 ішкі істер органының ардагері марапатталды.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне арнап облысымыздың өнерпаздарымен қатар, полиция қызметкерлері де өнер көрсетті.