ШАЛТ ҚИМЫЛДЫ ЖӘНІБЕК

ШАЛТ ҚИМЫЛДЫ ЖӘНІБЕК

Телеарнадан қызу пікірталасты көрсетіп жатыр. Шетелде білім алып келген жастардың бірі журналист болу үшін арнайы оқудың қажеті жоқ деген ұстанымнан тас-табан айырылмайды. Болса да бірнеше жылға созылмай, қысқа курс сияқты үш-төрт айдан аспағаны дұрыс дейді. Ол шетелде журналиске арнайы оқымайтынын алға тартады. Оған қарсы пікір білдірушілер бүгінгі қазақ журналистикасын қалыптастырған айтулы тұлғалардың басым бөлігі Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлектері екенін айтады. Арнайы білім алмаса осындай дәрежеге жете алар ма еді. Өз басым соңғыларының пікіріне толық қосыламын. Арнайы бiлiм алғанға не жетсін?! Олар сонымен бірге бүгінгі журналистикаға басқа саладан ауысып келіп, жап-жақсы нәтижеге жетіп жатқандар бар екенін де жоққа шығарған жоқ. Бұл да рас сөз. Шынымен де басқа мамандықта нан тауып жеп жүріп, қаламды серік қылған, уақыт өте келе ақпарат саласынан табылатындар аз емес. Оларды қызығы мен қиыншылығы басым салаға бейімділігі, қабілеттілігі, білімділігі, өмірлік тәжірибесі, қоғам алдындағы азаматтық парызы секілді өзге де ізгі қасиеттері алып келгенін мойындауға тиіспіз.

Бүгінде облыстық "Кызылординские вести” басылымында еңбек етіп жүрген Жәнібек Исаевты солардың қатарына сеніммен жатқызуға болады. Отбасында он баланың кенжесі болып өскен Жәнібек біраз жас­ты артқа тастап, ақпарат саласына ауысқанда бауырларының бірі қалмай "ең болмаса біреуіміз әкеміздің жолын жалғастыратын болдық” деп шын ниетiмен қуанған еді. Енді қалай дейсіз, кезінде тек облысқа ғана емес, республикаға, тіпті одаққа белгілі болған Мырқы Исаевтың балаларының бірі журналист болып, әке жолын қуып жатса, қалайша қуанбасқа?! Кешегі кеңестік кезеңде "ақмылтық” деп аталып кеткен Мырқы Исаев ағамыздың сол уақыттағы қоғам кемшілігін аямай көрсеткен сын мақалаларын байырғы оқырмандар әлі күнге дейін ұмытпай, еске алады. "Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік” деп осындайда айтылған-ау шамасы.

Жәнібек біраз салада еңбек етті. Инженер-механик мамандығын ал­ған ол сондай-ақ кәсіби әскери қызметкер. Екі жыл әскери борышын өтегеннен бөлек, шекара әскери бөлімінде келісім-шартпен жеті жыл қызмет жасады. Ол сонымен қатар құрылысшы-монтажник. Өңірде ке­зін­де аты дүрілдеген "Казхиммонтаж” құрылыс-монтаж мекемесінде де еңбек етті. Ал газетке дейін жұмыс істеген жері қаладағы колледждердің бірі. Колледжде оқытушылықпен қатар директордың орынбасары қызметін атқарды.

Ол үнемі әртүрлі тақырыптарға қалам сілтеп тұрғанды ұнататын. Орыстың белгілі сатиригі Жванецкийдің жазған дүниелерін қатты ұнатып, оны аударып, редакцияға апарғаны есінде. Әскери қызметте жүргенде шекарашылар өмірінен жазған мақалалары жарық көріп жатты. Қазақ мектебін бітірген Жәнібектің ана тілімен қатар орыс тілінде еркін жаза алатын қабілеті байқалды. Осылайша колледжде жүргенде облыстық "Кызылординские вести” газеті аудармашы іздейді деген хабарландыру көңілін алаңдата берді. Біраз күн іштей ойланып-толғанып жүрген ол басылымның аудармашы таңдауға ұйымдастырған конкурсына қатысу туралы ақырғы шешімге тоқталды. Үміткерлер көп қатысқан байқау қорытындысы шығарылғанда оның жасаған аудармасы үздік деп танылды. Редакция басшылығы мақала тек жолма-жол сөздермен ғана аударылмағанын, аудармашы өз ойларын шеберлікпен кірістіріп, мақаланы барынша байытқанын атап өтті. Осылайша Ж.Исаев "Кызылординские вести” газетіне аудармашы-тілші қызметіне қабылданды. Сонымен журналистік өмір басталып кетті.

Жәнібек жаратылысы шалт қимылды, жылдам қозғалатын, үнемі жинақы жүретін жан. Осындай қасиетімен газеттің қат-қабат жұмысында бірнеше тапсырманы қатар алып, оларды бітіріп тастағанша зырылдап жүргенін байқаймыз. Алғашқы кезде аудармалармен отыр­са, одан соң арнайы тапсырмалармен де шыға бастады. "Казхиммонтажда” жүргенде облыстың күрделі құрылысы саласындағы көптеген нысандарда болса, енді тілші ретінде аймақтың түкпір-түкпірін аралайтын болды. Мұнай кеніштерін талай аралады. Жас кезінде әкесінің жанкешті еңбегіне сан мәрте куә болғаны бар. Бірде іссапардан келе сала ескі мәшенкесін тықылдатып түнімен мақала теріп шықса, келесі күні бас­паханада кезекшілігін атқаруға кететін. Қазіргі күні ондай теру құралдарын мұражайдан ғана көресіз, сондай-ақ баспаханада кезекшілік жасаудың да қажеттілігі жоқ. Қазір жұмыстың көпшілігі компьютермен атқарылады. Бұрынғы кезбен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей, жұмыс процестері әлдеқайда жеңілдетілген. Солай бола тұрса да, тілші қызметінің ауыртпалығы жетерлік. Кейде таң бозара іссапарға аттанып, журналистер тобымен бірге Еуропаның кейбір мемлекеттерінің аумағынан үлкен болмаса, кіші емес облыстың біраз бөлігін аралап қайтуға тура келеді. Кеш оралғаныңмен қоймай, түн ортасына дейін мақалаңды дайындап беруге тиістісің. Кешегі болған жаңалықтар мен оқиғалар немесе Сыр елінің игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайы ертеңіне оқырман қолында болуы керек. Бүгінде "Кызылординские вести” газеті жауапты хатшысының орынбасары болып жүрген Жәнібек тек секретариаттың жұмысымен отырып қалмайды. Тапсырмалармен жиі шығып тұрады және бір сала тақырыбымен шектеліп қалған емес.

Қым-қуыт тілші қызметінде қызықты жағдайлар да орын алып жатады. Облысқа келген ресейлік атақты ғалым Абел Аганбегяннан ертеңгі нөмірге тез арада сұхбат дайындау керек деген шұғыл тапсырма түсті. Ал енді оны қолға түсіре алсайшы. "Сыр бойындағы” әріптесі Айсәуле Қарапаева екеуінің академикті сұхбатқа тартуға бір мүмкіндігі келмей қойды. Облыс әкімінің қабылдауынан кейін бірден жиналыс басталды. Жиналыс аяқтала салысымен оны келесі нысанға алып кетті. Жәнібек көлігіне Айсәулені отырғызып алып, академик тобының соңынан қуды. Нысан басында да сөйлесудің реті келмеді. Одан кейінгі аялдаған жерде де сондай жағдай. Уақыты тығыз ғалымды түскі ас кезінде мазалауға ыңғайсызданды. Қойшы не керек, қонақ үйге кетейін деп жатқан кезінде көлік ішінде 10-15 минуттай тілдесудің мүмкіндігі туды-ау, әйтеуір. Келесі күні академиктің аймақ болашағына қатысты айтқандары газет бетінде тұрды.

Ол әлі күнге дейін өзін журналиспін деп айтуға ұялады. Көптен көрмеген таныстары кездесіп жатса, баспаханада жұмыс істеймін деп айтатыны бар. Әріптестерінің барлығын құрмет тұтады, олардың әрқайсысынан бір нәрсе болса да алып, үйрене бергенді жөн санайды. Редакция тарландарының бірі Игорь Титенок ағасы секілді жоғары деңгейдегі сараптама материалдар дайындай алатын болсам деген тілегі де бар. Жәнібектің еңбекқорлығын, ізденімпаздығын білетіндіктен ондай деңгейге көтеріле алады деп сеніммен айтуға болады. Бұл сөзімізді "Кызылординские вести” басылымы бас редакторының орынбасары Игорь Корниловтың айтқандары толықтыра түседі. "Жәнібек жұмысына өте жауапкершілікпен қарайтын жан. Алған істі аяғына дейін жеткізбей тоқтамайды. Білімділігімен қоса, әрбір ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей тынбайтыны тағы бар. Бұл әкесінен жұққан қасиет болса керек. Біз ол кісіні өте принципшіл жан ретінде жақсы білдік. Ал, Жәнібек журналист ретінде ендi толысып келедi, оның баспасөзге берері алда деп санаймын.” Корниловтың айтқандарын өзгелер де толық қостайтыны анық. Осы мақала дайындалу үстінде Жәнібек Мырқыұлы "Әмбебап тілші” номинациясына ұсынылып, облыстың бірқатар журналистермен бірге облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолынан арнайы сертификат пен бағалы сыйлық алды. Оған құтты болсын айта отырып, әке жолын ақтап, жетістіктерге жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
ҚОҒАМ 28 маусым 2014 г. 961 0