АНА ҚҰШАҒЫ САҒЫНЫШ

Соғыстан соң үш жыл өтіп, ел есін енді жинай бастаған тұста Бисенкүл апа мен Қасен аға шаңырақ көтеріп, отау құрды. Ұят пен инабатты берік ұстанған қожа әулетінен шыққан жас келіншек табын Ақмырза шал мен Молшылық апаның шаңырағына шаттық ала келді. Қанды қырғыннан кейінгі жоқ-жұқа уақыт еді. Бисенкүл үшін дүниеауи нәрселердің маңызынан ата-ене мен күйеуінің бабын табу алдыңғы кезекте тұратын. Адамдардың да пейілі кең, қанағат пен шүкірінен танбаған кезең еді бұл. Бірінің аузындағысын бірі үзіп жеп, жарасымды жұп атанған жас отбасының қоңырқай тірлігі жалғасып жатты.
Қасен аға да бір кіндіктен жалғыз болатын. Жаратушының жарылқағаны болар, «келіннің аяғынан» дегендей, екеуі бірге ғұмыр кешкен ширек ғасыр уақыт ішінде төрт қыз, үш ұлды дүниеге әкелді. Молшылық апаның үйі баланың,сырты малдың дауысына толып, расымен де молшылық орнады. Бұл сонау, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезі еді. 
Балалар әкесін қазақы дәстүрге сай көке дейтін. Жалғыз боп өскен Қасен аға «сендермен көппін» деп үйде кішкентайларды қатты еркелететін еді. Өзі құрылыс саласында түрлі қызметте болып, қайда да тапсырылған істі абыроймен атқарды. Қаламызда ертеректе салынған ғимараттардың талайында Қасекеңнің қолының табы, жүрегінің лүпілі бар десек, артық айтқандық болмайды. Жақсы маман қашанда жауапкершілік жүгін бірінші болып арқалайды ғой. Жұмыстан шаршап кеш қайтқанда үйінде күліп қарсы алатын жары, құшақтап мауқын басатын балалары жүгіріп шыққанда күнұзынға созылған ауыр бейнеттен түк қалмайтын. 
Шын бақыттың ғұмыры қысқа болып жатады. Алла тағаланың хикметінде шек жоқ. Пендесінің «неге олай, неге бұлай» деуі күпірлік болар еді. Қасен аға 1973 жылдың қысында қырық күндей ауырып, төртінші мүшел жасында дүниеден өтті. Шиеттей бала-шағаның бар ауыртпалығы қырықты енді алқымдаған сақа келіншек Бисенкүлге қалды. Қалай десек те, ер-азаматтың орны бөлек. Балалардың алды енді қаратұяқ бола бастаған, «қызығын енді бірге көреміз» деген тұста жазмыштың дегені болды. 
Бүгінде бәрін айтуға ғана оңай. Болмаса, ерін бауыры суық қара жердің қойнына тапсырған күннен Бисенкүл апаға түскен ауыртпалық еселене түсті. Балалардың алды ес біліп, етегін жауып үлгірді. Киімін бүтін, тамағын тоқ етіп, қатарынан кем қылмай жоғары оқу орнына түсіру міндеттері тұрды ананың алдында. «Құдай салды, мен көндім» деп еңбектен бел шешпей, күні-түні бейнеттің ортасында жүрді. 
«Анасы бар жетім–мас жетім» деген қазақта керемет сөз бар. Көкесі дүниеден озғандағы баланың кенжесі тоғыз жасар Болат та ат жалын тартып ержетті. Әке жолын қуып құрылыс саласының оқуына түсті. Бұл кезде құдай берген жетеудің кішкентай кездерінде шетінеп кеткені бар, отбасында Көптілеу, Тұраш, Алтын және осы Болат бар еді. Тумысынан қайсар мінезді анасы бөбектеріне жетімдік көрсеткен жоқ. Рет-ретімен қолғанаттары өмірден өз орындарын тауып жатты. Бисенкүл апа 1986 жылы құрметті еңбек демалысына дербес зейнеткерлікке шықты. 
Осыдан екі жыл бұрын Бисенкүл апаның мерейлі 80 жасқа толу мерекесін балалары дүркіретіп тұрып тойлады. Ақпейіл адамдардың ақеден көңіліндей, сол күні даланы алғаш рет ақ қар жапты. Тілек алған тойшыл қауым осы көріністі Бисенкүл апаның риясыз ақ көңіліне теңеді. Табиғат ана да шынымен сол қуанышты сәтті ақ көрпемен көмкеріп, сый жасағандай ақжарқын кейпін танытып еді. Той үстінде айтыс ақындары Мұхтар Ниязов пен Айдос Рахметов Бисенкүл апаның өмір жолы мен балаларға берген тәлімін жырға қосып, кештің шырайын келтірді. Асылы, ақындық дегеніңіз де осы анаға, қызға арналған өлеңнен бастау алған ғой. Кеш үстінде апайдың қызы Алтын жүрекжарды сөзін өлеңмен кестелеп арнау жырын оқыды. Көңілді босатып, өткенді еске түсірді. Жамағайын қуаныштан көздеріне жас алды. Бұл күні ағайын-тума, құда-жекжат, дос-жаран ақ тілектердің тиегін ағытты. 
Бала күннен масақ теріп, бойжеткен шағынан ер көтерер жүкті арқалап бейнетпен жетілген Бейсенкүл апаның қимыл-қозғалысы ширақ болатын. Той үстінде немерелерімен «Қара жорғаны» нашына келтіре билеп жиналған дүйім елді таңғалдырды. Өмірге асық жанның шын қуанышы еді бұл.
Уақыт, шіркін, бір орнында тұрған ба? Тұрлаусыз уақыт дейтініміз де сондықтан ғой. Ал енді, осы тұрлаусыз уақыттың бақыты неде сонда? Оның бар баяны мәнді өмір сүріп, соңыңда сол ізді жалғайтын ұрпақ қалдыру болар. Шалының өмірден ертерек озғаны болмаса, Бисенкүл апа бұл тұрғыдан алғанда бақытты жан боп өтті өмірден.
Неге өткен шақта айтып отырмыз? Бисенкүл Нұрбабақызы өткен жылы фәни жалғаннан бақи жалғанға көш түзеді. Сырт көзге құр аттай шауып жүргендей көрінгенімен, бар бейнетті бір басынан өткерген кәрі жүрек сыр берді.Үлкені Көптілеу 1992 жылы науқастан дүниеден өтті. Өзі жанындай жақсы көріп, кішкенесінен бауырына басқан немересі Айдос 2007 жылы жаз айында қапияда кісі қолынан жиырмаға толған қыршын жасында мерт болды. Соңғы қайғы ананың бауырын езіп, жан дүниесін астаң-кестең етіп, тым ауыр тиді. «Балаларымның алдында кетейін» деп тілек еткен ана, бәлкім, олардың көкелеріне асыққан да болар. Қасен аға да кемпірінің 80 жылдық мерейтойының өтуіне мәулет беріп, тағатсыздана күткен секілді. Екі аруақ 39 жылдық үзілістен соң қайта табысып жатқан да шығар-ау. Биыл Қасен ағаның да о дүниелік болғанына қырық жыл толып отыр.
Бір әулеттің жалғызы саналған Қасен ағадан өргендерді тізбелесек, Тұраш, Алтын, Болаттан тараған тоғыз немере, үш шөбере өсіп келеді бүгінде. Көргенді ұрпақ атаның көзін көрмесе де, әженің аялы алақанын, жүрегінің жылуын сезіп өсті. Олар мұны, сірә да, ұмыта ма?
Әуелден жат жұрттық боп жаратылған қос қыз Тұраш пен Алтын – ұябасар Болаттың үйі, аналарының орнына жиі келіп тұрады. «Демалып отырмайсыз ба» дегендеріне қарамай, тыным көрмейтін ана үйдің бір бұрышынан шыға келетін тәрізді. Беттерінен сүйіп, амандық-саулық сұрайтын секілді көрінеді де тұрады.
Тоғыз жасар Болаттың жадында әке бейнесі толық сақталған. Тек жігіт болған шағында әкемен сырласу бақыты ғана бұйырмапты. Ол да соны арман етеді кейде.
Бисенкүл апаның мәңгілік сапарға бет түзегеніне де жылға жуық уақыт болып қалды. Жоғарыда сағынған, іңкәр жүректің бәрінен ән мен жыр шығатынын айтып едік. Анасының 80 жылдық мерейтойында арнау өлең оқыған қызы Алтынның жүрегін жыл өткенде сағыныш буып былайша өлеңге айналыпты:
Сізсіз өмір, барады жыл айналып,
Тұнығым да кеткендей лайланып.
Өзгелерге көрсетпей көз жасымды,
Сығып алам, сағынсам былай барып...
Өлең осылай жалғаса береді. Сағыныш, қимастық, ананың ыстық құшағы...
Мағжан ҚАЗАҚБАЙҰЛЫ.

ҚОҒАМ 26 қазан 2013 г. 2 345 0