« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» мемлекеттік мекемесінің есігінен аттағаннан-ақ самал желмен тербелген әсем гүлдер, жайқалған саялы талдар, жеміс ағаштары, сүйкімді иісі танауды қытықтаған балғын жоңышқа, жүйектерді қуалап, сылдырай аққан су мұнда шаруасына мығым иесі барын білдіреді. Тал көлеңкесіне құрылған ыңғайлы баспаналарда тыныстап отырған қызмет алушылар өзара әңгіме-дүкен құруда.
Орталық басшысы Жаңабай Жәкеновпен тілдесу барысында біраз жайтқа қанықтық. Кезінде ірі шаруашылықтың тізгінін ұстап, ауылдық округ әкімі, кент әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Жаңабай Бекмағанбетұлы шын мәнісінде, өз жұмысына тиянақты, өмір жолында мол тәжірибе жинақтаған басшы.
Мұнан тура үш жыл бұрын мекемені көркейту және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 26567,0 мың теңге қаржы бөлініп, аулаға тас жолдар төселіп, бордюрлер орнатылып, қоршаулар, шартақтар жаңартылып, демалуға арналған алаңдар жасалынды. Өткен жыл да табысты болды. Оны емдік шынықтыру құралдарының барлығы жаңартылғаннан байқау қиын емес.
Орталықта 18 жастан асқан қамқорлықты қажет ететін I және II топтағы психикалық ауытқуы бар мүгедек жандарға үй жағдайына жақындатылған жағдай жасалған. Қазалының жаз айында тәніңді шоқтай қаритын қапырық ауасы мұнда біліне бермейді. Қызмет алушылардың жақсы демалуына мүмкіндік бар.
– Мұндағы әрбір қызмет алушының қоғамдағы жаңалықтар, өзге де хабарлардан құлағдар болуы, кино көруі назарға алынып, әр бөлмеге «Отау ТВ» қосылған қабырға теледидары, желдеткіш қойылған. Бекітілген ас мәзіріне сай тәулігіне 5 мезгіл тамақ беріледі. Дәрігердің тағайындауымен қызмет алушылар ем-шараларын уақытылы алып, ата-анасы, туыстарымен кездесіп тұрады. Бұл үшін арнайы даярланған бөлме ұйымдастырылған. Мекен-жайы, телефон нөмірлері жазылған байланыс журналы апта сайын қадағаланады. Қызмет алушылардың туыстарымен байланыста болуы назарға алынған. Орталықта 4 үйірме жұмыс жасайды. Аудан орталығына, қала сыртына саяхаттап демалуға шығарылады. Мұндағы әрбір жұмысшы-қызметкерлер өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды. Мүгедек жандарға қалтқысыз қызмет ету қажеттілігін біз жақсы сезінеміз, – дейді мекеме директоры Жаңабай Жәкенов.
Директордың сөзінен жыл басында қызмет алушылардың аудандық емхана дәрігерлерінің қатысуымен түгелдей медициналық байқаудан, барлық сараптамалық тексеруден өткізілетінін, тексеру нәтижесінде анықталған науқастар диспансерлік есепке алынып, емдеу-сауықтыру шаралары жасалатынын білдік. Қызмет алушылардың қатысуымен түрлі мәдени іс-шаралар да жиі өткізіліп тұрады екен. Өткен жылы «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» мерекесіне орай медициналық-әлеуметтік мекемелер арасында ұйымдастырылған спартакиадада шахмат пен арқан тартудан, жеңіл атлетикадан жеңімпаз атанса, волейбол мен үстел теннисінен жүлдегерлер қатарынан табылыпты.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |