Қазақ әдебиетінің бастау бұлағы саналатын «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жырлар ежелден халқымыздың қанына сіңген, сонау жаугершілік замандарда жұртымыздың жігерін жанып, рухын көтерген жасампаздық үлгісі десек, артық айтқандық болмас. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын арқау еткен «Qazaq Epos» республикалық қоғамдық қоры «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастырып отыр. Аталған жобаға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, «Хабар» агенттігі, сол сияқты жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетеді.
«Тұлпар мініп, ту алған» байқауының мақсаты өскелең ұрпақты халқымыздың рухани асыл мұрасымен сусындатып, елдік пен ерлік, батырлық пен байыптылыққа баулып, отаншылдық рухта тәрбиелеуді көздейді. Осыған дейін, яғни жобаның алғашқы кезеңінде «Алпамыс батыр» жыры еліміздің айтулы азаматтарының қатысуымен ауыздан ауызға көшіп, кең көлемде насихатталғаны баршамызға белгілі. Ал биыл «Қобыланды батыр» жырын жаттау ұсынылып отыр. Алдын ала берілген ақпараттарға сүйенсек, байқауға республика бойынша 6-10 сынып оқушылары қатысады. Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасының ішінен таңдалып алынған «Марабай жырау» нұсқасын (107 бет) жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген сөздердің мағынасын ашумен бірге, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
«Жоба аясында 107 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын еліміздегі 5 мың мектептен 50 мың оқушыға толық жаттату көзделген. Ал осынау тарихи жетістікті Гиннестің рекордтар кітабына енгізу мақсатында өтінім беру де жоспарда бар. Байқау сұрақтары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Алматыдағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп әзірленеді. Ал қазылар алқасын жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Qazaq Epos» қоғамдық қоры жасақтайды.
Байқаудың аудандық кезеңінде 1-орын үшін 150 мың теңге, 2-орынға 100 мың теңге, 3-орынға 50 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде тағайындалып отыр. Облыстық кезеңде 1-орын үшін 1 миллион теңге, 2-орынға 600 мың теңге, 3-орын иегеріне 300 мың теңге сыйақы берілмек. Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылардың мұғалімдеріне де ақшалай жүлде қорын тағайындау әрі біліктілік санатын көтеру де ескерілген» деп жазады «Egemen Qazaqstan» газеті.
«Qazaq Epos» қоғамдық қорының облысымыздағы өкілі, әріптесіміз Дәурен Омаровтың айтуынша, бүгінге дейін байқауға қатысуға аймақтан 2724 оқушы, 1384 мұғалім өтініш білдірген. Қазір байқаудың аудандық кезеңі басталып кетті. Алдағы қыркүйекте іріктеу кезеңі өтетін болады. Сондай-ақ, ол аталған байқаудың отаншылдық рухын оятумен қатар, жасөспірімдердің есте сақтау қабілетін арттырып, халқымыздың шұрайлы тілін терең тануға мүмкіндік беретінін айтады.
Ғазиза ӘБІЛДА.