Қызылордалық коалиция өкілдері Мемлекет басшысының халық мүдессі үшін алға қойып отырған міндеттерін бірігіп жүзеге асыруға қолдау білдіріп, Сыр халқына үндеу жариялады.
Достық үйінде өткен жиында облыстық коалиция мүшелігіндегі саяси партия жетекшілері мен белсенділері, ҮЕҰ мен қоғамдық бірлестіктер басшылары шынайы достықтың нышанын көрсетті. Олар Президент сайлауының ашық және бәсекелік сипатын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Елбасының стратегиялық бағытын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шүбәсіз жүзеге асыратындығын айтты.
Отырыста «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова қазіргі таңда Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанын айтып, ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы атап көрсеткен билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттарға тоқталып өтті.
– Президент ұлықтау рәсімінде халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикалық және саяси жүйеміздің дамуына тың серпін беретін нақты бағыттарды атап көрсетті. Олар: халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыру, жауапты сыртқы саясат, жастарға жан-жақты қолдау көрсету. Бұл Президентің Сабақтастықты, Әділдікті және Өрлеуді мақсат еткен сайлауалды бағдарламасында да айқын көрсетілген. Біз міндетті түрде бұл мақсатқа жетеміз. Басты міндетіміз – Елбасы стратегиясын бірігіп жүзеге асыру, – деді А.Әлназарова.
Жиын барысында коалиция мүшелері өз ой пікірлерін ортаға салды. «Ауыл» Халықтық – демократиялық – патриоттық партиясының облыстық филиалы төрағасы Серікбай Өмірзақов коалиция алғаш құрылған күннен бастап жалпыұлттық диалогқа қатысты бастамаларды қолдап келе жатқанын және алдағы уақытта да елдегі тұрақтылықтың, келісімнің және конструктивті диалогтың дамуына үлкен үлес қосады деген сенімін білдірді.
Шара соңында коалиция өкілдері сырбойылықтарды ынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен төзімділікті сақтауға, барлық қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге, Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдауға шақырған Үндеу қабылданды.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».