Әупірімдеп 25-ші мамырды да өткіздік. Алда сынақ. ҰБТ. Биыл елімізде 140 000-нан астам түлек алтын ұя мектебімен қоштасып жатыр. Олардың 77 000-нан астамы 11 жылдық білімдерін тексеретін сынақ Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге қатысуға шешім қабылдаған. Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің де басталуына бірнеше ғана күн қалды. Жас түлектердің жүрегінде үлкен қобалжу, қорқу бар.
Сондай сезімдер менде де жоқ емес. Себебі, өзім де биыл «Биссмилляһ» деп үлкен өмірге қадам басқалы жатырмын. ҰБТ десе барша баланың, әсіресе мектеп бітіруге уақыты таяған оқушылардың көңілдері алабұртып, болашағына алаңдап, осы сынақтан сүрінбей өтулерін тілеп уайымдайды.
Кей балалар ҰБТ-ны болашағымды шешеді, алдағы өмірім осы сынаққа байланысты десе, кейбіреулері жай ғана мектебінде оқу тоқсаны аяқталарда алынатын тест секілді қабылдайды. Иә, меніңше бұл екі нұсқа да дұрыс. Ұлттық Бірыңғай Тестілеуді жақсы тапсырып, жоғары балл алып, өзің қалаған оқу орнына арманыңдағы мамандығың бойынша тегін білім алған кімге жаман дейсің?! Алайда, өмірде тек жақсылықтардың, қуаныштардың болуы мүмкін емес. Бәлкім сенің жолыңда да түрлі қиыншылықтар күтіп тұрған болар. Мүмкін сен қанша күні-түні ұйықтамай оқысаң да достарың секілді тегін білім алудың иегері бола алмаған шығарсың, бірақ бұл соңы деген сөз емес!
Байқап қарасақ, мектепте жақсы оқығандар осы сынақтан өте алмай қалып жатады. Ал оқу үлгерімі онша көңіл қуантпайтын оқушылардың өзі ҰБТ-дан жоғары баллды жинап, грантқа оқуға түскенін аңғарып жатамыз. Демек, өмірде бәрі тосыннан болуы мүмкін.
Есіңде сақта! ҰБТ-мен өмір бітіп қалмайды. Сен ҰБТ-дан құласаң ол өмірден құладың деген сөз емес. Керісінше, сенің нағыз қызықты, қуанышты, бақытты күндерің енді басталды. Айтарым, Алла бізді ҰБТ деген сынақтан құлатса да, өмір деген үлкен сынақтан құлатпасын! Бізге маңыздысы осы! Сондықтан қобалжымай, қорықпай, барлығын бір Аллаға аманаттап, тек жақсы ойлар ойлап Ұлттық Бірыңғай Тестілеуді табысты тапсырып шығайық, түлектер! Алдағы үлкен өмірлеріңізге сәттілік тілеймін, достарым!
Жәния Төребекова,
107 мектеп
Дүр Оңғар ауылы