Ауылда әлеуметтік желіге үңіліп отыратын уақыт аз. Оның үстіне интернет алыстағы елді мекендерді қамти қойған жоқ. Сол үшін қалаға келе салысымен, бірінші кезекте әлеуметтік желідегі парақшаларымды тексеремін. Қарасам, «Инстаграм» желісінде бейтаныс жігіт жүзден аса суретімді қарап, лүпіл басқан. Өзінен хат та келіпті.
–Сәлем, сұлу қыз! Таныссақ бола ма? Әдемі болсаң да, есімің баяғы заманша екен, – депті ол. Жай ғана жымидым да, өшіре салдым. Сондағы айтпағы, «Айғаным» деген есімім.
Балаға ат қою – әлімсақтан-ақ үлкен маңызға ие. Сәбиге мағыналы есім таңдау – ата-ананың міндеті. Тіпті, ғалымдар адам есімінің оның тағдырына тікелей әсер етуші фактор екендігін айтуда. Қазақ әу бастан-ақ ырымшыл халық емес пе?! Алысқа бармайын, менің отбасымда ырымдап ат қою кең тараған. Атам көпті көрген кісі болғандықтан, мағыналы есім қоюға тырысады. Мысалы, әулетіміздегі ер жігіттердің есімдері – Батырбек, Қаһарман, Қамбар, Сандыбай. Бұлар айбатты, ержүрек, ешкімнің көзіне тіке қарауға жасқанбайтын батыл болсын деген мақсатпен қойылған.
Өнер атты құндылық қашанда халықтың ұлылығын ұқтырады. Осы өнерге, оның ішінде ән-жырға құмар болсын деп, атам балаларының атын Құрманғазы, Тайжан қойған. Ал, қыздарына тал бойынан сұлулық пен зеректік үйлесім табатын Айғаным, Айгерім, Нұрғаным, Айман, Шолпан секілді арулардың есімін берген. Атам – сегіз қаракөздің әкесі. Шаңырағымызда ер балаға қарағанда бойжеткендер басым. Атқамінерлер көп болсын деп, қыз балалардың есімін ырымдап атаған Ұлжан, Ұлсары деген есімдер де бар. Алайда, «Көргені бар көргенін істейді, көргені жоқ ойына келгенін істейді» деген тәмсіл ойға оралады. Расында солай. Бүгінде балаға ырымдап ат қоюдағы бағытымыз бұрылып барады. Жөн-жоралғылардың жоғалып, дәстүрдің дәріптелмеуіне түрткі болатын да осы дүниелер. Телесериалдарды тапжылмай көретіндер аз болғандай, сондағы есімдерді қазақ балаларына қою белең алуда. Құмырсқадай қаптаған мұндай есімдер рухани жаңғыру жолындағы кедергі. «Аты бұзылған елдің заты да бұзылады». Жүрегі елім деп соғатын әрбір азамат есім қоюда салғырттық танытпағаны абзал. Ұлтыңның қазақ екені есіміңнен сезілуі тиіс. Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі, өткендерін жек көрген – өшкендіктің белгісі. Ұлттық санамыздың көкжиегін кеңейтіп, кемел болашаққа бет бұру жолында жаңылмауымыз керек.
Айғаным
ҚҰРМАШЕВА,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың 3-курс студенті.