ҚОС ПАЛУАН, ҚАЙСАР АҚЫН

Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан барысы-2011» турнирінің алтын, «Қазақстан барысы-2014» турнирінің қола белбеу иегерлері, ағайынды балуандар Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақовты, өмірмен қайсарлықпен күресіп, талантты жырларымен оқырман қауымнан оң бағасын алған ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымды қабылдады. Оларға жұртшылық атынан ризашылығын білдіріп, облыс орталығынан жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді.

Облыс басшысы бүгінгі таңда республикалық деңгейге көтерілген турнир 2010 жылы алғаш рет Қызылорда қаласында облыстық деңгейде тәжірибелік негізде өткізілгенін атап өтті. Осылайша бұрыннан қалың қазақтың құтты қонысына айналған өркенді өңір өзгеге өнеге көрсете білді. Республикалық деңгейге шыққан алғашқы жылда да қызылордалық Ұлан Рысқұлдың бабы мен бағы қатар шауып, қазақ күресі дегенде түн ұйқысын төрт бөлетін тәмам елдің үміт күтетін үздігіне айналды. Биылғы турнирде де сол дәстүрді лайықты жалғастыра білген Руслан Әбдіразақов жеңімпаздар қатарынан көрініп, Сыр өңірінің атақ-абыройын тағы бір мәрте асқақтата түсті.

– Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған турнирге еліміздің барлық өңірінен мықты балуандар жиналды, – деді облыс басшысы жұртшылық алдында. – Барлығы да бас жүлдеге қол созуды қалайтын талапты өрендер екені белгілі. Дүбірлі додаға дзюдо, самбо және қазақ күресінен әлемдік және құрлық біріншілігінде топ жарып жүрген балуандар келді. Солардың арасынан озық шығып, жүлделі орыннан көрінген Русланға зор ризашылығымызды білдіре кеткеніміз артық емес. Сыр жұртшылығы өздері үкілеп қосқан үздіктеріне үлкен үміт артты. Жерлесіміз сол сенімнен табыла білді. Қызылорда қалың қазақ қоныс еткен киелі мекен. Біздің өңір әрдайым ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өзгелерге үлгі көрсетуге көңіл бөледі. Облыста қазіргі таңда қазақ күресімен шұғылдануға ынта білдірген өрендердің қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

ҚОС ПАЛУАН, ҚАЙСАР АҚЫН«Қазақстан барысы-2011» турнирінде топ жарған Ұлан Рысқұл 1986 жылы дүниеге келген. Ол он жасынан бас­тап спортпен шұғылданады. Дзюдодан ел біріншілігінің үш дүркін чемпионы, самбодан да көптеген жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді. Руслан 1988 жылы өмірге келіп, күрес өнерімен бала кезінен айналысқан. Көптеген күрес түрлерінен халықаралық және республикалық жарыстарда мерейі үстем болды.

– Мен аталмыш жарысқа алдыма үлкен мақсат қойып аттанған едім. Бас жүлдеге қол созсам деген мақсатым болды. Соған тынбай тер төктім, тыңғылықты дайындалдым. Әрине, жарыста бәрі де кездеседі. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының балуаны Мұхит Тұрсыновтың жолы оңғарылды. Алдағы уақытта биылғы қателігімді қайталамай, өз жерлестерімді үлкен қуанышқа бөлеуге бар күш-жігерімді саламын, – деді Руслан ағынан жарылып.

Облыс басшысы қос балуанның да алдағы уақытта үлкен жетістікке қол жеткізуіне тілектестігін білдірді.

ҚОС ПАЛУАН, ҚАЙСАР АҚЫННұрмұхаммед 1978 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. Бала жасынан оған ДЦП-ның ауыр түрі диагнозы қойылған. Өмірдің тауқыметі маңдайына жазылса да, оған ешбір мойымастан қайсарлықпен күресіп келеді. Осындай жігерлілігі арқасында 2010 жылы «Тағдырымның жанары» атты жинағын оқырман қауымға ұсынды. 2011 жылы ол мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Самғау» сыйлығына ие болды.

Облыс басшысы Нұрмұхаммедтің қайсарлығы, жігерлілігі, өжеттігі әрбір азаматқа үлгі болатынына тоқталды. Кейбір азаматтар өмірдің болмашы қиындығына төтеп бере алмай, сағы сынып, салы суға кетіп жатады. Ал Нұрмұхаммед сәби кезінен қол-аяғы қозғала қоймаса да, өзінің ынтасы арқасында әріп үйреніп, өсе келе өзінің қиялындағы өлең жолдарын ұялы телефонға түсірді. Соның нәтижесінде оқырман қауымға толымды туындысын ұсынып үлгерді. Өз кезегінде Н.Әбілқасымов аймақ басшысының ағалық қамқорлығына алғысын білдірді.

Әділжан ҮМБЕТ.
ҚОҒАМ 03 шілде 2014 г. 971 0