“АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫ” АШЫЛДЫ

Кеше облыс орталығында 200 орындық «Ана мен бала» орталығы халық игілігіне пайдалануға берілді. Салтанатты жиынға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, орталықтың ұжымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ардагерлері! Баршаңызды ең алдымен еліміздің төл мерекесіне айналған Астана күнімен құттықтаймын! Ана мен баланың денсаулығын қорғау –бұл еліміздің болашағын қорғау. Қазақ елі дамуындағы стратегияны жетілдірудің басты құралы. Президент Н.Назарбаев өз Жолдауында «Біз ананы қолдап, қорғауымыз керек. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығының қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туылған кез келген сәби қазақстандық, сондықтан мемлекет оны қамқорлығына алуы тиіс» деп ерекше атап өткен болатын. Бүгінгі ашылып жатқан орталық осы игілікті істің бастауы деп білемін. Сол себепті де, орталықтың жұмысына және ұжым қызметкерлеріне сәттілік тілеймін», – деді аймақ басшысы.

“АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫ” АШЫЛДЫМұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов және медицина саласының ардагері Ақмырза Сыздықов Астана күніне орай ашылған ғимараттың лентасын қиды.

Айта кету керек, 2008 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша қолға алынған перинаталдық орталықтың құрылысы 2011 жылы аяқталуға тиіс болатын. Алайда, белгілі себептермен құрылыс жұмыстары тоқтап қалып, алты жылдан соң іске қосылуда. Десек те, ендігі жерде бұл орталық әйелдер мен балаларды мамандандырылған арнайы стационарлық көмекпен және диагностикалық кеңеспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, неонатология, анестезиология, реаниматология және гинекология саласы бойынша қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, мұнда алдағы уақытта жасанды ұрықтандыру бөлімі мен генетикалық орталық ашу және неоанталды хирургияны дамыту көзделіп отыр.

“АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫ” АШЫЛДЫЖалпы, аймағымызда денсаулық саласын дамыту мақсатында 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітіліп, оған облыстық бюджеттен 4,4 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда аталмыш салада ілгерілеу бар. Мәселен, соңғы 2 жылда өңірде ана өлімінің көрсеткіші 30 пайызға, сәбилер өлімінің көр­сеткіші 27 пайызға төмендеген. Жыл сайын халық саны 4 пайыздың көлемінде өсіп келеді. Яғни, алдағы 7-8 жылдың ішінде аймақ халқының саны 1 млн.-ға жетеді деген болжам бар. Сонымен қатар, соңғы үш жыл көлемінде 39 медициналық нысан пайдалануға берілсе, биылғы жылдың өзінде 18 жаңа нысан халық игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңірдің денсаулық сақтау саласында даму сипаты қарқын алып келе жатқандығын білдірсе керек.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 03 шілде 2014 г. 4 346 0